Риддер маңындағы қос ауылда интернет мәселесі шешілмек – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында елді мекендерді интернетке қосу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда өңірдің 234 ауылында интернет бар. Оның ішінде биылдың өзінде тағы 16 ауыл желіге қосылды. Республикалық Жол картасына сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін қосымша 123 елді мекенге интернет жеткізілмек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Риддер қаласында тұрғындардың 99,5%-ы интернетпен қамтылған. Дегенмен, әлі де байланыстың жоқтығы немесе сапасының төмендігі туралы шағымдар баршылық. Атап айтқанда, Ливино және Поперечное ауылдарында 226 тұрғын интернетсіз отыр.
Жауаптылардың айтуынша, бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілмек. Биыл қазан айында Поперечное ауылында «One Web» қолжетімділік нүктесі орнатылады. Сонымен бірге, балама шешім ретінде спутниктік интернет пен басқа да жаңа технологияларды қолдану қарастырылып отыр.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер халқымен кездесуде бұл мәселеге де тоқталды.
Сонымен қатар, жолдардағы байланыс мәселесін шешу үшін республикалық маңызы бар трассалардың бойына антенна-мачталар орнатуға өтінім берілген.
Бұдан бөлек, Риддер қаласының үш мектебіне жоғары жылдамдықты интернетке қосатын Starlink құрылғылары орнатылды.



