Оқушылар күзгі демалыста неше күн демалады?
Фото: inbusiness.kz
Мектептерде бірінші тоқсан аяқталуға шақ қалды. Оқушылар осы күзгі демалыста жеті күн демалады екен.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша, күзгі демалыс 2023 жылдың 30 қазанынан 5 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды Аltaynews.kz сайты.
Сондай-ақ министрлік оқушылардың күзгі демалысты және бос уақытты тиімді өткізуі әрі тұлғалық жетілуі мақсатында «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» аясында іс-шаралар жоспарын ұсынып отыр.
Іс-шаралар жоспары мыналарды қамтиды:
- жоғарғы сынып оқушылары және ата-аналарымен бірлесіп, ғылыми-жобалық жұмыстардың мазмұнына қарай ақпараттық-танымдық сабақтар, ЖОО оқытушыларымен кездесулер ұйымдастыру, ғылыми жобалар туралы сұхбат өткізу;
- «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру аясында оқырмандармен кездесулер өткізу және оқыған кітаптарын талқылау;
- «Отбасы дәстүрлері» тақырыбында ата-аналар жиналысын, «педагог-бала-ата-ана» бірлесіп отбасы дәстүрлері туралы сұхбат өткізу;
- Қожа Ахмет Яссауидың 930 жылдығына орай оқушылар арасында «Қожа Ахмет Яссауидың даналық ілімі» тақырыбына эссе, жобалық жұмыстар жаздыру;
- балалардың ең үздік жұмыстарын атай отырып, «Өнегелі өмір» тақырыбына оқушылар арасында эссе байқауын өткізу;
- ата-аналар және оқушылармен бірлесіп салауатты өмір салты бойынша «Денсаулықтың 6 шарты – таза ауа, дұрыс тамақтану, қозғалыс, тыныш ұйқы, күйзеліссіз жақсы көңіл-күй» тақырыбына іс-шаралар өткізу;
- «Әкеге - ардақ, анаға - тағзым» тақырыбына «Жас ақындар айтысы» байқауын ұйымдастыру, жеңімпаздарды марапаттау.
Ведомство бұл іс-шаралардың білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыныс ретінде жіберілетінін атап өтті.