KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
514.93 536.04 5.18

Шаңырақтың берекесін еселеген алтын жүрек ана

Фото: Нұршәріп Аплатонованың жеке мұрағатынан

4.12.2024, 17:15 38 Гульжан Мусина

80-жылдардың басы. Алыстағы Қаратоғай ауылының дүкеніне сатушы болып орналасып, жұмыс істеп жатқан көрші Ақшидің әдемі қызы елгезектігімен көптің көңілін тәнті еткен. Содан бері 40 жылдан астам уақыт өтсе де сатушы қыз сол ауылда осы  қызметін атқарып келеді.  Жұмыс орны ауысқанымен мамандығы өзгермеген, самайын аққырау шалғанымен  сабырлы мінезінен айнымаған. Жұмыс үстелінің үстіндегі  шоты да көненің көзіндей болып,  бәз-баяғы қалпында алдында жатыр.

Ала дорбадан дүкенге дейін

Күршім ауылынан әрі асып, Марқакөлге қарай кететін жолдың сол жақ қапталында Қаратоғай деген ауыл бар. Біздің кейіпкеріміз Нұршәріп апай осы ауылда тұрады. Нұршәріп Аплатонованың  еңбек жолы тәуекелге  толы болғанымен, қиындықтың бәрін жеңіп, ерінбей еткен еңбегінің арқасында ұрпағын өсіріп, тәрбиелеп, жеткізіп отырған  қазақтың көпке үлгі болар, еңбекқор аналарының бірі.

Бүгінгі ұл-қыздарымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қытайлық ала сөмкені арқалаған ауылдың аналары Алматыға, Қырғызстанға барып, тауар тасып, жұмыссыздықты, жоқшылықты қалай жеңіп шыққанын, отбасын қалай асырағанын біле бермейді. Қылдырықтай белдері майысып, қара құрым халықтың ішінен ауыр сөмкені зорға арқалап шығып, қағылып-соғылып жүріп пойызға, автобусқа салып, одан паромнан  ақ тер  көк тер болып әрең дегенде өтіп, аязды күнде, аптап ыстықта түнделете сүрініп  жығыла ауылға жететін еді. Сол кездегі ауыл әйелдері 90-жылдардың толқып жатқан теңізіне бір батып, бір шығып жүріп, әйтеуір, мойындарындағы міндеттерін орындады. Еңбекпен тапқан  нанның ғана тәтті болатынын көрсетті. Алматы мен Қаратоғайдың арасында киім-кешек, тамақ тасып отбасының нәпақасын тапқан  Нұршәріп апайдың қиындықпен келген нанының дәмі де елдікінен ерекше еді.

Нұршәріп апай 1976 жылы мектепті бітірген соң Семейдегі сауда техникумын аяқтап, 1981 жылы туған жеріне, Қаратоғай ауылына сатушы болып оралады. Сүйріктей саусақтарымен шот қағып, келушілермен  әрдайым биязы сөйлесіп, жымия күліп тұратын ізетті қыз ауылдың жас, кәрісінің, бәрінің көңілінен шыққан.  Мейірімді жүзінен нұр төгілген Нұршәріп Қалғұты кеңшарында жүргізуші болып істеп жүрген ауыл жігіті Қайролданың  жүрегін жаулап, сатушы қыз Аплатоновтар  әулетіне келін болып түседі.

Ері Қайролда аға астындағы көлігімен күні бойы кеңшардың жұмысымен шапқылап, еселі еңбек етсе,  өзі дүкенге келушілерге қалтқысыз қызмет көрсетіп, ауылдастарының ризашылығына бөленді. Екі жастың отбасы ағайын-туысқа ғана емес, ауылға сыйлы өнегелі болды. Жас отбасында үш бала  өмірге келеді.  Нұршәріп апай осы ауылдағы дүкенде он жыл сатушы болып жемісті еңбек етті.

Бұл кез Қалғұты кеңшарының орталығы Қаратоғайдың дүрілдеп тұрған уақыты. Ауылдағы «универмаг», кітап дүкені, азық-түлік, аяқ   киім дүкені, наубайхана, «МТМ» сияқты нысандар халықтың тұрақты жұмыс орыны  болатын. Таңертең механизаторлар, жүргізушілер темір тұлпарларын от алдырып, қырға, егінжайға, дала жұмыстарына бет алғанда ауыл ішін гүрілдеген мотор дауысы алып кететін. Қайнаған тірлік.

- Енем өткен соң алты айдан кейін келін болып түстім Аплатоновтар әулетіне. Кеңестік кезеңде 80-жылдардың соңында сауда тоқырап дүкендер жабылған соң атаммен сиырда жүрдік, бірге мал бақтық қыстақта. Атамның берген ақылының өзі бәрімізге үлкен бір өмір мектебі болды.  Еңбектің ешқайсын қиынсынбадық. 1987 жылы ауылға көшіп келдік, - деп еске алды Нұршәріп апай  еңбек жолын, өткен күндерді.

Нұршәріп апай ауылға көшіп келген соң ауыл интернатында жұмыс істейді. Ауыл интернатында бала саны азайып,  мардымсыз жалақының өзі бірде бар, бірде жоқ болып жатқан алмағайып уақытта табыссыз, жұмыссыз қалмас үшін  амалсыздан Алматыдағы барахолкадан ауылға тауар әкеліп сатуға бел буған.

Аязды түнде

1996-97 жылдар. Кәсібі-Күршім-Жаңғызтөбе-Алматы бағытымен ала дорбаны арқалап, ауылға тауар тасу. Саудасы қызбаса да, күн көрісіне жетті. Жаңғызтөбеден таласа-тармаса пойызға отырып, Алматыға жеткен соң, сол күні немесе ертеңінде іле-шала екі-үш жоян ауыр сөмкені арқалап алып көршілес ауылдың қыз-келіншектерімен, кейде жалғыз өзі қайтадан Қалғұтысына жетуге асығады. Кейін Алматыдан Күршімге, Самарға бөлек автобус шығарылды. Нұршәріп апайдың басынан өткен  ауыртпалық: жол азабы, ауыр жұмыс, мазасыз шақ, сол кезде бүкіл ауыл әйелдерінің басынан өтіп жатты.

- Бірде Алматыдағы барахолкадан Күршімге шығатын автобусқа сыймай қалып, Самардың автобусына міндік. Күршімге бару үшін жолдан қазіргі Құлынжон, бұрыңғы Казнаковкадан түсіп қалып, паромға, Күршімге қарай бұрылатын бұрылыста тоңып тұрмыз. Қараша айының аяғы болса да қақаған аяз. Қас қарайып, ауылды түн басты. Ауылда танитын адамымыз, қонақ үй де жоқ. Жүкпен жолда тұрмын. Қасымда өз ауылымның қызы Гүлжан бар, ол да өзім сияқты  сөмке тасып, екі ортада жүрген жан. Бір заматта әйтеуір жарығын түсіре жүріп келе жатқан «Газ-53» көлігі қиылыстан Қызылту өткеліне қарай бұрыла берді. Сол-ақ екен біз де алдынан көлденеңдей жолға  жүгіріп шығып, ала кетуін өтініп, жалына бастадық. «Соңғы паромның жүруіне бәленбай минут қана қалды, андағы жүктеріңді қай уақытта тиеп бітесіңдер, өздеріңді қай жерге отырғызам, жолда ГАИ бар...» деп енді болмаса тастап ызғыта жөнелуге даяр тұрған шопырға  «Бізді өлтірмейін десеңіз, далада қалдырмаңыз», деп екі жақтап жалбарындық. Шопырдың келіскендей үнсіз отырып қалған кейпін көрген біз жалма  жан ауыр сөмкелерімізді бірінен соң бірін   «Газ-53» биік бортына лақтырып, тией бастадық.  Айналасы бір-екі минуттың ішінде он шақты ауыр сөмкемізді, теңімізді тиеп тастап, кабинаға отырып, жүргелі тұрған паромға да жетіп үлгердік. Күйеулеріміз арғы жағада күтіп тұр екен, дейді  жол азабын тартқызған сонау жылдардың  машақаты аз болмағанын айтқан Нұршәріп апай.

Арғы жағадан күтіп алған ер азаматтары заттарын көліктен алып, жеңіл машинаға тией бастайды ғой. Сірескен ауыр сөмкелерді биік көліктен жерге әрең дегенде түсіріп жатқандарға қарап тұрған әлгі «Газ-53» шопыры сонда таңқалып: «екі әйелдің екі минутта тиеген қаптарына екі еркектің әлі келмей жатыр, мықшыңдап» деген екен. Екі келіншектің шыбын жандарын шүберекке түйе, зілдей ауыр қаптарды қас пен көздің арасында көліктің үстіне салып үлгергендігіне қайран қалып. Қырық шырақты әйелдің жаны алып та, нәзік те бола алатынын осыдан білуге болар.

Ол кезде Күршім ауылында бар жоғы бір-екі наубайхана ғана бар, дүкендер де сиреп қалған. Алыстағы ауылдардың тұрғындары нанды аудан орталығынан тасымалдап алып отырды. Оның өзінде бірде бар, бірде жоқ болып қалатын. Халық бір қап ұнды бес қойға, бір керзі етікті үш қойға алып жатқан заман...  Нан интернат балаларына күнделікті жетіп тұруы үшін мектеп басшылығы нан салудың бабын білетін Нұршәріп апайға балаларға нан пісіріп тұруды ұсынған.

Біраз уақыттан соң Нұршәріп апайдың ып-ыстық нанын сатып алуға  бүкіл ауыл тұрғындары келе бастаған. Әлі есінде, өзінің нанын ауылда ең алғашқылардың бірі болып кластасы Оразғали Көшербаев сатып алған. Сөйтіп, нан үшін Күршімге сабылып жатқан, Күршімнен алып жатқан ауыл тұрғындары енді Нұршәріптің нанын ғана алатын болады. Бұл 2000 жылдар. Алғашында  күнделікті 30 нан салып сатса, бірте-бірте 200-300 нан, мыңға тарта тоқаш пісіріп, сата бастаған.

Қазір Алматыда тұрып жатқан туған апайы Бақанмен үлкен наубайхана ашып, біржолата нан өндірісіне көшеді. Қара қиды жағып, ыстық шоғына күніне 300 бөлке нан салып, бүкіл ауылды нанмен қамтамасыз етіп отырады.

Нұршәріп апай кейін наубайхана жанынан кішігірім дүкен ашады. 2002 жылы ашқан шағын дүкенді өздері үшін аса қадірлі болған, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай  өсіріп, жеткізген атасының атымен атауды жөн көріп, «Төкен» деп қояды. Төкен атасы үш ағайынды жігіттің бірінің жалғыз ұлы еді. Бүгінде артында еңбекпен ер жетіп жатқан берекелі ұрпағы бар. Айтпақтайын, дүкенді ауылдың ер азаматтарының көмектесуімен өздері салады. Ауыл тұрғындары асарлатып, дүкеннің төрт бұрышын төрт жігіт құйып, аз-ақ күнде ауылда әп-әдемі дүкен бой көтеріпті.

Ала дорба арқалаған заман артта қалып, Нұршәріп апай дүкен ашып, бірнеше жылдан соң өз мамандығына осылай қайтадан оралады. Ел еңсесін тіктей бастаған бертінде, ері Қайролда аға ауылдың маңындағы Қызылағаш қыстағындағы мал фермасының қора-жайын сатып алып, кәсіпкерлікпен айналысуға көшіп, «Жандос» шаруа қожалығын ашады. Қазір Аплатоновтардың екі ұлы: Мерей мен Жандос сол қожалықтың шаруасын шырқ иіріп, дөңгелетіп келеді. Ірі қара, қой, жылқы бағып, Қалғұтының жазиралы жазығына төрт түлігін өргізіп отыр. Қайролда аға зейнетте.

Төкен атаның бес ұл, екі қызының ішінде Қайролда аға ұлдың екіншісі. Азаматы көбінесе жұмыста болғандықтан, той  томалаққа, көңіл айтатын жерлерге апай Төкен атасымен бірге баратын. Балалары үшін табан етін тіліп, маңдай терін төгіп жүріп, тәлімді тәрбие берген Төкен атасымен кеңесе отырып, алғашқы келін-ұлдарды  үйлендіріп, қыздарды қияға қондырып, барлық жөн-жоралғысын өзі атқарған. Бүгінде бес абысын да бір-бірімен тату, әулеттің берекесін арттырып отыр.

Нұршәріп апайдың келіндері отбасының ұйытқысы болып  отыр.  Аллаға шүкіршілік айтып, сегіз немересінің қуанышына бөленіп отырған Қайролда мен Нұршәріп апайдың отбасы былтыр Күршім ауданы көлемінде өткен «Мерейлі отбасы»  ұлттық байқауының жеңімпазы, облыстық сайыстың дипломанты атанып, елдің ерекше ықыласына бөленді. Немересі Махамбет Қайролда Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы музыкалық колледждің студенті, кіші немересі Алдияр Қайролда Өскемендегі спорт мектеп интернатында күрес спорты бойынша оқып жатыр.

Қазақстанда  қыркүйек айының соңғы жексенбісі – еңбек күні мерекесі. Отбасының, ауылының дамуына қарапайым да жасампаз ісімен үлес қосып, адал әрі табанды еңбектерімен табысқа жетіп отырған – Аплатоновтар әулетінің, Нұршәріп апайдың, Қайролда ағаның мәртебесі қашанда биік.

Жанаргүл Мұқатай

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу