Қазақстан Осакадағы EXPO 2025 дүниежүзілік көрмесінде үздік деп танылды
Осакада өткен EXPO 2025 дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан павильоны ең жоғары марапатқа ие болып, басты номинация — Theme Development, яғни, «Көрме тақырыбын ашу» бағыты бойынша бірінші орынды иеленді. Бұл жеңіс 160 ел мен 9 халықаралық ұйымды біріктіріп, алты ай бойы өткен ең ірі халықаралық экспозицияның жарқын қорытындысы болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, EXPO Awards марапаттау рәсімі көрме жұмысының соңғы күндерінде өтті. Қазақстан павильоны «С» санатында ұсынылған 90-нан астам елдің ішінен үздік деп танылды. Экспозиция «Өміріміз үшін болашақ қоғам құру» тақырыбын мазмұнды әрі өзіндік ерекшелігімен аша білгені үшін жоғары бағаланды.
Көрме ашылған күндері-ақ Қазақстан павильоны жапондықтар мен шетелдік туристердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бірегей дизайны, цифрлық контенті және интерактивті форматта ұсынылуы «Өмірді біріктіру» кластеріндегі ең көп тамашаланған павильондардың біріне айналдырды. Қатысушылар Қазақстанның бай мәдениеті мен дәстүрімен ғана емес, сонымен қатар цифрландыру, технология және тұрақты даму саласындағы инновацияларымен де танысты.
Көрме жұмысы барысында павильонды шамамен 1,5 миллион адам аралады. Олардың арасында ресми делегациялар, бизнес өкілдері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус мүшелері бар. Осы алаңда тоғыз ірі іскерлік және мәдени шара өткізіліп, олар халықаралық ынтымақтастық пен идеялар алмасудың маңызды орталығына айналды.
10 тамызда қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өткізілген Қазақстанның Ұлттық күні атаулы оқиғалардың бірі болды. Бұл күні Жапониядағы EXPO National Day Hall алаңында Қазақстан Республикасының туы көтерілді. Мерекелік шараға делегацияны Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастап барды. Ұлттық күнді тойлау аясында Дүниежүзілік EXPO қонақтары үшін 3000-ға жуық көрермен жиналған үлкен мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.
Қазақстан павильонына халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары да ерекше назар аударып, оған арнап бірқатар материалдар жариялады. Қазақстан экспозициясы дәстүр мен жаңашылдықты, ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, елдің ғаламдық диалогқа мазмұнды әрі мағыналы түрде қатысуының үлгісіне айналды.
Павильон қонақтарының арасында Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Димитрий Керкентзес те болды. Ол Қазақстан павильонының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және экспозиция құрылымының терең ойластырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық көрмелерге жауапкершілікпен әрі ашық түрде қатысудың, мәдени мұра мен технологиялық прогрестің үйлесімін танытудың жарқын үлгісін көрсетті.
EXPO 2025 Osaka көрмесі кеше өз жұмысын аяқтады. Алты ай ішінде көрмені шамамен 28 миллион адам тамашалады. Қазақстанның жеңісі елдің шығармашылық және технологиялық әлеуетінің артықшылығы ғана емес, сонымен қатар жаңа халықаралық серіктестіктерге жол ашқан маңызды оқиға болды. Қазақстан павильонының тәжірибесі мен жетістіктері алдағы уақытта ірі халықаралық көрмелер мен мәдени дипломатия жобаларын дайындауда құнды негіз болмақ.

