ШҚО: Ауылға қауіп төндірген қарғын судың бетін қайтарды
ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен
7 сәуір күні ШҚО Жедел штабының кезекші бөліміне Алтай ауданы Богатырев ауылының тұрғыны хабарласып, ауласына су кіргенін хабарлаған.
Оқиға орнына жедел түрде Алтай ауданының әкімі, ТЖД және коммуналдық қызмет мамандары барды, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Анықталғандай, Бұқтырма өзенінің деңгейі көтерілгендіктен, ауылдың екі тұрғынының үйлерінің ауласына су кірген. Қазір ШҚО ТЖД, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және әскерилер суды мотопомпамен сорып алу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы 10 техника жұмылдырылған. Су деңгейі түсіп барады.
Ауласына су кірген екі үйде 4 адам тұрады. Олар өз еріктерімен эвакуациядан бас тартып, туысқандарының үйлеріне уақытша тұрақтады. Аудан әкімі зардап шеккен азаматармен кездесіп, барлығы қысқа уақытта мемлекет тарапынан қалпына келтірілетінін жеткізді.
Еске сала кетсек, жуырда күннің күрт жылынуына байланысты өңірде дауылды ескерту жарияланған. Аймақта «112» жедел желісі және «109» ахуалдық орталығының қызметі тәулік бойы жұмыс істеуде.