Несиеге тәуелділік – заманымыздың жаңа дерті ме?
Соңғы кездері қоғамда тағы бір дерт пайда болды. Жылдам несие алып, қарызға белшесінен батып жүрген жастардың саны артуда. Бір басында он бес-жиырма несиеге дейін бар студенттердің қарыздарын ата-аналары төлеп, шақшадай бастары шарадай болып жүр. Сонда бұл не? Қаржылық сауатсыздық па, жоқ әлде жеңіл пайда табамын деп ойынқұмарлыққа салынудың салдары ма немесе несие алмаса тұра алмайтын тәуелділікке шалдығу ма? Біз осы мәселелерді Шығыс Қазақстан облысы психикалық денсаулық орталығының директоры, психиатр-дәрігер Мирхат Мұқышевпен талдап көрдік.
Қарыз алдың – қайғы алдың
Психиатр Мирхат Мұқышев несие алу мен ойынқұмарлылықты бөлек-бөлек талдау керек деген пікірде.
Психиатр-дәрігер несие алуға тәуелділік туралы айтпас бұрын, алдымен несиелердің не мақсатта алынғанын анықтау қажет деп санайды. Бәлкім студент ол қаражатты бір қажеттіліктерін өтеу үшін, мысалы смартфон сатып алу үшін алды немесе одан біреу ақша бопсалап жүр. Осындай жағдайда ол бір несиені екінші несиемен жауып, үлкен қарызға кіріп кетеді. Сол кезде оның психо-эмоциялық жағдайы өзгеріп, депрессияға шалдығуы мүмкін.
Маманның айтуынша, ең үлкен қиындық ұтыс шыққан жағдайда туындайды. Бірден, оның үстіне бірнеше рет шыққан ұтыс адамды «оңай олжа табуға болады екен» деген жаңсақ ойға жетелейді. Егер алғаш ойында ұтылып қалса, мейлі жиырма мың теңгеге болсын, ол ойланады. Әрине, бұл сома өте қомақты қаражат емес, ол үшін өзіне қол жұмсай қоймас, бірақ қалтасына салмақ салары сөзсіз, ал қатарынан бірнеше рет ұтылса, ол бұл тірліктің ақымақтық екенін түсініп, тоқтауы мүмкін.
Қазір біздің өмірімізде жастарды ғана емес, ересек адамдарды дұрыс жолдан тайдыратын, жеңіл пайдадан үміттендіретін ұтыс ойындары, компьютерлік ойындар, тотализаторлар қадам басқан сайын алдымыздан шығады. Жарнамалары жарқ-жұрқ етеді, көшелердегі үлкен баннерлерден де көреміз. Тіпті технологияның дамығаны соншалықты, енді казиноға бару немесе ойын автоматтарын іздеудің де керегі жоқ. Өйткені қазір лудомания атты тұзаққа телефон арқылы да түсіп қалуға болады.
Желіден керегіңді іздеп, тіпті кино көрейін десең де, «интернет арқылы бәс», «интернет казино» деген жарнама алдыңнан атып шығады. Көрмейін десең, фильмің қосылмайды. Телефон немесе интернетке кіретін трафигың болмаса, түнімен істейтін букмекерлік орталықтар бар. Қысқасы, құмар ойындар шырмауықтай шырмап, адымыңды аштырмайды.
Бірнеше ұтыс ұтқан адам біртіңдеп осы ойынға мүлде кіріп кетеді. Өзінің жолыболғыштығына күмәнсіз сенген ол кез келген ұтысқа қатысып, бәс тігіп, мазасыз күй кешеді. Ұтылып қалса, «қалай да ұтуым керек» деп, досынан, таныстарынан қарыз алып, оларға үстеме пайызбен қайтаруға уәде беріп, ұтыс шықпай жатса, жалма-жан ақша іздеп, әуре-сарсаңға түседі. Бұл бір күнде болатын нәрсе емес. Ойынға кіргеннен кейін бірнеше ай өткенде осындай жағдайға жетуі мүмкін. Пайызы аспандап тұрған жеңіл несиелерді де осы кезде алып жібереді.
Лудомандардың портретіне келсек, мұндай адамдар тұйық, басқалармен көп араласпайды, айналасындағылар олар туралы ештеңе білмейді. Өмірде сәтсіздікке ұшыраған адам болғанымен, бір жолы болатынына сенімі күшті, сыртқы агрессияға бейім емес. Осындай топтағы жандар ойынқұмарлыққа салынып кетуі ықтимал. Өкініштісі, оның лудоман екенін жақындары тым кеш түсінеді. Туыстары онда кенеттен көп қаражат пайда болғанда, ол қайдан келді деп ойланбайды. Былай қарасаң, қоғамдағы статусы өзгерген жоқ, табысы жоғары қызметке тағайындалған жоқ. Бірақ ақша пайда болды. Қайдан келді? Оңай келген ақша желмен ұшып қайта кетеді.
Мінез-құлықты өзгертетін таблетка болмайды
Мирхат Хасенұлы лудоманиядан емделу үшін пациенттің өзінің сенімі, ниеті болуы керектігін айтады. Медикаментті тек депрессиядан шығу үшін тағайындайды, жалпы психотерапевтік сеанстармен емдейді.
«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» демекші, психиатр бір ғана сеанстан нәтиже шықпайтынын, оңалту көп уақытты қажет ететінін айтады. Медикаменттер эмоционалдық жағдайын реттеуге ғана қолданылады екен.
Мирхат Мұқышев Қазақстанда жалпы ойынқұмарлық тақырыбының зерттелуі кенже қалып жатқанын қынжыла айтты.
– Елімізде осы салада деректер мен дәйектерге сүйене отырып айтып беретін сауатты эксперттер жоқ, тәуелсіз зерттеулер жүргізетін мектеп не жүйе қалыптаспаған. Лудомания мәселесі баяғыдан белгілі болғанымен, оған тек Президент айтқанда ғана назар аударыла бастады, – дейді Мирхат Хасенұлы. Статистикаға сұйенсек, еліміз бойынша ойынқұмарлыққа шалдыққан он (!) адам ғана ресми есепте тұр. Нақты саны бұдан әлдеқайда көп екені түсінікті. Бірақ мамандарға сонша пациент қана қаралған.
Алаяқтарға профессорлар да алданады
«Іскер ісі» әлеуметтік жобасының басшысы Бибінұр Шералиева таяуда берген сұхбаттарының бірінде қаржыгер мамандығын меңгеріп жүрген үшінші курс студентінің шағын несиелік ұйымнан он төрт несие алғанын айтты. Тіпті еліміздегі беделді деген жоғары оқу орнының екі бірдей профессоры да телефон арқылы алаяқтарға алданып, екінші деңгейлі банктен миллиондаған теңге несие алып жіберген. Математика саласының ғалымдары мен болашақ қаржыгер қаржылық сауатсыз болды деуге сену қиын.
Бұл жерде әңгіме тұзаққа түсіп қалғандардың жеке басында емес. Мәселе осындай шағын несиелердің оңай берілуінде. Шағын несие беретін ұйымдар клиенттің басқа несие-қарызы бар-жоғына, оны өтеу мүмкіндігіне қарамастан үсті-үстіне бере береді.
Екінші деңгейлі банктерден несие алу оңай емес. Бірақ телефонмен хабарласқан алаяқтар ғалымдарға жіберген құжаттардың сауатты толтырылғаны соншалық, көзі ашық азаматтардың өзінде ешқандай күмән тумаған. Сол себепті мамандар адамдарға интернет алаяқтықтан сақ болуға, телефон хабарламасы арқылы жіберілген сілтемелерге кірмеуге кеңес береді.
Қазір кез келген сауда үйінің кіре берісінде ойыншықтарды ұтып алуға болатын ойын автоматтары орналасқан. Бұл – азартты ойынмен жас ұрпағымыздың милары уланып жатыр деген сөз. Дүкенге ата-анасымен еріп келген балақайлардың өздері алдымен сол жерден ойыншық ұтып көрмей, дүкенге кірмейді. Таныстарымыздың арасында балалары жолға, буфетке деп берген жүз-екі жүз теңгені осы жерге жұмсап жүргенін айтқандары да бар. Бұл проблеманы да дәл қазір қолға алып, тойтарыс бермесек, ертең санасы қазірден уланған жеткіншектерді не күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қиын.