Жастарды жұмыспен қамту ісі қарқын алды
Мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асырудың арқасында Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыссыздық деңгейін аздап болсын төмендетуге қол жеткізілді. Алайда жастарды жұмысқа орналастыру және уақытша жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері әлі де болса өзекті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестірубасқармаcының басшысы Альмира Мусинова кезекті алқа отырысында жұмыспен қамтуға қатысты бағдарламалардың орындалуына тоқталып, облыстық көрсеткішке жетпеген қала мен аудандардың салалық бөлімдерінің басшылары мен мансап орталықтары директорларының жұмысын сынға алды.
Облыста бекітілген аймақтық жұмыспен қамту картасы бойынша жұмыссыздарды жеті бағытта жұмысқа орналастыру жоспарланған. Солардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша он мың жұмысқа қабілетті жандарға жүз жұмыс орнын ашу. Осы бағыт бойынша өңірде 11626 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Облыстық көрсеткішке жетпеген Риддер, Зайсан, Самар, Үлкен Нарын, Марқакөл аудандары.
Облыс бойынша субсидияланған 6786 жұмыс орны құрылу керек.
Биыл еңбек нарығы 8217 жаспен толықты, олардың 3329-ы жоғары оқу орнының түлектері болса, 4888 жас колледждерді тәмамдаған.
Жиында есімдері аталып, жауапқа шақырылған мансап орталықтарының директорлары бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын, жағдайды түзеуге атсалысатындарын айтып, уәде берді.
Алқа отырысына аудан мен қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшылары мен мансап орталықтарының директорлары, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының директорлары қатысты. Отырыстың маңызды бөлігі мансаптық орталықтар директорларының сөйлеген сөздері болды, олар халықты кәсіптік бағдарлау және оқыту жөніндегі жұмыстары туралы айтып берді. Бұл бағытта қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін, әсіресе кадр тапшылығы бар салаларда білім беру бағдарламалары мен тренингтер санын арттыру жоспарлануда.
Айна Ескенқызы
Фото: Аяужан Утеулинова