KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Ақбауырдағы археологиялық жұмыстар жалғасады

8.12.2024, 11:15 13 Гульжан Мусина

Археологтардың жұмысы қорым немесе ежелгі қоныстарды қазумен ғана шектелмейтіні анық. Негізгі мақсат  – дәуірлер мен ғасырлардың тарихи айғағы ретінде табылған жәдігерлерді зерттеп, зерделеп, өткен заман өркениетінің парағын ашу. Осылайша, олар нақты дерекке қол жеткізіп, байырғы бабалар мәдениеті мен өркениетін паш етуді көздеп келеді.

Бірнеше жыл бұрын осындай мақсатта Ұлан ауданының Бестерек ауылында ғылыми-зерттеу орталығы ашылған. Оған себеп болған сол ауылдың іргесіндегі Ақбауыр археологиялық кешені еді. Бүгінде аталған аумақта археологиялық қазба жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz.

Біз Ақбауыр археологиялық кешенінде қазба жұмыстары жүріп жатқан сақтардың қонысына барып қайтқанбыз. Археологтар көне тарихтың парағына үңілген. Байырғы баба қоныстан ежелгі өркениет қалдықтарын табуды мақсат еткен жандардың жұмысында тыным жоқ. Жұмыс ережесіне сай бірнеше бөлікке бөлінген жердегі әрбір уыс топырақты еппен қазып алынды. Нағыз ерінбестің еңбегі деп осыны айтуға болатын шығар.

Қоржынбайдың төңірегі түгел қоныс

Археологтармен аз-кем әңгіме құрып, олжаларын қызыға әрі таңдана тамашалап қайттық. Бүгінгі таңда Ақбауыр археологиялық кешенінен 2 мыңға жуық жәдігер табылыпты. Жалпы «Ақбауыр» археологиялық кешенінде зерттеу жұмыстары 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қорық аумағынан сақтардың алты қонысы анықталып, биыл №1 қоныста қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір аталған қоныстан 2 мыңға жуық қыш ыдыс пен құрал-сайман қалдықтары табылған. Мамандар ендігі мәселе, ерте замандағы сақтардың қонысының үстіне шыны саркофаг салудың қажеттігі туындап отырғанын айтады. Себебі қазірдің өзінде ерте темір дәуірінде бұл өлкені мекендеген сақ тайпаларының бірнеше жүз ескерткіші және алты бірдей қонысы анықталып отыр. Олардың біразына қазба жұмыстары жүргізіліп, ерте замандық өркениеттің қалдықтары, қыш ыдыстардың сынықтары мен құрал-саймандар табылған. Алайда жаңбыр суы мен желдің кесірінен қоныстардың келбеті өзгеріп, тоза түскен.

– Бұл жерде 2019 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы Қоржынбай тауының айналасында сақтардың алты қонысы бары анықталды. Биыл соның ішінде №1 қонысқа зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта керамика ыдыстар мен заттардың 1400-ге жуық қалдығы табылды. Олардың арасында өрнектелген ыдыстардың да қалдықтары бар. Ал 300-ге жуық құрал-сайман сынығы да мұражай жәдігерінің қоржынына түсті. Олардың ішінде тастан жасалған кетпен сынықтары, балта мен балға сынықтары және өзге де құрал-саймандар бар. Мамандар барлығын тізімге алып, зерттеуге дайындап жатыр. Бұл бір жарым ай уақыт ішінде қолға түскен құнды олжа, биылғы маусымдық жұмыс аяқталғанға дейін жәдігерлер саны екі есе арта түседі дегенге сеніп отырмыз. Ендігі мәслесе, осы қоныстардың үстін шыны саркофагпен жабу болып отыр. Өйткені қоныстарды жаңбыр суы шайып, ежелгі келбетін өзгертіп, тоздырып барады. Біздің мақсат байырғы мәдени құндылықтарды қалпында сақтап қалу болып отыр. Сондықтан да алдағы жылдың жоспарына қоныстардың қалпын сақтап қалу үшін, саркофаг жасау жағын кіргізуді көздеп отырмыз, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі жалпы тарихты, археологияны және этнографияны ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің тарихшы маманы Шұғыла Меделбекқызы.

Археологиялық қазба жұмыстарына мамандармен бірге осы саланың студенттері де келіп қатысты. Олар жаз бойы жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап қайтты. Ал табылған жәдігерлер зерттеуден өткен соң археологиялық кешен аумағында орналасқан Бестерек ауылындағы мұражайға қойылмақ. Өйткені қалаға жақын орналасқан кешенді туризмнің тетігіне айналдыру мақсатында бірнеше жыл бұрын ауылда мұражай ашылған болатын.

Бестеректегі мұражай

Сақ бабалардың қонысынан табылған ежелгі өркениет қалдықтары да сол маңда сақталмақ. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай бірнеше жыл бұрын Бестерек ауылында арнайы мұражай, яғни ғылыми-зерттеу орталығы ашылған болатын. Бүгінгі таңда елімізге белгілі археолог Зейнолла Самашев орталықта зерттеу жұмыстарын жалғасты жүргізіп келеді.

Жалпы аталған ғылыми-зерттеу орталығының Шығыс Қазақстан облысында ашылуы бекер дүние емес. Өйткені Алтай мен Тарбағатай қойнауы, Ертістің жағасы байырғы бабалар өркениетін құшағына жасырған қорымдарға толы. Бұл қорымдар бірнеше ғасырдан бері археологтар арнайы ат басын бұратын орындарға айналған. Тарихқа таған, уақытқа дәлел, өткен өркениетке өзек боларлық артефактілер мен жәдігерлер де көптеп табылып келеді. Сондықтан да Ұлан ауданына қарасты Бестерек ауылының маңында ашылған ғылыми-зерттеу орталығының маңызы зор. Ғылыми-зерттеу орталығының бұл ауылдан ашылуы да бекер емес. Себебі талай-талай тарихтың қатпарына үңіліп, көне қорымдардың құшағына көмілген өркениеттің өрнекті ізін тапқан ғалым Зейнолла Самашев осы ауылда дүниеге келген. Бүгінде туған ауылының маңындағы ежелгі қоныстарды қаздырып, тарихтың тереңіне үңіліп келеді. Белгілі ғалыммен бірге тарихтың парағын ашуға атсалысып жүрген мамандар мен ғылыми қызметкерлердің қызығушылығы арта түскен.

– Біздің әр күніміз қызық, әр күніміз үмітке толы. Өйткені жер қойнауынан олжа іздеп жатқан жандармыз ғой. Басты мақсатымыз – ежелгі өркениетке дәлел болар артефактілер табу. Бізбен бірге студенттер де археологиялық қазба жұмыстарына қатысты. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері екі апталық практикадан өтті. Жаңбыр жауып, ауа райы бұзылғанда жұмысымызға кедергі болды. Ыстық та оңайға соқпады. Десе де біздің мақсат тарихтың қатпарына үңіліп, архологиялық жәдігер табу болғандықтан ерінбей жұмыс істедік. Белгіленген тәртіп пен талап бойынша жұмысты жалғастырдық. Табылған жәдігердің қай жерден, қай аумақтан, қаншалықты тереңнен шыққанын бәрін тіркеп жазып, зертханалық жұмысқа жіберіп отырдық. Кейін жақсы сақталған жәдігерлер Бестерек ауылындағы мұражайға орналасатын болады, – дейді ғылыми қызметкер Шуақ Меделбекқызы.

Ақбауыр археологиялық кешені ескерткіштеріндегі жұмыстар ерте көшпенділердің мәдениетіне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Қорық аумағында әртүрлі уақыттағы ескерткіштер бар, олардың арасында халық егіншілікпен, мал шаруашылығымен және металлургиямен айналысқан ерте темір дәуіріндегі әртүрлі елді мекендер үлкен маңызға ие. Археологиялық ескерткіштерді зерделеу нәтижесінде Қазақстанның ежелгі, ортағасырлық тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысы бар көптеген құнды дерек жинақталмақ. 

Жалпы еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері елдің әр түкпірінде археологиялық зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Археологтар тапқан жәдігерлер осылай мемлекетіміздің рухани дамуына үлес қосуда.     

Үңгірдегі суреттер

Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында орналасқан дедік. Ескерткіш жалпақ жұртқа үңгірдегі жартас суреттерімен белгілі. Тарихи-археологиялық кешеннің аумағынан ғибадат алаңдарын, елді мекендер, қорғандар, жерлеу-еске алу мақсатындағы қоршау нысандарын, сонымен қатар гранит тастардың бетіне қашалып салынған пертоглифтерді көресіз.

Ақбауыр үңгірін жүйелі зерттеу жұмыстарын 1970-1990 жылы Қазақстан Ғылым академиясының археологиялық экспедициясы жүргізді. Үңгір қабырғасындағы қызыл күрең охрамен салынған суреттер б.з.б. III мыңжылдықтың басына жатады. Төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір, әсіресе оның кіре берісіне қарсы салынған негізгі қабырғасы көп адам табынатын киелі орын болып саналған. Үңгір таудың етегінен 5-6 метр биікте орналасқан. Оның алдындағы алаңда жылдың белгілі бір мерзімінде (жыл басы – наурызда) үлкен діни жиындар, құрбандық шалу сияқты тағы да басқа рәсімдер өткізілген. Суреттердің мазмұны өте күрделі. Композицияның семантикалық, орталығында қос аяқты арба, өгіз, таутекенің суреттері бейнеленген. Олардың айналасында әртүрлі ирек сызықтар, нүктелер, үшбұрыштар, төртбұрыштар және адамдар, үш-төрт күрке бейнеленген. Энеолит, қола дәуірлерінде салынған бұл суреттер жердің құнарлы болуын, мал-жанның өсіп-өрбуін тілеу мағынасын білдіреді. Сол кездегі діни ғұрып бойынша өлген адам қабіріне қос аяқты арбаны бірге қойған. Ол адамдардың жанын, рухын басқа дүниеге тасымалдайтын құрал деп саналған.

Иә, осы археологиялық кешенде 2019 жылдан бері «Шығыс Қазақстан облысында археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Археологтар бұл жұмысты әлі де жалғастыра түсуді жоспарлап отырғандарын айтты. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу