KZ
Өскемен
+1°
пасмурно жел 1,8 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

Өскемен конденсатор зауыты өндіріс көлемін ұлғайтуға мүдделі

25.01.2024, 19:00 156 Нұржан Кенжеұлы

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев электр тарату және реттеу аппаратурасын өндіретін Өскемен конденсатор зауытында болып, өндіріс орнының жұмысымен, шығаратын өнімімен жақынырақ танысты.

 

65 жылдық тарихы бар аталмыш кәсіпорын ТМД-дағы конденсатор өндірісінің көшбасшысы саналады.  Зауытта жекелеген төмен вольтты және жоғары вольтты конденсаторлардан бастап, 35-330 кВ желілердегі реактив қуаттың орнын толтыру қондырғыларына дейін энергия үнемдейтін жабдықтардың көптеген түрі шығарылады. Айта кететін жайт, өндіріс орны «Ұлттық жоба» аясында жабдықтарын жаңартып, айналым қаражатын толықтырған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

– Кәсіпорнымыз анау айтқандай алпауыт болмаса да, бірталай өнім түрін өндіреміз. Мәселен, арнайы жоғары вольтты және импульсті, косинусты, электр термиялық және байланыс конденсаторларын, кернеу бөлгіштер, жоғары және төмен кернеулі конденсаторлық қондырғылар, жоғары гармоникалық күштік сүзгілер, толық конденсаторлық қондырғыларды орналастыруға арналған модульдер, сыйымды кернеу трансформаторлары, конденсатор блоктары, конденсаторлық батареялар сияқты көптеген өнім шығарамыз. Тұтынушыларымыздың басым бөлігі - өз еліміздегі компаниялар. Дегенмен, экспорт жағын да назардан тыс қалдырмаудамыз, – дейді «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС бас директоры Владимир Аксенов.

Белгілі болғандай, бүгінде өзінің сапасымен ерекшеленетін өскемендік зауыттың өнімдеріне көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Ресей сияқты елдермен қатар, алыстағы Армения, Грузия, Иран, Болгария, Беларусь, Польша, Украина, Венгрия мен Франция мемлекеттерінде де сұраныс жоғары екен. Зауыт басшылығының айтуынша, бұл тізімді әлі де кеңейтуге мүмкіндік мол.

– Біздің кәсіпорында 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Біз – орта бизнес өкіліміз. Бірақ кәсібімізді кеңейтуге еш қарсы емеспіз. Тек мемлекет тарапынан қолдау болса болғаны. Бүгін зауытымызға облыс басшысы келіп, жұмысымызбен танысты. Кездесу барысында өндірісімізді дамытуға қатысты жоспарларымызбен бөлісіп, ұсыныс-пікірімізді айттық. Аймақ басшылығы өңірде біздей орта бизнес субъектілерінің кәсібін дамытуға мүдделі екен, – деді кәсіпорын басшысы.

Оның айтуынша, былтыр өскемендік зауыт 6,3 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, биылғы жоспар одан да жоғары екен.

- Ағымдағы жылы өндіріс көлемін шамамен 7-7,5 милиард теңгеге жеткізуге мүдделіміз, – дейді Владимир Аксенов.

                                                                                                                                                       Фото: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив