ШҚО-да 2028 жылға дейін екі су қоймасы салынады
Өткен аптаның соңында Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері республика бойынша 57 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның екеуі Шығыс Қазақстан облысында ірге көтермек. Біз ведомстводан ол су қоймаларының қайда және қашан салынатынын, сондай-ақ жобаға қажетті қаражат қайдан бөлінетінін нақтыладық.
Біздің сауалдарға Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің бас сарапшысы Әсем Нұрлан жауап берді.
– Әсем Нұрланқызы, Шығыста салынады деп жоспарланған екі жаңа су қоймасы туралы айтып беріңізші.
– Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде министрлік жаңа су қоймаларын салуды жоспарлап отыр. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар. Атап айтсақ, Шығыс өңірінде біз екі жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз, олар – Кендірлік және Қарғыба.
Қарғыба су қоймасының жобасы бойынша қазіргі уақытта әзірленген техникалық-экономикалық негіздеменің оң қорытындысы алынды. Ол Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында салынады. Су қоймасының жобалық көлемі - 15,5 миллион текше метр. Жобалық ауданы 5 мың гектардан асады.
- Ал екіншісі?
- Екінші су қоймасы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Кендірлік өзенінде салынады. Оның жобалық көлемі 60 миллион текше метр болады.
- Неліктен «алдын ала болжам бойынша»?
- Жоғарыда айтып өткенімдей, Қарғыба су қоймасының жобасына әзірленген техникалық-экономикалық негіздеменің оң қорытындысы бар. Ал Кендірлік су қоймасы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу мерзімі биыл және келер жылы аяқталуға тиіс. Яғни, техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болмайынша, есептеулер тек алдын ала болжам бойынша айтылады.
2026 жылы жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау және 2028 жылға дейінгі мерзімде іске асыру жоспарланып отыр.
- Бұл екі су қоймасын іске қосудың Шығыс Қазақстан облысының экономикасына қандай пайдасы бар?
– Қарғыба су қоймасын пайдалануға беру қолданыстағы 3,7 мың гектар жерді кепілдендірілген сумен қамтамасыз етеді, сонымен қатар тағы 1,4 мың гектар тыңайған жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді.
Кендірлік су қоймасы суармалы жерлердің ауданын 20 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, қолданыстағы 11,5 мың гектар суармалы жерді тұрақты түрде сумен қамтамасыз етеді.
- Екі су қоймасын қашан және қандай қаражатқа салу көзделіп отыр?
– Қаржыландыру көзі - республикалық бюджет. Екі жобаны да іске асыру 2028 жылға дейін жоспарланған.
- Мұндай ауқымды жобалар үшін өте қысқа мерзім сияқты...
- Су қауіпсіздігін, кепілдендірілген және тұрақты сумен қамтамасыз ету экономикалық тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі болып саналады. Өздеріңіз білетіндей, Шығыс Қазақстан облысы - трансшекаралық тәуелді аймақ. Сондықтан су қоймаларын салу өте өзекті мәселе. Кепілдендірілген ағын сумен қамтамасыз ету және суармалы жерлерді қамтамасыз ету, суармалы алқапты ұлғайту үшін еліміздежаңа су шаруашылығы құрылыстарын, оның ішінде Шығыс Қазақстан өңірінде салу бойынша осындай ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Сұхбаттасқан – Марат Усманов
Астана.