Әміржан Қосанов сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды
«Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қосанов Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Менің мемлекеттік қызметте 7 жылдық тәжірибем бар. Психикалық ауруларға қатысты анықтаманы алдым. Барлық қажетті құжатты жинап тапсырдық. Олар екі күн қарастырылатыны айтылды. Дүйсенбі күні сағат 11-де мемлекеттік тілді меңгеру сынағынан өтемін», - деді Әміржан Қосанов Орталық сайлау комиссиясында журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетейік кеше «Ұлт тағдыры» РҚБ құрылтайында саясаткер Әміржан Қосановтың кандидатурасын президенттік сайлауға ұсыну шешімі қабылданды.
Әміржан Қосанов 1964 жылы 13 мамырда дүниеге келген. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алған. Түрлі жылдары коммунистік жастар одағында, ҚР мемлекеттік органдарында, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстарда еңбек еткен. Үйленген, үш баласы бар.