KZ
Өскемен
-6°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Жастар қашанғы жұмыссыз жүреді?

29.07.2024, 11:06 91 Анель Слямғазықызы

Облыс орталығында Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жартыжылдық жұмысының қорытындысы шығарылды. Алқаның негізгі тақырыптарының бірі жұмыссыздық деңгейін төмендету болды.

       Мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асырудың арқасында облыстағы жұмыссыздық деңгейін  аздап болсын төмендетуге қол жеткізілді. Алайда жастарды жұмысқа орналастыру және уақытша жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері әлі де болса өзекті.

       Басқарма басшысы Альмира Мусинова өз баяндамасында жұмыспен қамтуға қатысты бағдарламалардың орындалуына тоқталып, облыстық көрсеткішке жетпеген қала мен аудандардың салалық бөлімдерінің басшылары мен мансап орталықтары директорларының жұмысын сынға алды.

        Облыста бекітілген аймақтық жұмыспен қамту картасы бойынша жұмыссыздарды жеті бағытта жұмысқа орналастыру жоспарланған. Солардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша он мың жұмысқа қабілетті жандарға жүз жұмыс орнын ашу. Осы бағыт бойынша өңірде 11626 жұмыс орнын ашу жоспарланған, қазір Шығыста барлығы 3773 тұрақты жұмыс орны ашылды, немесе  жоспар 32 пайыз орындалды. Облыстық көрсеткішке жетпеген Риддер, Зайсан, Самар, Үлкен Нарын, Марқакөл аудандары.

- Марқакөл ауданына жаңадан құрылып жатқандықтан, аздап жеңілдік беруге болады, алайда мен ауданның әлеуеті жоғары екенін, басқа аудандар мен қалаларға өзге көрсеткіштер бойынша жақындап қалғанын айтқым келеді. Президент әкімшілігі осы көрсеткішті қала мен аудан әкімдерінің рейтингіне қосты, сол себепті үнемі бақылау үстінде. Жыл қорытындысы бойынша жоспарды орындамаған әкімдерге тәртіптік жаза қолданылады, - деп ескертті Альмира Мусинова.

       Облыс бойынша субсидияланған 6786 жұмыс орны құрылу керек болса, қазіргі таңда бар болғаны 4734 уақытша жұмыс орны құрылған (жоспардың 70 пайызы ғана орындалған). Осы жұмыспен қамтылған азаматтардың тек 77 пайызына ғана міндетті зейнетақы жарналары аударылған. Жоспарды орындау үшін жыл аяғына дейін тағы 2075 адамды жұмысқа алу қажет.

  • Субсидияланған жұмысқа алынған жұмысшының жалақысын жұмыс беруші емес, біз төлейміз, соны ұмытпаңыздар. Өкінішке орай, жұмыс берушілер жыл сайын уақытша жұмыс орнын ашады, тұрақты жұмыс орнын бермейді. Біз келешекте осындай жұмыс берушілермен келісімді үземіз, - деп атап өтті сала басшысы.

      Биыл еңбек нарығы 8217 жаспен толықты, олардың 3329-ы жоғары оқу орнының түлектері болса, 4888 жас колледждерді тәмамдаған.

  • «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны» жобалары бойынша өңірде 1426 жұмыс орнын құру жоспарланғанымен, бар болғаны 335 жас жұмысқа орналасты. Мамыр айында «түлектер әлі диплом алған жоқ» деген сылтау айтылды. Бүгінгі таңда барлығы дипломдарын қолдарына алды. Соған қарамастан бұл көрсеткіш неге төмен? Әсіресе, Риддер, Алтай қалалары, Самар ауданында көрсеткіш облыс деңгейіне жетпейді. Мысалы, Риддер қаласында 97 жұмыс орнының 20-cы ғана құрылған, ал электронды жұмыс биржасында жұмыс іздеп жүрген 197 жас тіркелген. Қалалардың әлеуеті жоғары болғандықтан, сіздерге қойылатын талап та жоғары, - деді Альмира Әскерханқызы.

    Жиында есімдері аталып, жауапқа шақырылған мансап орталықтарының директорлары бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын, жағдайды түзеуге атсалысатындарын айтып, уәде берді.

      Алқа отырысына аудан мен қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлім басшылары мен мансап орталықтарының директорлары, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының директорлары қатысты. Отырыстың маңызды бөлігі мансаптық орталықтар директорларының сөйлеген сөздері болды, олар халықты кәсіптік бағдарлау және оқыту жөніндегі жұмыстары туралы айтып берді. Бұл бағытта қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін, әсіресе кадр тапшылығы бар  салаларда білім беру бағдарламалары мен тренингтер санын арттыру жоспарлануда.

  • Мен бұл қызметке жаңадан келгендіктен, әріптестерімнен үйренерім көп. Жиын соңынан кейін оқыту семинары болады, біз жартыжылдықтың жұмысын қорытындылап қана қоймай, тәжірибе алмасамыз, - деді Өскемен қалалық мансап орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу