KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
487.37 532.94 5.09

«Шығыс Салбурыны – 2024» фестиваліне дайындық қызу жүріп жатыр (видео)

10.10.2024, 10:00 168 Төлеуғазы Жансая

Байырғы бабамыздан келе жатқан аңшылық салт салбурын сайысын көреміз деп сырттан қонақтар келе жатыр. Халықаралық фестивальдің дайындығы қалай жүріп жатқандығын арнайы Altainews.kz редакциясы анықтап қайтты. 

Шығыс Қазақстан облысының кең даласы тағы да дәстүрлі «Шығыс Салбурыны» халықаралық этнофестиваліне дайындық үстінде. 2024 жылдың Салбурыны еліміздің рухани және мәдени байлығын көрсететін ең ірі шаралардың бірі болмақ. Бүгінгі таңда ұйымдастырушылар мен қатысушылар тағылымды шараға жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізуде. 

Фестиваль аясында 20-дан астам ұлттық нақыштағы киіз үй тігілуде. Бұл ауылдар қазақ халқының байырғы тұрмысын көрсетіп қана қоймай, әр үйде келушілерге ұлттық тағамдар ұсынбақ, ал қолөнершілер өз шеберліктерін паш ететін болады. Қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер мен ұлттық киімдер көрмесі де арнайы орын алып, қонақтарға қазақтың тарихи мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. 

Спорттық жарыстарға арналған алаңдар да дайындықтың маңызды бөлігін құрайды. Алаңдарды жарыс стандарттарына сай келтіру үшін арнайы команда жұмыс жасап, жарысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі.
 
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жылы «Шығыс Салбурыны» бұрынғыдан да ауқымды әрі мазмұнды өтеді деп күтілуде. Бағдарламаға дәстүрлі аңшылық түрлері – ителгі, қаршыға құстарын қолға шақыру, кептерге салу, тазы жүгірту, жамбы ату, теңге ілу, асау үйрету бойынша көрсетілімдер қосылған. Сонымен қатар қонақтарды қызықтыратын тағы бір жаңалық – этнофольклорлық ансамбльдердің өнер көрсетуі мен ұлттық өнер фестивалі. Атқа міну, садақ ату, бағалы сыйлықтармен лотерея және ыстық тамақ та дода бағдарламасына енгізілген. 

Биыл Қазақстан мен шет мемлекеттерден 5 мыңға жуық турист келеді деп жоспарлануда. Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Мажарстаннан қатысушылар шақырылып отыр. Барлығы 80 бүркіт, 30 сұңқар және 30 тазы жарысқа түседі деп күтілуде. Келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, атпен серуендеп, қазақтың бай мұрасына енуге мүмкіндік алады.

«Шығыс Салбурыны – 2024» фестивалі еліміздің мәдени өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болатыны анық. Дайындық жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда, ал фестиваль қонақтарын ұмытылмас әсерлер мен бай мәдени бағдарлама күтуде. Ұлттық рухты жандандыратын дәстүрлі шараға баршаңызды шақырамыз!

Фото: Данияр Сағидолдин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив