Аягөздегі жылу мәселесі бірден шешілді
Аягөздегі жылу мәселесіне байланысты қала тұрғынының жасаған видеомәлімдемесі бірден шартарапқа жайылған. Онда қалада тұрғын үйлердің суық екендігін, пәтерлердегі жылудың 11-12 градустан аспайтындығы, үйде үнемі қалың киіммен жүретіндіктері айтылған болатын. Осы мәселеге байланысты бірден арнайы топ құрылып, кемшілікті жою бағытында жұмыстар басталып кеткен болатын. Ол қаладағы «Аягөз жылу» ЖШС –інің бұл тұрғыда еш әрекет жасай амай отырғандығын ашына жеткізген еді.
«Аягөз жылу» ЖШС-не қарасты «Орталық» жылу қазандығы стандартқа сай жылу бере алмай жатыр. Қазір орын алған кемшілікті анықтап, оны жою жолдары қарастырылды. Бұдан былай қала тұрғындарын «Аягөз жылу» емес, уақытша «Аягөз су» мекемесі қамтамасыз ететін болды. Қазір бу қазандығының қалт-құлт етіп қала халқына жылу беріп келе жатқанына 1975 жылдан бері 44 жылға аяқ басқан көрінеді. КЕ-10-14 деп аталатын екі, ДКВр 6,5-13 деген бір бу қазандығы тиісті нысандарына жеткілікті мөлшерде жылу бере алмай титықтап тұр. Осы уақыт ішінде жылу қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған. Шындығында аталмыш мекеме өзіне тиесілі бұл мәселеде еш қайран көрсете алмай отырғандығын ауданға келген облыс басшының орынбасары Серік Ақтанов бастаған сала мамандары анықтауға күш салды.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Қасымбекұлы қаладағы бірнеше мектептер мен балабақшалар тәрізді әлеуметтік орындарды аралап, мәселенің мән-жайына қанықты. Қазір жергілікті билік қыс ортасында орын алған бұл кемшілікті дер кезінде жоюға атсалысуда. Алайда, ескірген жылу қазандығын басынан аяғына дейін қыс ортасында жөндеу мүмкін емес.
Бірақ қазір жылу берілді. Облыс басшысының орынбасары қала тұрғындарымен жүздесіп, әңгімелесті. Өскемен, Семей, Глубокоедан келген мамандармен бірге жылу жүйесіндегі негізгі ақауы анықталып, арнайы бастамашыл топ құрылды. Қазір жылу қазандығының кіріс құбырындағы температура +60, шығыс +53 болып тұр. Арнайы құрылған жұмыс тобы орын алған кемшілікті анықтап, оны жойғаннан кейін қазір жылу қалпына келді. Видеомәлімдеме жасаған қала тұрғынымен кездесіп, әңгімелескенімізде үйіне жылу келгендігін айтты.