Қазіргі таңда интернетте «Беги или умри» ойыны туралы түрлі ақпарат кезігіп қалады. Осындай бір жағдай Риддер қаласында болды деген ақпарат тарады.
Бейнежазбада куәгер балалардың көлік жолына жүгіріп шығып, апаттық жағдай тудырғанын, кейін балалар келеке қылып күліп тұрғанын айтады. Куәгердің сөзінше, оқиға қаладағы «Гемма» дүкенінің маңында түскі уақытта тіркелген. Осыған ұқсас ойындар бұған дейін Ресей, Беларусь, Украинада байқалған екен, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Риддер қаласындағы оқиғаға қатысты облыстық ПД түсініктеме берді. Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Әділжан Хамитовтың айтуынша, бейнежазбадағы балалардың кім екені анықталған.
- Бейнежазбаға түсіп қалған балаларды анықтап, таптық. Балалар жай ойнап жүргенін, ол ойынға қатысы жоқтығын жеткізді. Алдымен бір бала жүгіріп кетті, кейін екінші бала жүгірген. Ал шеттен көрген адам оны түсіріп алып, осыған келтіріп айтқан. Әр мектепте осы ойынға қатысты алдын алу шарасы жүріп жатыр. Мұғалімдермен, балалармен кездесіп, түсіндірдік. Біздің облыста әзірге мұндай дерек тіркелген жоқ. Осындай дерек кездессе, бізге тікелей хабарласу керектігі және байланысу жолы туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде тараттық, - дейді Әділжан Хамитов.
Бұл жағдайды облыстық білім басқармасы да бақылауға алған көрінеді.
- Білім басқармасы мен Өскемен қалалық білім бөлімі барлық әлеуметтік-психологиялық қызметтерге түсіндіру жүргізуге қатысты ұсыныс берді. Сондықтан әр мектепте осыған сай шара өткізу керек. Біз осы кездесулерге қатысты ұсынысты әзірлеп қойдық. Ондай шараны кез келген педагог, сынып жетекшісі өткізе алады. Оның барысында оқушылардың жас ерекшелігі ескеріледі. Қазіргі таңда ондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ата-аналардан, психологтардан кері байланыс бар, — дейді облыстың жетекші психолог маманы Лилия Куземко.
Психологтың сөзінше, балалар қоғамда өз орнын тауып, өзін мойындату үшін осындай қадамға баруы мүмкін екен.
- Бұл ойын адамның мүмкіндігін, қандай жағдайда тәуекел ете алатынын және өзін жеңу қабілетін зерттеумен байланысты. Ойын жасөспірімдерге өзінің батылдығы мен күшін көрсетуге, осы арқылы мәртебесін көтеріп, жаңа бедел жинап, өзіне деген сенімін арттырып, топ мүшелері немесе қоғам өзін қабылдап, мойындауына мүмкіндік береді, - дейді Лилия Куземко. - Мұндай қажеттілік жасқа байланысты. Жасөспірімдер ұжымда өз орнын тауып, өзін көрсетуді, өзге адамның өзі туралы пікірі арқылы өзінің ерекшелігін сезінгісі келеді. Алайда кейде олардың санасы бекіп, болашаққа бағдары нық қалыптаспауына байланысты тәуекел мен оның зардаптарына баға беріп, шынайы түсіне алмай жатады. Ақыры мақсатына жеткізетін жолды қате таңдап, осындай түрлі арандатуға еріп кетеді. Осындай жағдайда ата-ананың мұндай әрекетке тыйым салуы баланың қарсылығын, өзін теріс әрекет арқылы мойындатуға деген ұмтылысын арттыруы мүмкін. Мәртебеге ие болу, сонымен қатар үстемдік пен еркіндікті сезінуге мүмкіндік береді. Ал оған басқа жолмен қол жеткізу қиын. Сондықтан ойын қоғамда өз орнын табудың қарапайым құралына айналады. Балалар бұл ойынды жаңа әсер алу үшін де ойнауы мүмкін. Интернет жайлаған, бірқалыпты «сұрғылт» тартқан тіршілікте балалар сезім мен әсердің жетіспейтінін байқайды. Ал адреналин түрлі сезімді бастан өткеруге мүмкіндік беріп, энергияны арттырады.
Лилия Куземко осындай жағдайда ата-ана қалай әрекет етіп, балаға қалай түсіндіруі керек екенін де айтып берді. Бірінші кезекте, қате және тиімсіз тыйымдардан, қорқытудан және үгіт-насихат жүргізуден аулақ болу керек дейді ол. Мұндайда баланың «үйдегілер мені түсінбейді, қабылдамайды» деген ойы бекіп, керісінше, кез келген әдіс арқылы өзге ұжымның бір бөлігі болуға ұмтылысын арттырады. Тыйым салудың орнына оған сұрақ қойып, мәселені талқылаған жөн. Мысалы, «Бұл қандай ойын? Онда қауіпке, тәуекелге бас тігуге тура келе ме? Ол тиімді жол ма? Жасөспірімдер өзін мойындату үшін неге осындай жолды таңдайды?». Немесе баланы мұқият тыңдап, оның ұғымындағы дүниенің мәнін түсінуге тырысу қажет: ол үшін керемет болу нені білдіреді, көліктің жолын кесіп өту арқылы адам қандай қабілетін дәлелдей алады, бұл қабілетті өзге жолмен дәлелдеуге бола ма, батылдық деген не, батылдық пен ессіздіктің қандай айырмасы бар, жасөспірімдер осындай арандатуға еру арқылы не көрсеткісі келеді. Осы секілді сұрақтар қойып, баланың жауабын тыңдап, өз ойыңызды ортаға салыңыз. Қысым көрсетуден, өз пікіріңізді тықпалаудан, «дұрыс және бұрыс» деп нақты бөлуден бас тартыңыз. Бала міндетсініп, құлықсыз сөйлессе де, оның сізді тыңдап отырғанын ұмытпаңыз.
Психолог балаға не жетпейтінін, қандай дүние қуантатынын біліп, оны қалай жүзеге асыруға болатынын ойластырыңыз деген кеңес береді. Бала ұсынған кез келген нұсқаны ескеріп, бірге талқылау қажет. Оның қаупі мен салдары туралы сөйлесіңіз. Өзіңізбен немесе достарымен бірге альпинизммен айналысып, түрлі кедергіні еңсеретін серуенге, туристік рафтингіге шығып, атракционға және квестерге баруды ұсыныңыз. Мәртебе жинаудағы өз тәжірибеңізді айтып беріңіз. Түрлі адамдардың қалай беделге ие болғанын зерттеуге болады.
- Кейде ойынға қатысу бала үшін қарсылық танытудың, бас көтерудің, ереже бұзудың бір жолы болуы мүмкін. Түрлі тыйымды бұзу — жасөспірім шақта кездесетін жағдай. Ондайда ата-ана елеусіз жағдайларда оны байқамауына болады. Мысалы, жай тұру, бөлмені жинамау сынды әрекеттер. Бұл баланың билік пен еркіндікті сезуіне мүмкіндік береді. Балаңызды жақсырақ білуге тырсыңыз. Ол үшін түрлі әдістерді қолданыңыз. Ең бастысы — сөйлесу арқылы балаға не жетпейтінін түсініп, оны алудың қауіпсіз жолын табу, - дейді Лилия Куземко. — Қауіпсіздік үшін ұстаздар, мектептегі психолог ата-анаға баланың ерекшелігі мен оның тілін табу, қарым-қатынасты жақсарту туралы кеңес бере алады. Баланың өзіне деген сенімін, өзгелердің арандатуына деген әсерін, өз сезіміне арқа сүйеу қабілетін, түрлі мақсатқа жету жолы туралы ойын түсіну үшін жасөспіріммен әңгімелесіңіз.