KZ
Өскемен
переменная облачность жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

ШҚО-да "Татуласу орталығы" жұмысын бастады

13.01.2021, 17:57 169

Өскеменде «Татуласу орталығы» жұмысын бастады. Онда күнделікті орын алатын түрлі тұрмыстық дау-жанжалдан бөлек, отбасын ойран еткен жұптарды да қайтадан татуластыруға болады. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған. 
Жөні де жобасы да бөлек жаңа орталықтың ашылу рәсіміне облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, орталықтың жұмысымен танысты. Мұнда көрсетілетін негізгі қызметтер жайында аймақ басшысына облыстық соттың төрағасы Нұрлан Қайырбеков баяндап берді.

– Бұл жерде қызметтің бәрі азаматтарға тегін көрсетіледі. Тегін құқықтық кеңестер беріледі. Мұндағы кәсіби медиаторлар, психологтар, адвокаттар, отбасылық кеңесшілер, конфликтологтар мен өзге де мамандар азаматтық, құқықтық, отбасылық, экономикалық саладағы және еңбек саласындағы дауларды сотқа дейін жеткізбей шешуге атсалысады. Мысалы, өткен жылы облыста ажырасуға берілген арыздардардың 30 пайызы осы бітімгершіліктің арқасында сақталып қалды. Сонымен қатар медиация кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша туындаған дауларды да шешуге көмектеседі. Ең бастысы, барлық дауларды сотқа дейін жеткізбей шешуге мүмкіндік барын естеріңізге салғым келеді, бұл барлық тараптар үшін уақыт жағынан да, қаржы жағынан да өте тиімді, – деді облыстық соттың төрағасы

Аймақ басшысы осындағы кәсіби медиаторлардың, психологтардың кабинеттерін аралап көріп, олардың жұмысын оң бағалады, орталықтың алда атқаратын қызметінің маңыздылығына да жеке тоқталды.

– Біздің елімізде халық саны аз болғанымен, республикамызда және облысымызда пайызға шаққанда ажырасу фактілері өте көп. Неліктен? Не себепті? Сондықтан осындай орталықтардың жұмысының нәтижесінде көрсеткіштер жақсарады деген сенімдемін. Мына «Татуласу орталығының» жұмысы көңілден шығып отыр. Өте сауатты ұйымдастырылған. Білікті заңгерлер топтастырылған екен. Отбасын сақтап қалу дегеніміз – ол ертеңгі болашағымызды,  балаларымыздың болашағын сақтап қалу деген сөз. Бұл -  өте маңызды. Алдағы уақытта осындай орталықтарды көптеп ашу қажет. Орталық жұмысы жақсы нәтиже береді деген үміттемін, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов. 

Өскемен қаласындағы Буров көшесі, 20 мекенжайында орналасқан, заманауи жабдықталған бұл орталықта қазір бес маман күнделікті тұрақты жұмыс істейді, келем деушілердің бәріне есік ашық.
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиевтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы соңғы үш жылдың көлемінде республикада бітімгершілік рәсімі бойынша көш бастап келеді. Мәселен, былтыр облыста 26959 істің 5674-і тараптардың татуласуымен аяқталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив