ШҚО-да сенаторлар геологиялық барлау мәселелерін талқылады
ШҚО әкімдігінде Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Бірқатар министрліктің, өңірдегі металлургиялық кәсіпорындар мен басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысқан жиында еліміздегі геологиялық барлауды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көшпелі отырысты ашқан комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында геологиялық барлауды қарқынды дамыту қажеттігін атап өткенін еске салды. Комитет бұл тақырыпта дөңгелек үстел өткізуді жоспарлаған, сондықтан Шығыстағы көшпелі отырысты сол іс-шараға дайындықтың бастамасы деп қарастырған дұрыс.
Айта кетейік, көшпелі отырыста геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров, энергетика министрінің орынбасары Асхат Хасенов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов, сондай-ақ сарапшылар мен бизнес өкілдері елімізде геологиялық барлауды дамыту туралы баяндама жасап, пікір алмасты.
Фото: Аяужан Утеулинова