Шығыстың үздік спортшыларына құрмет көрсетілді
Шығыс Қазақстаннан еліміздің спорттық даңқын асқақтатқан көптеген атақты саңлақтардың түлеп ұшқаны бұрыннан-ақ белгілі.
Республика күні қарсаңында облыстың көрнекті спортшылары ақшалай сертификаттармен және алғыс хаттармен марапатталды. Марапатталғандардың арасында халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, отандық спорттың дамуына зор үлес қосып жүрген жерлестеріміз бар, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов бірегей мүмкіндіктер арқасында түрлі бағыттар бойынша спортшыларды дайындауға болатын өңіріміздің ерекшелігіне тоқталып, Шығыс Қазақстанда бұқаралық спортты дамытудың маңызын атап өтті.
Бүгін облыс әкімінің атынан Қытайдағы Азия ойындарының күміс жүлдегерлері байдаркашы Маргарита Торлопова, семсерлесушілер Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов, сондай-ақ қола медаль иегерлері – жеңіл атлеттер Надежда Дубовицкая мен Ефим Тарасов, еркін күрестен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Париж олимпиадасы жолдамасының иегері Азамат Дәулетбеков марапатталды.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев марапаттарды тапсыру кезінде мұндай жарқын жеңістердің өңір жастары арасында спортты барынша танымал етуге әсер ететінін атап өтті.
Ермек Көшербаев спортшыларға жарқын жеңістер мен жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуді, қол жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, жаңа биіктерді бағындыра беруді тіледі.
Өңіріміздегі спорттың дамуына қосқан үлесі мен жемісті еңбегі үшін облыстық семсерлесу федерациясының төрағасы Игорь Грязновты және облыстық грек-рим, әйелдер және еркін күресі федерациясының басшысы Марат Мұзапаровты марапаттады.
Жаттықтырушылардың қажырлы және жанқиярлық еңбегінсіз жоғары жетістіктер спортында ешқандай жеңіске жету мүмкін емес. Олардың күш-жігерінің арқасында жеңілістердің кермек дәмін татып барып, спортшылар әлемдік спорт додаларында айтулы жеңістерге жетіп жатады. Сондықтан өңір басшысы жеңіл атлет Ефим Тарасовтың, Татьяна мен Анатолий Подкортовтың жеке жаттықтырушыларына алғыс сезімін білдіріп, лайықты марапаттарын табыс етті.
Салтанатты іс-шараға қатысушылар жаңа жетістіктерге дайын екендіктерін, алдағы уақытта да қарқынды еңбек ететіндерін жеткізді. Семсерлесуші Руслан Курбанов атап өткендей, ол алдағы Париж Олимпиадасында лайықты белдесіп, ел қоржынына медаль салуды мақсат етуде.