Өскеменде «Altai Mai» деп аталатын жаңа өндіріс орны келесі жылы өз жұмысын бастамақ.
Көкөніс майын өндіретін жаңа зауытқа қала әкімі Жақсылық Омар барып, құрылыс жұмыстарымен танысып қайтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Шаhар басшысының айтуынша, аталмыш зауыттың қаламызға берері көп. Мұнда жергілікті өнім өндіруден бөлек, 300 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетін болады.
- Компания өзінің құрылғыларын Аргентинадан, Қытайдан және басқа да алыс-жақын шетелдерден алдырған. Жаңа құрал-жабдықтар мен технология арқылы осы салада жұмыс істейтін мамандар өз деңгейін көтеруге де үлкен мүмкіндік алады деп ойлаймын. Мұндай өндіріс орнының ашылғаны, әрине, қуантарлық жағдай. Біздің мемлекеттік органдардың негізгі қызметі – осындай инвесторларға, кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету. Себебі, ол қосымша жұмыс орны, қосымша салық, қосымша табыс, - дейді қала әкімі.
Сонымен қатар, компания бұл жерде өз қаржысына спорт кешенін де салмақ. Онда зауыт жұмысшылары мен тұрғындар бос уақыттарын өткізіп, спортпен айналыса алады.
Көкөніс майын өндіретін бұл нысан бас шаhардың экономикасының өсуіне де өз септігін тигізеді деп күтілуде. Қазіргі күні өндіріс орны қалаға 17 млрд. теңге инвестиция құйыпты.
- Бізде тұқымды жуып-шаю, кептіру, сығу жұмыстары ешқандай қалдықсыз жүргізілетінін атап өткім келеді. Сондай-ақ қазандық биоотынмен жылытылатындықтан ауаны ластайтын зиянды шығындылар болмайды. Қазіргі жоспарымыз бойынша күніне 500 тонна май өндіріледі. Құрылыс жұмыстарын осы жылы толықтай аяқтасақ, келесі жылы құрылғыларды сынақтан өткізіп бастаймыз. Бәрі ойдағыдай болса, жылдың ортасында жаңа зауыт іске қосылады, - деді «Altai Mai» компаниясының басшысы Нұржан Меджанов.