ШҚО: «Ауыл - ел бесігі» жобасының игерілуі назарда
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үлкен нарын, Марқакөл аудандарында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаражат игерілмей тұр. Ал Самар ауданында осы бағытта қарастырылған қаржы толық жұмсалмаған. Бұл туралы облыстық әкімдікте өтіп жатқан жиын барысында аймақ басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиында Үлкен Нарын, Марқакөл, Самар аудандарының әкімдері жыл соңына дейін қаражат игерілетінін айтып, уәде берді.
Шығыс Қазақстанда 350 ауылдық елді мекен тіркелген. Оның ішінде 57 тірек және 127 спутникті ауыл бар. Бұл туралы облыстық әкімдікте өтіп жатқан жиын барысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова мәлім етті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыста 2019 жылдан бастап тірек және спутникті ауылдардағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, бес жыл ішінде 14 әлеуметтік нысан салынып, 34 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 12 білім беру, 16 денсаулық сақтау, 6 мәдениет нысаны бар. Бұдан бөлек, 55 көшеге жарық тартылған.
«Ауыл – ел бесігі» жобаларын республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері қаржыландырудың жалпы көлемі 2019 жылғы 1 миллиард теңгеден 2023 жылы 8,6 миллиард теңгеге дейін өсті.
Жиын барысында аймақ басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жауапты сала мамандарына Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентіндегі мәдениет және демалыс орталығының құрылысын ағымдағы жылдың 17 желтоқсанына дейін аяқтауды тапсырды.
Ажар Сағатбекова