KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Аршатының жолы тақтайдай тегіс болады

23.10.2024, 16:00 92 Назерке Каримова

Жанаргүл Көкенайқызы

Катонқарағай ауданындағы Аршаты-Берел жолына келер жылы орташа жөндеу жүргізіледі.

Қазіргі күні мердігер мекеме «Өскемен Тәртіп» ЖШС екі елді мекенді жалғап жатқан 12,8 шақырымдық жолға тас төсеп, нығыздау жұмыстарын жүргізіп, келер жылы жолға орташа жөндеу жүргізуге дайындап жатыр. Аталған жолдың бойындағы үш көпір мен бір құбыр да ауыстырылып, жаңаланып жатыр, деп хабарлайды Altainews kz тілшісі.

Аршаты мен Берел ауылдарының арасындағы 12,8 шақырымдық жол жөнделіп жатыр. Биыл екі ауылдың арасындағы жолды жөндеуге 157 миллион теңге бөлінген.

- Аршаты мен Берелдің арасындағы жол көлік жүруге келмейтіндей жағдайға жеткен болатын. Қазіргі күні тозығы жеткен жол тегістеліп, ауыл тұрғындары ескі жолдың жағдайы әжептәуір жақсарып қалғанын әлден- ақ байқап жатыр. Бұрын жол тар, тіпті жол жол емес, шұңқыр, ор болып жататын. Келер жылы орташа жөндеуден өткен соң жолымыз тақтайдай тегіс болып, жүргізушілер де, жолаушылар да тозған жолдың машақатынан біржолата құтылатын болады. Алтайдың төріндегі Аршаты мен Берел туристерді тарихымен де, табиғатымен де таңқалдырып келе жатқан өлке. Сайрап жатқан жолмен алыстан, жақыннан келетін демалушылар Берелге, Аршаты жеріне қиналмай жететін болады. Ауылда интернет, ұялы байланыс бар. Дегенмен, ауыл таулы аймақта орналасқандықтан байланыс нашарлап кететін кездер де болады. Аршатыда шешімін тауып жатқан жол, су мәселесі сияқты бұл да уақытша қиындық деп білеміз, бәрінің түзелетініне халықтың өзі куә болып отыр, - дейді Өрел ауылдық округінің әкімі Еркін Көбешев.



Осы Аршатының діңкені құртқан қара жолының кесірінен талай отбасының жан -жаққа қоныс аударғанын айтпасқа болмас. Алдағы жылы Аршаты -Берел жолы орта жөндеуден өткен соң екі ауылдың арасы жақындай түседі. Бұрын шаршап, шалдығып ілдемелеп әрең жететін көрші ауылға ел сайрап жатқан жолмен ілезде -ақ жетіп баратын болады.

2021 жылы Аршаты ауылы орталықтандырылған су құбырына қосылған.

Бүгінде Өрел ауылдық округіндегі үш елді мекенде 1600 адам тұрып жатыр. Соның ішінде Аршаты ауылында 62 отбасы тұрады. Ауылда орта мектеп, медпункт бар. Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің Аршаты орманшылығы да осы ауылда. Ауыл тұрғындары кәсіп бастап, демалыс орындарын ашып, туристік қызметтер көрсетумен айналысуға ден қоюда.

Еліміздегі көптеген елді мекендер сияқты бір кезде екі аудан қосылып, күрмеулі мәселелер көбейген шақта Алтайдың төрі -Аршатының үйлері де жыл өткен сайын азайып, халқы қалаға көшіп, ауыл алақандай болып қалған. Мектептегі бала саны да азайып кеткен екен. Енді Катонқарағай ауданы өз алдына жеке аудан болып құрылып, аудан, ауыл басшылары халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмысын жақсарту жолында белсене еңбек етуде. Ел азаматтарының өздері де тірлікті түзеуге бағытталған игі істерге білек сыбана кірісіп жатқан жайы бар. Жарқын істермен, жаңарып жатқан жолмен, заманмен бірге үш елдің шекарасында жатқан шалғайдағы Аршатыдай әдемі ауылдың ажары қайта кіріп келеді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу