KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 3 м/с, ОБ
481.84 531.33 5.07

Шығыстағы форель өсірушілердің тәжірибесі көпке үлгі болуға тиіс – министр

Фото: Тілеубек Шаяхмет
Фото: Тілеубек Шаяхмет
12.12.2023, 16:58 143 Нұржан Кенжеұлы

Алдағы уақытта балық шаруашылығын субсидиялау процестері жеңілдетіліп, бөлінетін қаражат мөлшері артатын болады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

Бүгін министрлік басшысы Алтай ауданында орналасқан «Grand fish» ЖШС-нің форель балығын өсіретін фермасында болып, дәл осы жерге жиналған шығысқазақстандық форель өсірушілермен кездесті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Алтай ауданындағы аталмыш шаруашылық жұмысын 2017 жылдың маусым айының басында бастаған болатын.

«Grand fish» ЖШС-нің құрылтайшысы Сергей Медведевтің айтуынша, алғашқыда мұнда 60 мың кемпірқосақ форелінің шабақтары әкелініпті. Қазір фермада өз инкубациялық және шабақ өсіру цехтері жұмыс істеп тұр.

– Биылғы өнім көлемі 520 тоннаны құрады. Алғашқы жылдары балықтың шабақтарын шетелден әкелетінбіз. Қазір бәрі өзіміздікі деуге болады. Бүгінде балық өсіруге арналған әртүрлі диаметрлі 50 торымыз бар. Ересек форельдеріміздің салмағы төрт келіге дейін жетеді. Субсидия алу мәселелері жеңілдесе, біз өндіріс көлемін арттыруға әзірміз, – деді кәсіпкер.

Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев бұл мәселе қазір күн тәртібінде екенін жеткізді.

– Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Заң қабылданып жатса, балық шаруашылығына бөлінетін субсидия мөлшерін арттыратын боламыз. Аталмыш ферманың жұмысына жоғары баға беремін. Қазір бізге осындай тың кәсіпке түрең салған өндіріс орындары аса қажет. Шығыс Қазақстанда бұл бағытта жұмыс істеп жатқан бірнеше кәсіпорын бар екен. Олардың жұмысын өзгелерге үлгі ретінде көрсетуіміз керек, – деді министр.

Фермаға сапары барысында Ерлан Нысанбаев форель балығының еті мен уылдырығынан жасалған өнім ассортиментімен де танысты. Белгілі болғандай, қазір бұл тауардың шамамен 80 пайызы экспортқа жөнелтіледі екен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив