KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

От қаламды тұғырлы тұлға

7.12.2024, 10:00 29 Гульжан Мусина

1975 жылдың жазында сол кездегі Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің қазақ бөлімін 44 түлек бітірдік. 1970 жылы оқуға қабылданған елу талапкердің бес жылда бітіру мәресіне жетуі оңай болмағанын студенттік кезеңді бастан өткергендер осыдан-ақ жақсы түсінеді. Енді үлкен еңбек, шығармашылық өмір сапарына аттанып кете барып едік.

Осыдан 50 жылдан астам уақыт бұрын жастық кезімізде тұс-тұстан келсек те, студенттік партада тосырқамай танысып, ұғынысып кеткен достарым туралы бұрын да жазғанмын. Бүгінгі әңгіме студент жылдардан азаматтық болмысы бөлек, жаны жайсаң Заманбек Әбдеш туралы.

Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бір курста оқитын жеті жігіт жақын дос болып табыстық. Сыр бойынан, Жалағаштан – Құттыбай Сыдықов, Қармақшыдан – Шәкизада Құттаяқов, Шиеліден Жолдас Сырғабаев екеуміз, Шығыстан, Зайсаннан – Заманбек Әбдешев, Оңтүстіктен, Келестен – Сауытбек Абдрахманов, Түркістаннан – Тілеуқабыл Мыңжасаров. 1974 жылдың қысқы демалысында 4 курстың қысқы сессиясын тапсырған соң ақпанның 21-інен наурыздың 2-сіне дейін 10 күн Ташкент – Келес – Түркістан – Шиелі – Қызылорда – Жалағаш – Жосалы жортқанбыз. Сол қызық сапарды жыр қылып айта жүріп, курстастар арасында «Жеті дәруіш» атанып кетіп едік.

Студенттік шақ бітіп, қызметке араласқан жаңа өмір басталды. Жігіттер журналистік-жазушылық қабілеттерімен, қоғамдық қызметтерімен танымал азаматтарға айналған әдемі кезең жалғасқан. Заманбек Әбдешев –ақын-жазушы, аудармашы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Зайсан ауданының құрметті азаматы.

Өкінішке қарай Құттыбай, Шәкизада және Жолдас өмірден ерте кетті. Ортамызда жүрсе, биыл Құтекең 80-де, Шәкизада 75-те, Жолдас 72-де болар еді...

Қазақстанның әр қиырынан арман қуып Алматыға келген өрімдей жастар кім қай облыстан келгенімізді сұрағаннан басқа ештеңемен шаруамыз жоқ, адал көңілмен алаңсыз қауышқанбыз. Өмip жолы тақтайдай тегіс келе бермейді екен, ыстық-суығымызға бipгe күйіп, бipгe тоңған жанашыр, қиындыққа мойымаған өр көңіл қалыптан айнымадық. Әркім өмірден өз орнын тауып, қызмет атқардық, үйлі-баранды болдық, ата-әже атандық. Бұл күнде бәріміз де зейнеткерміз.

1975 жылы университетті бітірген соң «Жеті дәруіштің» төртеуі – Құттыбай Қуанышкүлді, Жолдас Ұлымкүлді қолтықтап Сыр өңіріне, Тілеуқабыл Гүлзадамен Түркістанға оралды. Заманбек Өскеменге жол тартты. Шәкизада, Сауытбек, мен, үшеуміз Алматыда қалдық. Анда-санда жұмыстағы телефонмен шолақтау тілдесеміз.

Зәкең жолдамаға сай Өскеменде облыстық теледидарға редактор болып орналасты. Жаңа жер, орысы басым ортаның күйбең тіршілігі оның сері болмысын еліктіре қоймаған. Алтайда жүрсе де қиялы Алатау, көңілінің түкпірінде Алматы, бес жыл жұп жазбаған достар... Мақсаты – шығармашылық жетістіктерге жету үшін Алматыға қалайда жету.

Заманбек Зидабекұлы Зайсан ауданының Бақасу ауылында 1949 жылы 27 қарашада дүниеге келген. Осында Мәметова атындағы бастауыш мектепте оқыған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасына дейін туған адамдардың талайының туған күні, айы, тіпті жылы олардың туу туралы куәліктеріне дәл жазыла қоймаған. Әйелдер үйде босанады, отағасы шаруашылықтың қауырт жұмысында. Жаңа туған баласына құжат алуға бірде қолы тигенде ауылдық кеңеске бара қалғанда сәбиі нақ қай күні дүниеге келгені шаруабасты жанның есінде тұрады деймісің, шамамен, кейде сол әкесінің барған күні туған күн ретінде жазылып кете берген. Зәкеңнің де құжатында туған күні осылай – 23 қазан.

Бала күннен құйма құлақ Замаш ертегі тыңдауға құмартып, естіген өлеңін бірден жаттап алып өсіпті. Осы күні де өзінің ғана емес, талай ақынның өлеңдерін сағаттап айтуға бар. Өткен ғасырдың елуініші жылдары ауылдың кітапхаларынан көркем кітаптың талайын таласа оқыған, тамсанып өскен баланың қиялы жыр болып төгіліпті. Табиғатты сипаттаған шумақтарын алдымен тыңдайтындар ­– атасы Әбдеш (шын есімі Әбдірасұл) мен әжесі Мәрия. Зәкең осы атасы мен әжесі бауырына басқан тұңғыш немерелері екен.

«Бәріміз де кезінде қалам тартуды өлеңнен бастап едік» деп еске алады Зәкең. Зайсан ауылдарының әдебиетке құмар, шығармашылыққа бейім жасөспірімдері «Келешек» әдебиет бірлестігін құрған. Жиналып ап, туындыларын ортаға салып талқылайды. Осындай өзара сын-сүзгіден өткендерін аудандық «Достық» газетіне жолдап отырған. Сол «Келешек» бара-бара аудандық газет жанындағы бірлестікке айналады.

1967 жылы Дайыр ауылында мектепті бітірген соң талаптары таудай, бір мектепте оқыған қанаттас достар Заманбек пен Ғалым өзара уәделері бойынша Қазақ мемлекеттік университетіне журналист оқуына түсу үшін Алматыға тартады. Ол кезде журналистика факультетіне 25 қана студент қабылданады, талапкер көп, көбіне екі жыл жұмыс өтілі барлардың жолы ашылып жатады.

Ә дегеннен жолы болмай ауылға қайтқан жастардың тауы шағылған жоқ. Келе ауылдың мәдени тіршілігіне араласып кетеді. Сол тұста ауыл клубына ауданға танымал өнерпаз Ораз Кәкеев киномеханик болып орналасады да, бейімді жастардан драма үйірмесін құрады. Жазушы Зейтін Ақышевтің 1965 жылы шыққан «Жаяу Мұса» пьесасын ауыл клубында қояды. Мектептен ақын атанып, ауданға танылып үлгерген Заманбектің әртістік қабілеті ашылып, қойылымға қатысады. Ғалым досы да сырт қалмайды. Осы істеріне шабыттанған екі дос режиссер Ораз Кәкеев жұмыс ауыстырып кеткенде өздері «Дала перзенттері», «Махаббат машақаты» пьесаларын жазып, ауыл сахнасына қояды, басты рольдерде ойнайды.

Осылай ақындық пен әртістік қабілеті тасып, шабыты жанып жүргенде Заманбек әскерге алынады. Солтүстік Мұзды мұхит жағасынан бірақ шығады. Жас сарбаз коммунистік партия қатарына қабылданады. Дәптеріне жауынгер жырлары жазылады.

Заманбек 1970 жылы әскерден оралған бетте қайта Алматыға жол тартады. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Бұл уақытта аталған факультетке 25 емес, 50 студент қабылдайтын болған. Декан ғалым Тауман Амандосов еді.

Декан курсты 25 студенттен «А» ересектер және «Б» жастар тобына бөлген. Ересектер еңбек өтілімен түскендер де, жастар мектепті сол жылы бітіргендер еді. Декан «А» тобының старосталығына Заманбекті таңдады. Старостаның міндеті – курстың ұйтқысы болу. Заманбек іркілмеді, қатарластарын үйіріп әкетті, диспуттарда сөз сөйлейтін, өлеңдер оқитын. Осылай бедел алды. Бірақ ақын азаматтың кемшілігі көңілшектігі еді, әлдебір сылтаумен сұранған курстасын сабақта болмады деп журналға белгілемейтін. Сонысы өзіне таяқ болып тиді. 3 курста жаңа декан қатулы Темірбек Қожакеев «курсты таратуға айналыпсың» деп Заманбекті старосталықтан түсіріп тастамасы бар ма. Алайда адамның көңіліне қарау қасиеті бойында сақталып қалды.

Оқу бітірген соң Өскеменге жіберілген Заманбек онда көп аялдай қоймады, арман жарты жылға жетер-жетпесте оған ат басын біржолата Алматыға бұрғызды. Алматыда жұмыс табу, қалаға тұрақты тіркелу оңайға түскен жоқ. Әуелі біршама уақыт «Қазақстан пионері» (қазір «Ұлан») газетінің редациясында істеді, кейін «Жазушы» баспасына аударма бөліміне редактор болып ауысты.

Аударма жас қаламгер үшін бұрын араласа қоймаған тың сала еді. «Осы қызметім шығармашылығыма бетбұрыс жасады. Баспаның қым-қуыт жұмысы және тәржіма біржолата аударма қазығына байлап тастады. Өлеңді ара-тұра жазатын болдым. Өзім үшін, жан өртімді басу үшін, жақсыларға жүрегімді ашу үшін жазатынмын. Ғұмырбаяным сол өлеңдерімде өрнектелген» деп еске алады Зәкең. Айтқанындай, Заманбектің 2010 жылы Астанадан шыққан жыр жинағы «Жан сырым», 2019 жылы Алматыда жарық көрген өлеңдер мен естеліктер жинағы «Жылдарым – гүл бағым» аталуы осыны аңғартады.

«Мен қалай жыр жазудан тоқталамын,

Қолымда тұрған кезде от қаламым.

Мен үшін бықсып жану мақсат емес,

Мен жансам лап етем де жоқ боламын», – деп шарпыса, одан әрі:

«Жаным менің жырға толы, жігіттер,

Жаным менің Байкал сынды тұнық көл.

Сол тұнықты асау толқын шайқаған,

Кездерінде мықты болсаң ұғып көр» – деп жанының тұнық тұңғиығына тартады. Сөйтіп тарта отырып:

«Дейсің сен қатты сөйлеп, қыбыр етпе,

Өз ойың – қателеспеу бір ретте.

Құдай-ау, сонда мұның несі қызық,

Осылай қиқу салыпғұмыр өтсе?!» – деп асау көңіліндегі астан-кестен толқыннан хабар береді. Зәкеңнің лиркалық жырлары да әсерлі сезімге бөлейді.

Зәкең Жазушылар одағына орналасқан баспада үлкен өмір мектебінен өтті. Баспаның поэзия бөлімінде де қызмет атқарды, талай қаламгердің кітабына редактор болып, жолын ашты. Небір жақсы мен жайсаңға жанасты, сөздерін тыңдады, кейбір мінез-қылықтарын аңдады. Содан түйген пайымдары келе-келе мөлтек сыр, естеліктерге айналды. Заманбек көзімен көрген оқиғаларынан, көңіліне түйгендерінен әйгілі ақын-жазушылар Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Қайсенов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағлиев, Ғафу Қайырбеков, Мұхтар Шақанов, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Тоқаш Бердияров, Сағи Жиенбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Іслам Жарылғапов, Марат Барманқұлов, өнер адамдары Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғайбаев, сондай-ақ бірқатар замандасы туралы шерткен сырлар оқуға ғана қызық емес, сол жағдайлардан түйген ойларымен де әсерлі әрі өзекті.

Заманбек аударма саласында өнімді еңбек етті. Талантты аударма майталманына айналды. Әлемдік классикаға жататын әйгілі орыс жазушысы Борис Васильевтің «Тамылжыған таң» повесі мен бірқатар әңгімесін, болгар жазушысы Георгий Караславовтың «Шешуші сағат», ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің басынан кешкендері», алжир жазушысы Мулуд Маммеридің «Апиын мен таяқ», «Шөл даланы кесіп өту», француз қаламгері Виктор Гюгоның «Аласталғандар», америкалық жазушылар Стивен Кингтің «Сол», Фрэнсис Скотт Фицджеральдтың «Ұлы Гэтсби» романдарын ана тілімізде сөйлетті. Сондай-ақ малқар ақыны Тәнзила Зұмақұлованың «Салтанат» өлеңдер жинағын, қырғыз ертегілерін, А. Горяевтің «Неру» ғылыми-көркем өмірбаян кітабын қазақтың рухани қазынасына қосты. «Хабар» телеарнасында біраз жыл қызмет атқарып, жүздеген телесериалдарды, мультфильмдерді, деректі фильмдерді көрерменге ұсынды.

Заманбек – қазір Жазушылар одағы аударма кеңесінің төрағасы. Бүгінгі көркем аударманың жай-күйі туралы ойларын ортаға салып, жетістіктер мен олқылықтарды білікті талдайды. 75 жылдық мерейжасқа толып отырған Зәкеңді майталмандар қатарына лайықты қосамыз. Аудармадағы еңбектері үшін Заманбек Әбдешев «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығымен, «Парасат» орденімен марапатталды.

Зәкеңнің ата-анасы Зиадабек аға мен Гүлжамал апа, аяулы жары Кәбира Баймұқанбетова өте жайсаң, ізетшіл де ізгі жандар еді. Алматы опера және балет театрының опера студиясында Бибігүл Төлегеноваға шәкірт болған Кәбира тамылжыта ән салып, ортамыздың гүлі болып жүретін. Отағасының, отбасының жайын жасаған Кәбира өмірде өнер жолын қуған жоқ. Оның да дүниеден өткеніне он жыл.

Кәбира мен Заманбектің Айдар, Ризагүл, Алмас, Индира атты ұл-қыздары бүгінде үйлі-жайлы, ұрпақ өсіріп, өркен жайған.

Мақаламыздың басында 1975 жылы университет бітіріп, енді студенттік шақтан үлкен өмір жолына аттанып кете барып едік деп жазғанмын. Содан бері елу жылдай уақыт өтіпті, осы жарты ғасырлық шығармашылық белестерге қорытынды жасасақ, курс түлектерінің қазақ руханиятын молықтыруға қосқан үлестері аз емес. Қазақ сөзінің бүгінгі өрен жүйріктерінің бел ортасында ақын, аудармашы Заманбек Әбдешев те лайықты тұр.

Ақайдар Ысымұлы,

мәдениет қайраткері

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу