Ана болу бақыты
Фото: pexels.com
2024 жылы біздің облыста бір перзентті армандап жүрген 913 жұп (ерлі-зайыпты) тіркеліп отыр. Былтыр 770 шамасында болған. Жыл сайын өңірде 200-ден астам жұп «Аңсаған сәби» бағдарламасымен экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) бойынша квота алып жатқанымен, баласыз жандардың саны кемімей, керісінше өсіп барады.
«Отбасы-демографиялық жағдай алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың себебі деп есептейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек», - деген Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін 2021 жылы Қазақстанда «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы басталған болатын. Президенттік бағдарлама біздің облыста қалай іске асырылып жатыр? Оған кімдер қатыса алады? Бағдарлама қай жылдарға дейін жүзеге асырылмақ? Квота алуда қандай жайттарға мән беру керек? «Дидардың» тілшісінің материалында осы мәселелерді анықтап, талдауға назар аударылды.
Квота кімдерге берілмейді?
Бедеулік диагнозымен тұрған жұптарға биылғы 2024 жылы облыста «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 252 квота бөлінген. Яғни, сәби сүйе алмай жүрген осыншама отбасының экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы балалы болуына мүмкіндік туып отыр. Өңірде осы уақытқа дейін 2023 жылы ЭКҰ емшарасынан өткендердің 48 пайызы босанып, сәбилі болған.
Былтыр облысқа жыл басында ЭКҰ ға 239 квота, жыл аяғында қосымша тағы да 30 квота бөлініп, барлығы 269 әйелге ЭКҰ жасалған.
Облыстың бас репродуктолог дәрігері Надира Слямханова ЭКҰ жасалған әйелдердің бәрі бірдей бірден бала көтере алмайтынын, алғашқыда кейбірінікі сәтсіз болып жататынын, дәрігердің нұсқаулықтарын орындап, емделген соң екінші, үшінші жолы бала көтеріп жататындардың да көп екендігін айтады.
Облыстың бас репродуктологының айтуынша, қазіргі уақытта бедеулік диагнозымен тіркеуде тұрған жұптардың көпшілігі Денсаулық сақтау министрлігінің №272 «Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы талаптарына, көрсеткіштеріне сәйкес келмейтін, яғни, ЭКҰ емшарасына квота бөлінбейтін пациенттер. Егер балалары жоқ жұптардың бірінің денсаулығы аталған бұйрықтың талаптарына, көрсеткіштеріне сәйкес келмесе квота берілмейді.
Сонымен қатар патологиялық аурулары бар, яғни жүктілікке қарсы көрсеткіші болатын аурулары бар әйел адамдар да бағдарламаға қатыса алмайды. Бауыр, жүрек ауруларының ауыр түрлері, бүйрек жетіспеушіліктері, онкологиялық аурулар сияқты қарсы көрсеткіштері болса ЭКҰ жасалмайды.
Әрине, ондай жұптармен жұмыс істеп, зерттеп, емдейміз, бірақ әрі қарай олар ЭКҰ ны тек ақылы негізде ғана жасата алады. Қазіргі күні Қазақстанда ақылы ЭКҰ шамамен 1,5-2 млн. теңге көлемінде тұрады. ЭКҰ клиникалар Алматы мен Астанада, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент және Тараз қалаларындада бар. Өскемен қаласында да «Экомед», «Персона» атты екі үлкен клиниканың филиалы жұмыс істеп тұр. Бірақ олар «Аңсаған сәби» бағдарламасының жартысына ғана қатысады, яғни, пациенттерді тек ЭКҰ жасауға дайындайды. Эмбрионды салу, ұрықты алып, жасанды ұрықтандыру, орналастыру бұл жақта емес, тек клиникалардың өздерінде өтеді. Жол картасында көрсетілгендей, «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады, маңызды бағдарлама әрі қарай жалғастырыла берілуі де мүмкін, - дейді Надира Слямханова.
ЭКҰ баласы барларға да жасалуда
Бұған дейін ЭКҰ бағдарламасы (2010 жылдан бастап) тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлеміне енгізіліп келген болатын. 2021 жылдан бастап квота тек қана медициналық сақтандыру қорына аударым жасап отырған жұптарға (МӘМС қатысушыларына) беріліп келеді. ЭКҰ ға беріліп жатқан квоталардың сомасы МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) тен бөлінетін қаражат сомасының 1 млн. теңге көлемін құрайды. Сонымен қатар әйел адамның, ер адамның денсаулық көрсеткіштеріне байланысты квотамен ЭКҰ ға барған жұптар өз қалталарынан қосымша қаржы төлеуі де мүмкін екен. Ол қандай жағдайда? Мысалы, ұрықты жатырға салу кезінде оған қарсы көрсеткіштер болуы мүмкін, ұрықты орналастыруға жатыр іші дайын болмауы мүмкін, сол уақытта ұрықты уақытша мұздатып сақтауға, кейін қайтадан қалпына келтіріп, ажыратып, дайындауға қосымша қаражат алынады. Бірақ, мұндай жағдайлар көп кездеспейді дейді дәрігерлер. Алдыңғы ЭКҰ сәтсіз өтіп, нәтиже бермеген (мысалы, әйел жағынан, ері жағынан талдаулардың бәрі дұрыс, бірақ сәтсіз болып жатады) жағдайда клиникада сперманы, эмбрионды қосымша зерттейді. Эмбрионның сапасын зерттейді, себебі, аналық безге, аталық ұрыққа байланысты кейбір эмбриондар әлсіз болып, ары қарай дамымай қалуы мүмкін. Өспейтін, дамымайтын эмбриондар болады. Мұндайда «Қатып қалған» жүктілік, уақытынан бұрын үзілетін жүктілік болуы мүмкін. Оларға зерттеу жүргізетін зертханалар қызметі өте қымбат тұрады, әрі тек жеке меншік клиникаларда жүргізілетіндіктен, мұндай тексерулерге қажетті қаржыны да пациент өз қаражатынан төлейді.
«Аңсаған сәби» бағдарламасына медициналық сақтандыру жарналарын төлеп отырған әйелдер ғана қатыса алады. Бұл бағдарламаға отбасында балалары бар ерлі-зайыптылар да қатыса алады. Мұндай отбасылардағы «екінші бедеулік» нақтылы анықталып, диагнозы қойылғаннан кейін оларға квота беріледі. Бедеулік диагнозы қойылған жұптарға квота жылына бір рет тегін беріледі. Биыл жасалған ЭКҰ сәтсіз болса, квотаны келесі жылға да ала алады. Келесі жылы сәтсіз болса одан кейінгі жылда да беріледі. Қысқасы, отбасылық жұптар бағдарламамен берілетін квотаны 42 жасқа дейін ала алады. Қосымша зерттеулерден өту қажет болса немесе репродуктологтардың, дәрігерлердің нұсқаулықтары бойынша емделу қажет болса онда қайталама ЭКҰ ға осы шаралар біткен уақытта барады.
«Аңсаған сәби» бағдарламасына әйел жалғыз өзі (жалғызбасты әйел) қатыса алмайды. Квота тек ерлі-зайыптыларға беріледі. Өйткені, бұл бағдарламада, квотада аталық ұрық беру қарастырылмаған. Заңды некеде болмағанымен, азаматтық некеде болса да әйелдің өзінің жолдасы болуы керек, егер азаматтық некеде болса, әйел де, ер азамат та басқа некеде болмауы және ол нотариуспен анықталған болуы керек.
Бастапқы жылдарда ЭКҰ арқылы бала көтергендердің арасында дүниеге егіз бала, үшем әкелген аналар көп болды. Біздің облыста да өткен жылда екі бірдей үшем өмірге келген болатын. Оның бір себебі, бір мезетте екі-үш эмбрион салуға рұқсат етілгендігінен екен. Қазір көпұрықты жүктілікке жол берілмейді, бір,екеуден артық салуға болмайды.
Аналық клетканы қатырып қоюға болады
Репродуктологтардың айтып жүргеніндей, ЭКҰ емшарасы 37 жастан кейін аса жақсы нәтиже бермей жататын көрінеді. Бірінші жолы сәтсіз болды, екінші жолы сәтсіз болды деп жүргенде немесе карьера қуып жүргенде, «жақсы жігіт» жоқ деп жүргенде уақыт өтіп кетпес үшін қазіргі заманда әйелдің аналық клеткасын қатырып қоятын әдіс те бар. Репродуктологтар әйелдерге осы тәсілді қолдануға да кеңес береді.
ЭКҰ жасатуға барғандардың арасында да дәрігер кеңесімен өздерінің аналық ұрық клеткасын қатырып қойып жатқандар аз емес көрінеді. Бұл ЭКҰ қайта-қайта сәтсіз болып жататын, денсаулығындағы кінараттарға байланысты ұзақ уақыт бала көтере алмай жүргендерге берілетін үлкен мүмкіндік. Бірнеше жылдар өткен соң пациент өзінің ұрық клеткасымен ЭКҰ жасата алады. Әр клиника өздерінің қызмет көрсету бағаларында көрсетілгендей биоматериалды сақтағаны үшін ай сайын қызмет ақысын алып отырады.
«Аңсаған сәби» арманына жеткізді
Өскемендік ана Еркежан. Т (аты өзгертіліп отыр) сәбиін «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы өмірге әкелгендердің бірі. Апыл-тапыл басып, былдырлаған сөзімен шаңырағын шаттыққа, әкесі мен шешесін, атасы мен апасын бақытқа бөлеген сәби енді ғана жасқа толыпты.
Дәрігерлер белең алып бара жатқан бедеуліктің алдын алу үшін ұлдар мен қыздардың, бойжеткен мен бозбалалардың денсаулығын тексеріп, оларға, ата-аналарына бала кезінен кеңес беріп отыру қажеттігін айтады. Кез келген ата-ана баласының жыныстық белгілері қай уақытта дамығанына, қалай дамып келе жатқанына назар аударып, гинеколог пен урологтың кеңесін алып, бала денсаулығын қадағалап отыруы керек.
Қазіргі күні облысымызда өтіп жатқан «Аналар саулығы» пилоттық бағдарламасының мақсаты да осы ұлттың саулығын, ұрпақтың саулығын ойлап, дүниеге дені сау бала әкелдіру, - дейді облыстың бас репродуктологы Надира Слямханова.
Былтырғы жылдың соңында облысқа «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша қосымша 30 квота бөлініп, кезекте тұрған осыншама отбасына ЭКҰ-ға баруға қосымша мүмкіндік берілген. Ел медицинасы дами бастаған бүгінгі уақытта болашақта бағдарлама бойынша бөлінетін квота тағы да көбейіп, жас отбасылардың балалы болуына бүгінгіден де тиімді жағдайлар туғызылуы, көмектер көрсетілетін болар, бәлкім. Облыстағы қаншама отбасына, Еркежан сияқты жеті жыл бойы бір баланы аңсап келген жандарға ана болу, әке болу бақытын сыйлап жатқан «Аңсаған сәби» болашақта бала деп жүрген барлық шаңырақты шаттыққа бөлегей.
Жанаргүл Көкенайқызы