Өскемендегі Жамбыл мектеп-гимназиясына жаңа ғимарат салынады
Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатына жаңа ғимарат салынады.
Бұл туралы ШҚО-ға іссапармен келген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Аталған білім ордасының ғимаратының іргетасы қырық жылдан астам уақыт бұрын қаланған. Жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізіліп, сылап-сипап ұстағанмен ескінің аты ескі. Оған қоса бұл мектепте оқығысы келетін балалардың саны жылдан-жылға артып, ғимарат тарлық ете бастаған.
Осы және өзге де мәселелерді ескерген ведомство басшысы жамбылдық оқушыларға арнап жаңа ғимарат салынатынын айтты. Нысанның құрылысы келер жылы басталмақ. Министр жобаны іске асыруға қажетті қаражатты республикалық бюджеттен бөлгізуге ықпал ететінін жеткізді.