Жеті тілді жетік білетін жауынгер
Ұлттық ұлан қатарында жеті тілді жетік білетін сарбаз қызмет етеді.
Бағжан Болатұлы "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөліміне Алматы қаласынан шақырылыпты. Шет тілдеріне деген қызығушылығы музыка тыңдаудан басталған азамат студенттік жылдарын Түркияда өткізген, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Полиглот сарбаз мерзімді қызметін өткергеннен кейін әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызметке тұрмақ. Әскери салада жүріп те шет тілін үйренуге болатынын алға тартып отыр. Сондай-ақ ол лингвистикалық біліміне зейін қойған қаруластарына кеңес беріп, жол нұсқаудан еш тайынған емес.
Бағжан алдағы уақытта жапон, парсы тілдерін үйренсем дейді. Ол үшін жеке қойын дәптер де бастап қойыпты. Он тілден артық тіл меңгеремін деп жүйелі жоспар құрған талапты жас үшін ана тілінің орны бөлек.