Шығыс Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасымен 226 мың бала қамтылған
Өткен жылы Қазақстанда Ұлттық қордан балаларға төлем жасауды қарастыратын заң қабылданған болатын. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына сәйкес, қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған балалар арасында бөлінеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биыл ақпан айында өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық балаларға алғашқы мақсатты аударымдар жасалды.
Сондай-ақ, биыл 18 жасқа толған азаматтарға жинақталған қаражат тағайындалып, төлемдер жүзеге аса бастады.
Бұл бағытта тиісті жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында да жүргізілуде.
Жыл басынан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында облыс бойынша «БЖЗҚ» АҚ 105,9 мың АҚШ долларына мыңнан астам өтінімді орындады. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 74,5 мың АҚШ долларына 741 өтінім, білім ақысын төлеу үшін 31,4 мың АҚШ долларына 308 өтінім орындалды.
Мақсатты жинақтардың иелері жинақталған соманың барлығын немесе бір бөлігін пайдалана алады. Қолданылмаған қаражат мақсатты жинақ шотында қалады және оны 18 жасқа толғанда пайдалануға болады.
Айта кету керек, БЖЗҚ-дан жасалатын әртүрлі төлемдер табыс ретінде қаралып, сәйкесінше салық салынады. Алайда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жағдайы ерекше: бұл төлемдерге салық салынбайды – шотта қанша жиналса, бала сонша соманы толық көлемде алады.