Шығыстың құтқарушы-чемпионы
Облыс орталығында жуықта ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнир өтті. Жиырма төрт жауынгер күш сынасқан.
Солардың ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің туын желбіретіп шыққан бір спортшы болды. Ол – өскемендік Ерзат Сақабанов еді. Турнирде қарсылас шақ келтірмей топ жарған да – осы жігіт, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Иә, біздің чемпион азаматтық қорғау жүйесінде қызмет етеді. Өскемендегі №9 өрт сөндіру бөлімінде көлік жүргізеді. Кіші сержант. Қай-қай жағынан алғанда да, күрескер. Республика мақтанышы!
Ерзат ең әуелі гір көтерумен шұғылданған. 2013 жылы жастар арасында әлем чемпионы, кейінірек ерлер арасында күміс және қола жүлдегер атанды. Осы спорттың айналасында тоғыз жыл жүріп, толағай табысқа қол жеткізді деуге болады. Сол кезде спортшымыз жаңа бір биікке талпынса керек. Ол – жекпе-жек өнерінің шыңы еді. Тұғыры биік Тарбағатайда туған саңлақ көтере алмайтын шоқпарды беліне байламаса керек. 2018 жылы ел чемпионатының күміс жүлдегері, 2021-22 жылдары Азия әлем чемпионы атағына ие болды. Айналасы төрт-бес жылда халықаралық турнирде топ жарып үлгерді.
Ерзат Сақабановтың финалдағы қарсыласы да оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Қырғыз еліндегі ең беделді ұйымдардың біріне тиесілі белбеудің иегері болатын. Жерлесіміз де қарсыласына «талай доданы көрген сындарлы сарбаз» деп баға берді. Алайда «EFC 37» турнирінің ақтық сынында біздің жауынгер басым түсті. Әлдеқайда әбжіл, ширақ қимылдады. Өйткені оның өмірі де, өнері де шапшаңдықты талап етеді. Өйткені құтқарушының сылбыр қимылы адам өмірінің құнына пара-пар болуы мүмкін.
Бүгін – осы бір жауапты мамандық иелерінің кәсіби мерекесі. Ерзат Сақабановтың спорттағы жолы ашық болсын, ал құтқарушылар көлігінің алдында мүлде кедергі болмасын дейміз.