Міндетін орындамағандар жерге жоламауы керек
Фото: pexels.com
Облыста алтын тәрізді түрлі кен орындарын зерттеп, игеріп жатқан жер қойнауын пайдаланушылар өз міндеттерін орындамай жатқаны рас па? Олардың бүлдіріп кеткен жерлері қазір қандай күйде, қашан, қалай қалпына келтіріледі?
«Ауыл» партиясы атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин Глубокое ауданының Солнечное ауылындағы «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС ұжымымен, партия белсенділерімен, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен кездесті. Мәжілісмен депутаттардың заңнамалық жұмысына егжей-тегжейлі тоқталып, өткен кезеңнің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутатына «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің өкілі Данияр Абитаев шаруашылықта жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларды таныстырды. Шаруашылықтағы жұмысшыларға қолдау көрсету, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ауылда балабақша, жайлы тұрғын үйлер, жұмыс кеңсесінің маңындағы қос тоғанның жанынан көрікті аллея салынбақ.
Шаруашылықтағы жас отбасыларға арналып қос қабатты төрт пәтерлі екі «таунхаус» тұрғын үй салынған. Онда сегіз отбасы тұрып жатыр. Тағы екі үйдің іргетасы қаланып даяр тұр.
«Агробанк» құрыла ма?
«Ауыл» партиясы бастамашылық еткен «Агробанк құру туралы» және «Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігі туралы» Заң жобалары бар.
Екі бағыт ауылдық аумақтарда қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлік субъектілеріне қызмет көрсетуге уәкілетті мамандандырылған салалық банкті құруды және ішкі агроазық-түлік нарығын қамтамасыз етуді, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін және оны түбегейлі өңдейтін отандық өндірушілерді қолдау жолымен жағдай жасауды көздейді.
Қазақстанда «Агробанк» тақырыбының биік мінберден көтеріліп жүргеніне он жылдан астам уақыт өтті. Агросаланы тиімді несиемен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығын өркендетуге бірден-бір ықпал етеді деп отырған «Агробанк» құрыла ма, жоқ па?
Парламент Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының ұжымымен кездесуде Мәжілістің заң шығару жұмысына, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі қызметтің негізгі бағыттарына, әсіресе жастардың ел дамуындағы рөлінің маңызына тоқталды.
Жастарды мәдениетке баулу, руханият пен адамгершілікті қалыптастыру барлық уақытта, әсіресе бүгінгі күні ерекше мәнге ие болып отыр. Жастар кітапхана, театр, мұражайға сирек барады. Сондықтан жастарды кітапханаларға тарту, кітап оқуды белсенді ілгерілету бойынша жұмыс жүргізу қажет.
«Ауыл» партиясы атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин «Қазақ саңыраулар қоғамы» Өскемен оқу-өндірістік кәсіпорнының ұжымымен жолығып, өтініш, тілектерін тыңдады.
Есту қабілеті нашар адамдарға қоғамда өз орнын табу қиынға соғып келе жатқаны жасырын емес. Бұл бірлестік нашар еститін және саңырау адамдарға білім алуға, жұмысқа орналасуға көмектесіп, қолдау көрсетеді. Осы ұйымда есту қабілеті нашар адамдар тігінші немесе аспаз мамандығын меңгеріп, компьютерлік сауаттылық курстарынан өтіп жатыр.
Саңыраулар қоғамын толғандырып отырған тұрғын үй беру, жұмысқа орналасу, білім беру және тағы басқа бірқатар мәселелер талқыланып, қатысушылар пікір алмасты және аталған мәселелер бойынша одан әрі жұмыс жоспары анықталды.
Кен байлығы, қалдық қоймалары
Парламент Мәжілісінің депутаты Глубокое ауданының Прапорщиково ауылындағы «Глубокое-Агрокредит» кредиттік серіктестігі» ЖШС ұжымымен кездесуде осы ауданның фермерлерінде туындаған бірқатар өзекті мәселені талқылады. Глубокое ауданының «Ауыл» партиясы атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Айгүл Мырзықанова, аудан диқандары ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін жетілдіру қажеттігіне назар аудартып, осы мәселеге қатысты ұсыныстарын жолдады.
Халық қалаулысымен кездесуде Глубокое ауданындағы «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің бас директоры Фарид Абитаев депутат назарын өңіріміздің экологиясына, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудартты.
Осындай түйткілді мәселенің туып отырғанынан облыстағы жер қойнауын, табиғатты қорғауға жауапты құзырлы органдар хабардар ма?
Жұрт облыстағы қалдық қоймаларының қоршаған ортаға тигізіп отырған зияны туралы айтып, аталған мәселені шешуге ықпал етуді сұрады. Ірі металлургиялық өндірістердің қалдық қоймаларында жатқан ауыр металдар жер қыртысына сіңіп, су көздерін ластап, тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр. «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бас директоры Фарид Абитаев осыған орай, тәуелсіз сарапшылар, комиссия арқылы қалдық қоймаларының қазіргі жағдайы тексеріліп, оларға талдау жүргізілсе, экологиялық мәселе әрі қарай нақты шешімін тапса деген ұсынысын айтты.
Жанаргүл Мұқатай