Қазақстанды озық елге айналдыру қажет – Тоқаев
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанды озық елге айналдыру қажеттігін айтып, бұл жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Салық және Бюджет кодекстері, Мемлекеттік сатып алу, сондай-ақ Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңаша сипатқа ие болғанына назар аударып, мұның бәрі Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр.
Президент сөзін қорытындылай келе, «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ шешімге келгенін айтып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармақшасына сәйкес Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Жиында Парламент Мәжілісіндегі «Amanat», ЖСДП, «Ақ жол», ҚХП, «Respublica», «Ауыл» партиялары фракцияларының жетекшілері сөз сөйледі. Содан кейін депутаттар Үкімет басшысының жаңа кандидатурасын дауысқа салды: 69 депутат қолдап, 7 халық қалаулысы қалыс қалды. Мемлекет басшысы Премьер-Министр лауазымына ұсынылған кандидатураны қолдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдірді.
Жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектенов сенім артқаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғыс айтып, Үкіметке жүктелген міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.