KZ
Өскемен
-10°
небольшая облачность жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Мектептердегі жөндеу жұмыстары толық бақылауда - ШҚО

13.07.2024, 15:09 202 Ержан Әбіш

Облыс мектептерінде жаңа оқу жылына әзірлік қарқынды жүріп жатыр. Өңірдегі 85 мектепте жөндеу жұмыстары қолға алынған, оған облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінді. Олардағы жұмыс барысы атқарушы билік органдары тарапынан да, қоғамдық ұйымдар тарапынан да жіті тексеріліп, бақылауға алынған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Өскемендегі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан №2 мектепте және облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейде болып, жұмыстардың барысын бағамдады.

Облыс орталығының Защита шағын ауданында орналасқан №2 мектепте қазір күрделі жөндеу жүруде. Мектеп директоры Жанат Омарованың айтуынша, 1954 жылы салынған бұл ғимарат 70 жыл бойы мүлдем жөндеу көрмеген. Үш жыл бұрын қабырғаларында жарықшақтар пайда болып, қыста іші суып кеткен.

Мердігер ұйым – «СтройДомСервис» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Елена Валиеваның айтуынша, ғимараттың қабырғалары торкреттеу тәсілімен нығайтылған. Бұл тың әдістің біздің облыста алғаш рет қолданылып тұрғанын айта кеткен жөн. Мұнымен қоса мектептің іргетасы күшейтілген, бүгінде ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр, сонымен қатар су, жылу, электр желілері толықтай жаңартылуда. Нысанда 40 шақты адам еңбек етіп жүр. Барлық жұмыстарды тамыздың 10-на дейін аяқтамақ.

Атап өтерлігі, бұл мектепте 600-ге тарта оқушы білім алады, олардың 49-ы инклюзивті оқытуды қажет ететін балалар.  

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жөндеу жұмыстары мектеп басшылығы мен ата-аналар комитеті тарапынын да қатаң бақылануға тиіс екенін атап көрсетті. Сондай-ақ жөнделген мектепті жаңа жиһаздармен қамтуды міндеттеп, ал ауланы абаттандыру ісіне қамқоршылық кеңес өкілдерін, кәсіпкерлерді тартуды тапсырды.

– Облыста жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүруде. Барлық білім беру мекемелері жөнделіп жатыр. Оның ішінде жеті мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Мақсат – 15 тамызға дейін жұмыстарды толығымен аяқтап, оқу жылына дайын болу. Сапаны тексеру мақсатында арнайы жұмыс тобы да құрылған, оған білім басқармасының, бөлімдерінің өкілдерімен қатар ата-аналар қауымы, қоғамдық ұйымдар енген. Олар жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстап отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев. 

Күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған жеті мектептің бесеуінде жұмыстар оқу жылына дейін аяқталуы керек, қалған екі мектептегі қалпына келтіру жұмыстары келер жылға ауысады.

Облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейде де күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін оқу орнының шатыры толық жаңартылған болатын. Ендігі кезекте суық су, ыстық су, кәріз желілері, электр сымдары толық ауыстырылып жатыр. Жұмыстар 80-90 пайызға орындалған.

1972 жылы салынған ғимарат бір ауысымда 600 балаға шақталған. Қазір мұнда барлығы 830-дай оқушы білім алуда. Мердігер ұйым – «Визит Груп» компаниясының учаске басшысы Петр Фотиенко жұмыстардың 15 тамызға дейін тәмамдалатынына сендірді.

Ербол Нұрғалиев оқу орнындағы дабыл түймесінің жұмысын да тексерді. Түйме басылған соң жеті минут ішінде «Арыстан» күзет ұйымының жасағы мектепке жетіп келді. Ербол Жолдасбекұлы осылайша жүйенің жұмысы тексерілгенін айтып, қызметкерлердің ісіне сәттілік тіледі.

– Аймақ басшысының тапсырмасына сай қазір Өскемендегі мектептер аумағының, оқушылар жүретін жолдардың жарықтандырылуы, қауіпсіздігі тексеріліп жатыр. Негізінен кіреберіс жолға, өзге қақпаларға жіті мән берілуде. Бұл жұмыс өзге аудан-қалаларда да жүргізілетін болады. Мұндағы мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мектеп директоры Светлана Тенькова оқу орнының қоршауы ауыстыруды қажет ететінін айтып, өз күштерімен автокөлік тұрағын абаттандырып жатқанын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағытта мектеп әкімшілігіне қолдау көрсетілетінін айтты.

 Фото: Екатерина Скударнова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу