Өскемен қаласының әкімі Солжағалау тұрғындарымен кездесіп, халықтың назын тыңдады.
Шаһар басшысы көп жылдан бері көңіл бөлінбей келе жатқан бұл ауданға өзі ғана емес, барлық бөлім басшыларын да ерте барып, тұрғындарды толғандырған мәселеге құлақ түрді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Біз қалада тұрамыз деп айтқаннан ұяламыз», «Темір жолдың ортасында қалған жеті үйге апарар жол жоқ», «Бұл районда жастарға арналған кешен жоқ, балалар ойнайтын алаң да жоқ», «Көшелердің жолы ойдым-ойдым». Аудан тұрғындары әкімге осындай назын айтты.
– Біз осы аудандағы Республика көшесінде тұрамыз. Ондағы жеті үй Шар және Алтай темір жолының ортасында орналасқан. Бізде мүлдем жол жоқ, батпақ кешіп жүрміз. Жедел жәрдем шақырсақ, тауып келе алмайды, картадан да дұрыс көрсетпейді. Маңайымыз қоқыс алаңына айналып барады. Ал қыста бізге барар жолдың бойын ешкім күремейді. Зейнеткерлер өзіміз ақша шығарып күретеміз. Осы мәселелерге бір шара қолданыңыз, әкім мырза, – деді Солжағалау тұрғыны Орташ Ұлтанбаев.
Осыдан кейін тұрғындар кезекпен сөз алып, жол салу, жастарға арналған мәдени және спорттық нысандарын салу мәселелерін тілге тиек етті. Сондай-ақ автобустың ерте тоқтап қалатыны да айтылды.
– Солжағалауға көптен бері көңіл бөлінбегенін біліп, бүгін сіздердің алдарыңызға келіп отырмыз. Сіздер ғана емес, дәл осындай мәселелер қаланың өзге де аудандарында бар. Оларға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан бүгін өздеріңіз барлық мәселені айттыңыздар. Біз тыңдадық. Енді сіздердің араларыңыздан бірнеше адамның басын қосып, комиссия құрып, осы мәселелер бойынша хаттама толтырайық. Сіздерді жұма күні қабылдаймын. Ары қарай біз бұл мәселелерді шешу жағын реттеп, ақша бөлу жағын қарастырамыз. Осылай рет-ретімен жұмыс істейік. Айтылған мәселелердің барлығы орынды, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Осылайша, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды Солжағалау тұрғындарының өздері де әкімшілікпен бірге бақылап отырады.