Өскемендегі тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде жұмыртқаның бір данасы 57 теңгеден саудаланып жатыр.
Бұл туралы «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ресми өкілі Инабат Қайсанова мәлім етті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысы аясында 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 11 түріне баға тұрақтандырылған. Оның ішінде жұмыртқа да бар.
- Қазір ақпарат кеңістігінде түрлі қауесет жүргенін көріп отырмыз. Осыған байланысты айтарымыз, біздің қалада жұмыртқа бағасының мереке қарсаңында, сондай-ақ маусымдық қымбаттауларына жол бермеу мақсатында алдын алу шаралары қабылданып отырады. Бүгінде біз жұмыртқа өнімі бойынша «Алтай» көтерме тарату орталығымен жасасқан келісімшарт аясында жұмыс жүргізудеміз. Мәселен, Жаңа жыл қарсаңында жұмыртқа бағасының шарықтап кетпеуіне жол бермедік. 1 миллион 200 мың дана жұмыртқа контрактіленіп, бекітілген бағада павильондарымызда сатылуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, тұрғындардан сұраныс бар. Осы ретте, қала бойынша барлық дүкендерде баға бірдей еместігін айта кету керек. Ол жұмыртқа сортына, дүкендегі үстеме құн қосылуына байланысты. Бұл бәсекелестік қағидасына сай кәсіпкерлердің коммерциялық шешімдері. Ал «Ертіс» ӘКК тұрақтандыру бағдарламасының сауда нүктелерінде баға бекітілген мөлшерден еш өзгермейді, сатушылардың қосымша құн қосуына тыйым салынады. Біздің басты мақсат - нарықтық бағаның шарықтауына жол бермеу, қолжетімді бағада өнім ұсыну. Біз былтыр жұмыртқа бағасын тұрақтандыруды қолға алған болатынбыз, тұрғындар сұранысын және нарықтық бағаны ескере отырып, тұрақтандыруды қаңтар айының басынан ақпанның орта шеңіне дейін ұзарту шешімі қабылданды. Демек, ақпан айының ортасына дейін біздің сауда нүктелеріндегі жұмыртқаның бағасы он данасы үшін 570 теңгені құрамақ. Сапасына келер болсақ, әлеуметтік маңызды деп танылатын азық-түліктің тізіміне басқа емес, бірінші санатты жұмыртқа ғана кіреді. Бұл аса ірі де, ұсақ та емес, көпшіліктің сұранысын қанағаттандыратын жұмыртқа түрі. Бүгінде жеткізіліп отырған жұмыртқа атаулы тек отандық, бәрі қазақстандық өндірушілердің өнімі. Тағы бір айта кетер жайт, өніміміз сауда павильондарына күнделікті әрі жеткілікті мөлшерде сатушылар өтінімі бойынша жеткізіліп тұрады. Облыс жұртшылығы жұмыртқамен қамтамасыз етіліп жатыр, бүгінде бұл өнімнің тапшылығы жоқ, – дейді Инабат Қайсанова.
Айта кетейік, қазір Өскемен қаласында «Ертіс» ӘКК-ге қарасты 24 сауда павильоны бар. Бұған қоса 36 серіктес дүкендер де қосымша құнсыз әлуметтік маңызда азық-түліктерді сатуда. Маманның айтуынша, сауда нүктелерінің жұмысын қадағалау мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп тұрады екен әрі әр нүктеде тұрғындар хабарласуы үшін кері байланыс нөмірлері орналастырылған.