KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Шығыстағы шапағатты шипажай

7.12.2024, 10:45 27 Гульжан Мусина

Адам өмірінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы ғұмырының соңғы әрі шешуші кезеңі – қарттық. Қарттықтың да түр-түрі болады екен. «Біреу ой қуады, енді біреу той қуады» демекші, қарттыққа да әркім әр қалай жететін көрінеді. Жетпей кеткендер қаншама?!

Қазақта «Жасында байқары жоқтың, жасы ұлғайғанда айтары жоқ» деген аталы сөз бар. Кейде, ақсақалдық жасқа келсе де, не аузында баталы сөзі, не өмірден көрген-білгені, болмаса аузына қараған бала-шаға, немерлеріне айтар ғибраты жоқ «ақсақалдарды» көргенде, ойыңа Абай жарықтықтың:

«Ұзақ өмір не керек,

Көрген-білген болмаса?!» деген өлең жолдары еріксіз оралады. Осындайда ащы да болса: «Бүйтіп жас-кәріге қадірсіз «ақсақал» болғанша, ақсақалдық жасқа жетпей-ақ кеткен анағұрлым абыройлы екен-ау?!» деген ойдың келетіні де жасырын емес.

Жалпы, қарттық жайында қалам тербегесін алғысөз ретінде ойға орала кеткені болмаса айтайын дегенім бұл емес болатын.

Жыл он екі ай қызмет көрсетеді

Біздің елде егде тартқан адамдар зейнет демалысына шығарылады. Қазіргі зейнет жасы «Ер адамдар үшін 63, әйел адамдар үшін 61 жас!» деп бекітілген. (Ертеректе бұл 60 пен 58 жас болатын). Жасырып-жабары жоқ, біздің елдегі адамдардың көпшілігі зейнет демалысына шаршап-шалдығыңқырап, аурулы-сырқаулы боп шығып жатады. Оның себеп-салдары да әр алуан.

Енді, ес біліп, етек жапқалы тыным таппастан күн демей, түн демей жұмыс істеу оңай ма? Әуелі өзі үшін, кейін балалы-шағалы болғасын: «Қайтсем соларды қатарынан кем қылмай өсіріп-жеткізем? Қайтіп оқу оқытам? Қашан үй ғып үйлендірем?» деп жүріп-ақ қалай өмірінің көбі өтіп, азы қалғанын байқамай да қалады. Сөйтіп бейнеттеніп жүріп зейнетке шыққан адам, сол бейнетінің зейнетін көргісі келері заңдылық қой. Бірақ, сол зейнеттің мысқалдайын болса да қалай, қашан, қайда барып көруге болады?

Міне, біздің бүгінгі айтпағымыз да осындай зейнет демалысындағы адамдарға арналған қамқорлық жайында болатын.

Негізі сонау 1970 жылдары, Кеңес үкіметінің тұсында қаланған «Уба» шипажайы облыс орталығы Өскемен қаласынан шамамен 80-90 шақырым болатын Шемонайха ауданына қарасты, Выдриха ауылында орналасқан.

Шемонайха ауданында болған сапарымызда «Уба» шипажайы директорының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Инна Захароваға жолығып, шипажайдың тыныс-тіршілігі жайында аз-кем әңгімелескен едік.

- Шипажай 70-ші жылдары салынған екен. Зейнеткерлерге содан бері үздіксіз қызмет көрсетіп келе ме?

- Жоқ, үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан жоқ. Өзіңіз білесіз, тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда еліміздегі экономикалық ауырпашылық пен нарықтық қымбатшылыққа байланысты бұл шипажай біраз жылдар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

- Қазіргі таңда қалай жұмыс істеп жатырсыздар?

- Шипажай жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Әр зейнеткерге 14 күндік жолдама қарастырылған. Бір қабылдағанда 250 адамды қабылдай аламыз. Олардың 200-і осы Выдриха ауылындағы басты екі корпусқа қабылданса, 50 адам өз демалыстарын көрші Усталовка ауылындағы филиалымызда өткізе алады. Демалушыларға ол жерде де артық-кемі жоқ, дәл осындай жағдай жасалған.

- Демалушылар бұл шипажайға қалай келіп-кетеді, жолақылары да шипажай есебінен бе?

- Жоқ, демалушылардың келу-кету жол шығындары өздерінен. Ондай шығынға бізден қаражат қарастырылмаған. Біреулер жолаушылар автобусымен немесе таксимен келеді. Енді біреулерді туыстары не балалары әкеп тастап, демалыс уақыттары аяқталғанда алып кетіп жатады.

Біздің міндетіміз, келушілердің төсек-орындарын әзірлеп, үш мезгіл тамақтарын бергізіп, медициналық және басқа да қызметтер көрсету. Ал бұрын-соңды мұнда болып көрмеген зейнеткерлер өздері тұрып жатқан жердегі тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне барса, сол жердегі қызметкерлер кезекке қойып, қандай құжаттар керек, не істеу қажет барлығын түсіндіріп айтып береді.

- 200 адам аз емес қой, тамақтандыру жағы қалай?

- Демалушыларды 100 адамнан екі бөліп үш мезгіл (8-9-таңғы ас, 13-14-те түскі ас, 18-19-да кешкі ас) тамақтандырамыз. Сол үшін арнайы аспазшылар жұмыс істейді. Олар өздеріне белгіленіп берген уақыт бойынша ауысыммен жұмысқа шығып тұрады.

Ақсақалдар ақ батасын арнады

- Штаттық кестелеріңіз қанша адам және күн тәртіптеріңіз қалай?

- Штаттық кесте бойынша мұнда 194 қызметкер бар. Оның ішінде 38 адам медицина қызметкерлері болса, 25-і асхана жұмысшылары. Қалған адамдардың да өздерінің күнделікті атқаратын міндеттері мен қызметтері бар. Мұндағы қызметкерлердің барлығы да тұрғылықты, Выдриха ауылының адамдары. Сырттан кеп жұмыс істейтіндер жоқ.

Түске дейінгі уақыт негізінен ем-домдарын алуға белгіленген.

- Ем-дом дегенде, ол қандай ем-домдар?

- Айталық, балшықпен емдеу, су процедуралары, бейне терапиясы, массаж, инголяция, циркулярный душ, галатерапия, шунгитатерапия кабинеті т.б. бар.

- Демалушылар бос уақыттарын қалай өткізеді?

- Шипажайдың өзінің мәдени қызметкерлері бар. Мысалы, таңертеңгі сағат 11-лерден бастап түске дейін, сосын кешкілік 7 жарымнан акт залымыз ашылады да, сол жерде түрлі дайындықтар жүргізіледі.

- Ол қандай дайындықтар?

- Демалушылар арасында кезінде көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысып ән салған, би билеген т.б. небір өнерлі адамдар болады. Біздің мәдениет қызметкерлеріміз солармен тығыз байланыста жұмыс істеп, өздерінің және келушілердің күшімен тамаша концерттер қойып береді. Одан басқа биллиард, теннис, шахмат, дойбы ойнайтын арнайы бөлмелеріміз де бір мезгіл босамайды.

Үшінші қабатта кітап қоры бай кітапханамыз бар. Ол жерде де күнделікті мәдени шаралар, шығармашылық кештер, түрлі тақырыптарға арналған викториналар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Қысқасы демалушылардың іштерін пысырмаймыз.

- Қыс мезгілінде де жұмыс істейді екенсіздер. Алтайдың қысы қатал екендігін білеміз. Демалушылар тарапынан «Жатын бөлмеміз салқын» дегендей шағым-арыздар болмай ма?

- Біздің шипажайдың ешкімге тәуелсіз өзінің от жағатын дербес қазандығы бар. Онда істейтін адамдар да өз ісінің шеберлері. Уақытында күлін шығарып, көмірін түсіріп, судың деңгейін қадағалап, қажетті температураны бір қалыпты беріп отырады. Сондықтан жылу жағына ешқандай мәселеміз жоқ.

Бұл жерде неше түрлі қызықты оқиғалар боп жатады. Айталық, бір-бірін мектеп бітіргелі көрмеген кластастар, басқа ауданда тұратын құда-жегжаттар, көрмегендеріне көп болған туыс адамдар да осы жерде кездесіп қап, мәре-сәре боп жатқандарына талай мәрте куә болғанбыз.

- Еліміздегі саяси науқандарға қатысасыздар ма? Мысалы, өткенде ғана еліміз бойынша АЭС салу-салмау жөнінде бүкілхалықтық референдум болып өтті. Оған дейін де талай-талай сайлаулар болды дегендей?

- Сайлау, референдум секілді саяси науқандарға қатысу-қатыспау әр адамның жеке шаруасы болғандықтан, біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Дегенмен, біздің шипажай демалушылары қандай да бір науқанда белсенділік танытып Выдриха ауылындағы сайлау учаскесіне барып дауыс береді.

- Әңгімеңізге рахмет, еңбектеріңіз жемісті бола берсін!

Айтпақшы, біз барғанда шипажайдың акт залы қазақ-орысы аралас демалушыларға лық толып, күтіп отыр екен. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген зейнет жасындағы ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз кездесу барысында айтыс өнеріне, журналистикаға қатысты көкейдегі сауалдарын жолдап, айтқан әніміз бен тарқан күйімізге разы боп, шара аяқталғасын ақсақалдар батасын беріп, естелікке суретке түсті.

Қарттарымыз аман-сау жүрсін!

Серік Құсанбаев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу