KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Елдегі спорт нысандарының жайы қандай?

Фото: egemen.kz

2.08.2023, 09:45 959

Елімізде денешынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

– Бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларға қарамастан, көптеген жүйелі мәселелер шешімін тапқан жоқ. Мәселен, ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижесінде шілде айының өзінде ғана осы саладағы проблемаларға қатысты халықтан көп шағым түсетіні анықталды. Өкінішке қарай, жергілікті билік тұрғындар көтерген мәселелерді шешуге тиісті деңгейде әрекет жасамай отыр. Мәселен, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 2020 жылы жөнделген стадион құлап жатыр. 3 жыл ішінде бұл объект жарамсыз болып қалды десе де болады: футбол алаңы мен жүгіру жолдарынан бастап трибуналар мен киім ауыстыратын бөлмелерге дейін жарамсыз күйге түскен, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір вахталық кентінде спорт залы қирап қалғанын сынға алды. Бұл жағдай осы нысанға ешкім көңіл бөлмегенін көрсетіп отыр.

– Ақтөбе облысының Шиқұдық ауылындағы Теректі мектебінде спортзал жоқ. Айтпақшы, спортзалдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда да көп. Денешынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді. Сонымен қатар жұртшылық Астанадағы Ұлттық спорт университетінің және Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлық орталығының құрылысы ұзаққа созылып кеткеніне наразы. Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында біз ауқымды жұмыстар жасап келеміз. Алайда кейбір мәселелер бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке қарай, бізде денешынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ. Бұл мәселе әсіресе жергілікті жерлерде өте өзекті, – деді Премьер-Министр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу