KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СШ
523.86 544.34 5.11

Өскеменде көне карталардың көрмесі ашылды

Фото: Аяужан Утеулинова
Фото: Аяужан Утеулинова
23.10.2023, 15:06 513

Республика күніне орай Өскеменде Қазақ мемлекеті белгіленген көне карталардың экспозициясы ашылды. 
Облыстық драма театрындағы көрмеге 16-19 ғасырлар аралығында жасалған, қазір Еуропа мен Америка мемлекеттерінің мұрағаттарында сақталып тұрған картографиялық жәдігерлердің дәл көшірмелері қойылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

— Республика күнінің қарсаңында бірқатар шара жоспарланған. Сол шараның бірі — бүгінгі Қазақ мемлекеті бейнеленген карталар галереясы. Осы карталарды Еуропа мен Американың елдерінен жинаған белгілі ғалым Мұхит Ардагер Сыдықназаров біздің қалаға келді. Президент ол кісіні қабылдаған кезде Мемлекет басшысы бұл картаны тек Астана, Алматы қаласының тұрғындары ғана емес, барлық өңірлердің тұрғындары көруі керектігін айтқан. Сол тапсырманы орындау мақсатында осы көрмені ұйымдастырып отырмыз. Негізгі мақсатымыз — тарихқа қызығатын, оны зерттейтін жас өрендер, студенттерге картаны жіті зерттеуге мүмкіндік беру, тек жастарға ғана емес, ғылым адамдарына да карталарды көрсету, кешегі тарихымызға үңіліп, ата-бабамызды есіне түсіруге мүмкіндік сыйлау. Сонымен қатар, сол ата-бабаларымызға сай дәрежеге жету керек деген түсінік қалыптастырсақ деген ниетіміз бар. Бұл білім көкжиегін кеңітетін көрме. Бұл көрме екі апта бойы осы жерде тұрады, кейін қаладағы басқа ғимараттарда көшпелі көрме өткіземіз. Қала тұрғындарының бәріне осы көрмені көруге мүмкіндік сыйлауымыз қажет, сонда олар карта туралы толық мәлімет ала алады. Қала тұрғындарын осы көрмеге шақырамын, — дейді қала әкімі Жақсылық Омар. 

Карталарды жинап, көрме ұйымдастырған – Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров. Ғалым Өскеменге келіп, қала тұрғындарымен, студенттермен және университет оқытушыларымен кездесіп, әңгімелесті. Сонымен қатар ғалым осы карталарды табу арманының жетегінде жүріп өткен жолы мен тәжірибесі, өзі тапқан тарихи мағлұматтар туралы баяндады. Көрмеге қойылған жәдігерлерді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев та қызығушылықпен тамашалады.

— Бұл көрменің ашылуын тарихи оқиға деп айтуға болады. Шығысқа, жалпы қазақ еліне керек дүниені әкеліп, көрсетіп жатқанына ризамыз. Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбегі — өте пайдалы, өте қажет. Көрмеге келіп, Қазақ мемлекетінің тарихы қандай керемет екенін, оның 5-6 ғасыр бұрын картаға түскенін өзін Қазақстанның азаматымын деп санайтын әр адам көруі керек, ‑ дейді көрермен Нұрхат Садықов.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың айтуынша, экспозицияның ашылуы Шығыс Қазақстан облысы үшін айтулы оқиға болды.

— Бүгін тек Шығыс Қазақстан халқы үшін ғана емес, сонымен қоса Қазақстан жұртшылығы үшін маңызды күн. Өйткені бүгін Өскеменде, жалпы Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет Қазақ мемлекеті бейнеленген 15-19 ғасырдағы Еуропалық және Америкалық карталардың галереясы ашылып жатыр. Мұнда нақты қазақ деген этноним, политонимы бар карталарды көруге болады. Бұл карталарды ғылыми айналымға, білім беру саласына енгіземіз, ‑ дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров. — Карталар тарихи дереккөздердің ішіндегі ең қомақты, ықпалды, іргелі дүниенің бірі де бірегейі. Өйткені карта тек география мен тарих бойынша ғана емес, басқа пәндер бойынша да тың мәлімет береді. Бұл тұңғыш галерея талғам мен ұлттық бірегейлікті дамытуға, қалыптастыруға әсер ететін қадам. Сонымен қатар, бұл — біз үшін тың ғылыми деректердің қайнар көзі. 

Ғалымның картографиямен айналысқанына 17 жыл болған. Осы жылдардың ішінде ол Еуропа мен АҚШ-тағы мұражайлардан, кітапханалардан, мұрағаттардан және коллекциялардан 2 мыңнан астам карта тапқан және ол осымен тоқтап қалмақ емес. Осы тақырыпқа арналған 10 томдық еңбек шығару жоспарда бар көрінеді.
Автор болашақта әр қазақтың үйінің төрінде домбыра және қамшымен қатар карта ілініп тұрса деп армандайды. Ес біліп қалған баласына жеті атасын үйреткен қазақ ендігі кезекте картасын да көрсетіп, санасына сіңіре берсе дейді.

— Елімізде үйді картамен көркемдеу мәдениетін қалыптастырғым келеді. Бұл — ғылыми зерттеулермен қатар тұратын тағы бір міндетім. Өркениеті дамып кеткен елдегі әр үйде карта ілініп тұрады. Біздің елде карта тек әкімдікте, өнеркәсіп пен экономика бөлімінде ілініп тұратын, география сабағында ғана көретін түсініксіз дүние деген ұғым бар. Карта — көп сырды ішіне сақтаған шежіре, - дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров. 

Көрмеге нидерланды, ағылшын, неміс, француз, Швейцария, Австрия және Бельгия, Италия мемлекеттерінің картографтары сызған дүниежүзі карталары қойылған. Кейбір карталарда үш жүз немесе кей рулар мекендейтін аумақ бейнеленген. Оның ішінде найман, үйсін, қыпшақ, қоңырат, арғын, алшын, қатаған сынды рулардың қонысы бар. Бұл карталар ғалымның «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ Мемлекеті» кітабына енген. Бұл кітаптарды ғалым шетелдердің Ұлттық кітапханалары мен ел өңірлеріндегі кітапханаларға, жоғары оқу орындарына тарту еткен. 

— Қазіргі кезде мен тапқан Қазақ мемлекеті бейнеленген ең көне картаның шыққан уақыты — 1530 жыл, - дейді ғалым. 

Ғалым Қазақ мемлекетінің Еуропа елдерімен елдерімен байланыс орнатқанына тағы бір дәлел тапқан. Бұл 1561 жылы Қазақ Мемлекетінің атынан I Елизаветаның сарайына барған Ару сұлтан бейнеленген сурет. Ол ағылшын патшайымның сарайында 15 жыл елші болған. Тіпті патшайым арнайы рәсім өткізіп, Ару сұлтанды «өкіл қызы» деп таныған. Ағылшын ақсүйектерінің ортасына өкшелі кебісті әкелген дәл осы Ару сұлтан. Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Ару сұлтан туралы құпияға саяхатшы, Қазақ мемлекетіне ағылшындардың атынан келген елші Энтони Дженкинсонның картасын зерттеп жүргенде тап болған. 

— Ару сұлтан туралы тікелей сілтеме кем дегенде 4 ағылшын құжатында бар. Қазір ол туралы мақала жазып жатырмын, - дейді ғалым.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров зерттеу жұмысындағы Тәуелсіздіктің маңызын ерекше атап отыр. 

— Маған осы мүмкіндікті Тәуелсіздік қана бергенін жиі айтып жүремін. Әлі күнге дейін КСРО кезеңінде тұрсақ Мәскеуден рұқсат сұрауға тура келер еді. Ал қазір маған билет пен виза ғана керек, — дейді ғалым.

#republicdaykz #kzdayrepublic 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу