KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Ұстаздық еткен жалықпас...

6.12.2024, 19:30 168 Гульжан Мусина

Тілдік қолданысымызда «себепкер, себепкер болу» деген сөз бен тіркес бар. Аталған ұғым адам өмірінде жақсы мағыналық реңкте қолданылатын құндылық. Қандай да бір игілікті мақсат-мұратқа талпыныс жолындағы адамға межелі мәреге жетуіне ықпал ететін түрлі факторлар, абзал жандар болатыны ақиқат. Бұл мақаламызда жоғарыда тілге тиек еткен «себепкер, себепкер» болу ұғымына адал болып, осындай ізгі мұратты жолды ұстанған абзал азамат, тұғырлы тұлға жайында сөз болмақ. Ол ардақты азаматтың есім-сойы – Серікқазы Сейтқазыұлы Тыныбаев. Мақаламыздың бас кейіпкерінің ұстаздық, әдіскерлік, ғалымдық (ғылыми-әдістемелік жұмыстарды да жоғары деңгейде атқарған), тәлімдік-тағылымдық, шығармашылық, көшбасшылық (көптеген жоғары лауазымды қызметтерді атқарған, атқарып жүрген) өмір жолы мен биік адамгершілік қасиеті хақында өрбітпекпіз.

Осы орайда сәл тарихи-лирикалық шегініс жасай отырып, мақаламыздың бас кейіпкері С. Сейтқазыұлының өмірі мен қызмет жолына тарихи-хронологиялық тұрғыдан қысқаша тоқталып өтсек.

Тарбағатай ауданына қарасты Жетіарал ауылындағы Жетіарал орта мектебін (Бұрынғы В.И. Ленин атындағы мектеп) тәмамдаған. Аталмыш мектепте оқып жүргенде С.Тыныбаев Алаштың ардақты қызы, еліміздің, туған өлкеміздің мақтанышы, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген мұғалімі. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері», «Қазақстан Білім Беру ісінің құрметті қызметкері», академик, халқының «Хан апасы» атанған Бітібаева Қанипа Омарғалиқызынан дәріс алады. Серағамыздың ұлтқа қызмет ету ұстанымы, шығармашылық, өнер, әдебиетке деген махаббатының, құштарлығының оянуына, еселенуіне себепкер болған «Хан апамыздың» (Қ.Бітібаева) да ұстаздық тағылымын құрметпен еске ала кеткеніміз абзал деп санаймыз. Бұл мәселе мақаламыздың бірінші азат жолында ерекше тоқталып өткен «себепкерлік» ұғымы жайында сөз болған тұжырымымызға тағы бір дәлел деп білеміз. Ұстаз ұлағаты деген тағылым құндылығы осы болса керек.

1981 жылы Өскемен педагогикалық институтын (қазіргі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ) музыка пәні мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған білімі жоғары, музыка саласының кәсіби маманы, ұстаз. Жоғары оқу орны қабырғасында оқып жүріп-ақ белсенді, шығармашыл тұлға болған. Сөзіміздің дәлелі ретінде, студент кезінде Шығыс Қазақстан облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасына қарасты «Арай» ән-би ансамбльінде қызмет еткен. Аталған ансамбль құрамында 1980 жылы Мәскеу қаласында өткен ХХІІ жазғы олимпиада ойындарында өнер көрсеткені бүгінгі таңда тарихқа айналған құндылық деп білеміз. Шығармашылыққа, өнерге деген құштарлық, маңдай тер, қажырлы еңбектің арқасында сол олимпиадаға қатысып, көрсеткен өнерінің нәтижесінде «Бүкілодақтық Жастар фестивалінің лауреаты» атанғанын бұл күні мақтаныш сезіммен айта аламыз. Адал еңбектің өтемі деген міне, осы!

Ғұмыры ғибратқа толы білікті басшы, ұлағатты ұстаз, шебер әдіскер, ғалым, қаламгер, шығармашыл тұлға С.Тыныбаевтың қызмет жолы, ШҚО шекаралық аймақтағы географиялық ендікте орналасқан өзінің туған мекені Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы №29 кәсіптік-техникалық училищеде этика және эстетика пәні мұғалімі, көркемөнерпаздар үйірмесінің көркемдік жетекшісі (1981–1987 жж.) ретінде жалғасын табады. 1988–1994 жылдары аралығында Қарасу елді-мекеніндегі ғасырға жуық тарихы бар «Халық қаһарманы» Қ.Қайсеновтың есімі берілген (бұрынғы В.П. Чкалов атындағы мектеп – Д.Б.) білім ордасында біраз жылдар бойы ұстаздық, көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сонымен қатар аталған білім шаңырағының жанынан «Өнер» мектебін ашып, оның директоры («баян сыныбының» мұғалімі, мектептегі домбыра оркестрінің жетекшісі миссиясын қоса атқарады) сынды лауазымды қызмет істеген. С.Сейтқазыұлы ағамыз басқарған «Өнер» мектебінің мақсұты, жалпы алғанда, өнер, шығармашылық, қаламгерлік (поэзия, проза), журналистика тәрізді бірнеше жанрлар мен бағыттарды қамтыған орда болды. 

Аталған құндылыққа бейімі бар жас өрендердің басын қосып, тағылымгер, тәлімгер ретінде бағыт-бағдар беріп, дарын, қабілеттерін шыңдап, тұлға болып қалыптасуларына өмірін, қызметін арнады. Серікқазы ағамыздың еңбегінің еш кетпегеніне сол кездегі шәкірттерінің, бүгінгі таңда республикамыздың түкпір-түкпірінде әр салада қызмет етіп жүрген белгілі бір тұлғаларға айналып, өздері де Серағамыздан алған тағылымын өмірлеріне серік етіп, ұлтқа қызмет етіп, «немере шәкірттер» дайындап, эстафетаны жас буынға табыстап жүргені бірден-бір дәлел болмақ. Мысалы ретінде, Қарасу ауылындағы мектептің жанынан С.Сейтқазыұлы ашқан «Өнер» ордасында көптеген замандас, құрдастарым, іні-қарындастар тағылым алды. Бүгінгі күні аймағымызға белгілі танымал жандар, Қарасу ауылының тумаларын: Болат Рысбеков (жазба, айтыскер ақын, әнші, сазгер); Қанат Тоқтасынов, Асылбек Тоқпақбаев («баян сыныбы» бойынша), Арман Сіләмғалиев (прозаға қабілеті бар азамат. «Қалақай мен балақай» ертегісін жазған еді. Ары қарай дамытса жақсы прозаик-қаламгер шығар еді), Рақышева Жанар («домбыра сыныбы» бойынша тәлім алды, әнші, айтысқа да қатысты), Шынар Жақсылықова (бүгінгі таңда журналистика саласының маманы, ғалым, ұстаз), Меруерт Мұхамадиева (қазіргі күні филолог, ақын, аудармашы, ұстаз) және осы мақаланың авторы Д.Бақдәулетұлы (ақын, әдебиет зерттеуші, журналист, ұстаз) және тағы басқа да шәкірттерін атап өткеніміз жөн болар. Поэзия, проза, публицистика жанры бойынша да бағыт беріп, қаламымызды ұштап, болмысында шығармашылыққа талпынысы бар шәкірттердің шамын жағып, өнер мен шығармашылық әлемінің қандай болатынын түсіндіріп, оның шырынынан дәм татқызды. Осындай мөлдір қайнардан сусындаған болашақ шығармашылық иелері, өнерпаздар, «...болмасаң да, ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз...» деген хакім Абай тәлімінен ой түйіп, Серікқазы ағамызға, оның болмысына қарап бой түзейтін. Ол да бір келмеске кеткен балалық бал дәурен, қайталанбас ыстық кезеңдер екен. С.Сейтқазыұлы біздей жаңадан қанат қаққан жас қырандардың, жас ұландардың талабын ұштап, ұяң ауыл балаларының сенімсіз, жасқаншақ көңілдеріне от беріп, алдағы жарық күндерге қарай жігерлендірді. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дегендей, ықыласты ұстаз ынталы шәкірт тәрбиелеп, сол уақыттағы «Тарбағатай нұры» (қазіргі «Тұғырлы Тарбағатай» – Д.Б.) газетіне үйірме мүшелері, шәкірттерінің алғашқы тырнақалды туындыларын жариялап, шығармашылық, әдебиет, өнер, журналистика бағытына батасын беріп, ақ жол тілеп тұсауымызды кесті. Аудандық газетте жарық көрген алғашқы шығармаларымыз жарияланған кезде бөркімізді аспанға атып, қуанышымызда шек болмап еді. Сол сезімді әлі күнге дейін жүрегімізде әлдилеп, сақтап келеміз. Ұстаз өз даналығымен әрбір шәкіртіне жеке кеңес беріп, кемшін тұстарын толықтырып, ойына ой қосып, жүректеріне жалын берді. Сондағы тұтанған шоқ, лаулап жанған отқа айналып, Серікқазы ағамыз тәрбиелеген шәкірттер бүгінде  еліміздің еңсесін көтерер  маңдайалды тұлғалары болды. Домбыраға алғаш баулыған әкем марқұм еді. (жаны жаннатта болсын!). Шартты түрде «қалақ» домбыра (Абайдың домбырасы деп те) деп атаймыз ғой. Марқұм әкеміз сол домбыраны туған күнімде тарту етіп, өзі білетін ән, күйлерін шама-шарқынша үйреткен еді. Ұлттық аспабымызды кәсіби бағытта (нота бойынша) тартып, үйренуімізге мұрындық болған Серікқазы ағамыз еді. Бүгінгі таңда өміріміз бен қызметімізге осындай асыл жандардан алған тағылымның көп септігі тиіп жатыр. Ұстазымыздан көрген өнегеміз бен алған тәлім-тәрбиемізді шамамыз келгенше шәкірттеріміздің бойына дарытуға күш салып жүрміз...

Болашақ ұрпақты өнер мен мәдениетке баулып, ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұлтжанды, рухы биік, қазақтың тарихы мен ұлттық өнерін, рухани мәдениетін бойына сіңірген тұлға қалыптастыру жолында білек сыбанып аянбай еңбек етті. «Өнер» мектебінде оқыған көптеген дарынды шәкірттердің оркестр, ансамбль құрамында ойнап, келешек өнер адамдарының осы алтын ұядан қанаттанып шығуына себепкер болды. Республиканың түкпір-түкпірінде білім, ғылымның, өнердің сан саласында жүрген жандардың көпшілігі – осы ұстаздан білім алған шәкірттер. Жоғарыда келтірген мәлімет-мысалдар арқылы Серікқазы Сейтқазыұлының ұстаздық тағылымын Қарасу ауылының шеңберінде ғана шектеп қоюдан аулақпыз. Аудан, облыс деңгейінде де көптеген шәкірттердің бағын, жолын ашқан тағылымгер екенін ерекше атап айтуға болады. Айтыскер, жазба ақын, жыршы-термеші, сазгер, өнер, мәдениет саласының үздігі, республикалық, халықаралық көптеген жыр мүшайраларының жеңімпазы, бұл күнде руханият саласына үлес қосып жүрген белгілі азамат Ержан Әділбеков, айтыстың ақтаңгері, берісі елімізге, арысы халықаралық деңгейдегі танымал тұлға, «Абай» атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының директоры, «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» Аслан Ғафуров та Серікқазы ағамыздың шәкірттері (есімдері құрметпен аталмай қалған өзге де шәкірттерінен кешірім өтінемін). Бұл тұлғалар да қазіргі таңда еліміздің кемел келешегі үшін қызмет етіп, жас буынды тәрбиелеп ұстаздық ұлағатын жеткізіп жүрген ардақты жандар.

1994-2021 жылдары Ақжар ауылындағы Қ.Билялов атындағы гимназия директорының ғылыми әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, аудандық «Тарбағатай нұры» (қазіргі «Тұғырлы Тарбағатай» – Д.Б.) газетінің редакторы қызметін атқарды. БАҚ саласында жұмыс істеген уақытта Тарбағатай ауданының 70 жылдық тарихына арналған «Барқытбел баурайында» атты тарихи-танымдық кітаптың, «Тарбағатай ақындары жырлайды» жыр жинағын құрастырып, баспадан шығарды. Бұл еңбегі туған елі, жерінің, ондағы шығармашылық, өнер адамдарын насихаттау деп білеміз. Сондай-ақ газетте қызмет еткен жылдарында әдебиет әлеміне талпынған талай жас буынның талабын ұштап, бағыт-бағдар берген тырнақалды, алғашқы балауса туындыларының тұсауын кескен тәлімгер-ұстаздығы да бір мақалаға жүк болатын құндылық құбылысы. Одан кейін Ақжар ауылындағы «Абай атындағы орта мектептің» директоры, Құйған ауылындағы «Құйған орта мектебінің» басшысы тәрізді лауазымды қызметтерін атқарды. Директорлық қызметте өзі басқарған білім ордаларын аудандық, облыстық деңгейдегі алдыңғы қатардағы білім беру ұйымы санатына жеткізген іскер басшы ретіндегі еңбегі айрықша құрметке лайықты.

Тектіліктен тамырланып, ізгіліктен нәр алған, парасаты биік, ойы терең, жүрегінен жылылық пен жүзінен мейірім төгілген Серікқазы ұстаз жас ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатты. Әрбір шәкіртке жан жылуы төгілген нұрлы, мейірімді көздерімен қарап, барлығын өз баласындай тең көріп, білмеген жерін даналықпен түсіндіріп, әрбір балаға ұстаз бен әкенің рөлінде қарым-қатынас жасады. Сондықтан болар ешқашан ешбір шәкіртке дауыс көтеріп, қатты сөйлеп көрмесе де, мейірімді ұстаздарын әрбір шәкірті айтқызбай-ақ көзінен, емеурінінен түсініп, айтқанын қалтқысыз орындайтын. Бұл – өз саласын жетік білген әрі ынты-шынтысымен сүйген ұлағатты ұстаз бен сергек саналы шәкірттің арасындағы қылдан да аса нәзік байланыс, рухани қарым-қатынас еді.

Ұстазың жақсы болса...

Ақылың көбейеді» деген тәмсіл ұлағатын жеткізген осындай ардақты жандардың өмір тәжірибесінен туындаса керек. Серікқазы аға осындай жанды баурап алатын, мейірімді, сабырлы қоңыр даусымен, байсалды, ерекше ойлы болмысымен-ақ әрбір жеке тұлғаның көңіліне берік сенім мен мамырдай жайлылық, күндей жылылық ұялататын. Оның қасында әрбір шәкірт өзін тұлға ретінде, туған әкелерінің жанында отырғандай қамсыз, алаңсыз, бейбіт сезінетін. Бұл тек нағыз өз мамандығын шексіз сүйіп, ұлттық өнерді насихаттап, саналы ұрпақ бойына сіңірсем, қазақ руханиятына қазыналы үлес қоссам деген кіршіксіз көңіл мен риясыз пейілдің, ешқандай бақай есепсіз шынайы ниеттің сыртқа төгілген шағылы, шуағы, жарқын көрінісі екендігі ақиқат. Дегдар болмысты Серікқазы ағаның ішкі дүниесінен үзіліп түскен тап-таза тамшылар, тұп-тұнық ойлар, ішкі жан әлемінің күн сәулесіндей шұғыласы мен жарқылы сыртқы әлемге дәл осылайша үндесе шығып, егіздене өріліп, тектілігін танытып, заңғар тұлғасын асқақтата түсетін. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, бойында шығармашылық, ақындық, жазушылық,  әнші-жыршылық қабілеті бар жас шәкірттердің таудан аққан сарқырамадай дарын қуатын алыстан сезіп, жарқырай ашылуына, қырандай қанат қағып, көк аспанда қымсынбай қалықтауына жол ашты. Келешек өміріне темірқазық болып, шығармашылық шеберлігінен кәсіби майталман маман, ұрпақ пен ұлт жанашыры ретінде бағыт-бағдар берді. Шәкірттерінен жырақта болса да, әрдайым жүрегімен жақын болып, ұдайы шығармашылық байланыс орнатып, біздің қадамымызды бақылап, аппақ тілегімен, ісімен рухани қолдау көрсетіп отыратыны қуаныш сыйлайды. Ұстазымыз Серік ағамыздың ізгі жолын жалғап, бүгінгі таңда ұстаздықты таңдап, білім-ғылым-тәрбие сынды үштаған сакралды құндылықпен қатар, шығармашылыққа бейімі бар жас буынды шәкірт етіп, үйірме ашып, қадари-қалімізше бағыт-бағдар беріп жүрген жайымыз бар. «Ұстазы жақсының-ұстанымы жақсы» деген халық даналығы осы рухани сабақтастықты аңғартса керек. Ұстаз туралы сөз қозғағанда бірнеше ардақты жандарды да атап өткеніміз абзал болар. Өмірдегі ұстазымыз ата-анамыз, одан кейін мектеп, жоғары оқу орны қабырғасындағы, ғылым, шығармашылық бағыттағы ұстаздардың орны мен үшін айрықша. Бұл жандарды құрметпен есімізге алып отырамыз. Мектепте оқып жүрген кезімізде тағылым берген тағы бір ұстазымыздың есімін айрықша құрметпен атап өткім келеді. Серікқазы ағамыздың әріптесі – Қожахметова Роза Мінайдарқызы. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді әрі сынып жетекшіміз болды. Ғылыми бағыттағы өмірлік тақырыбыма айналған – Абай әлеміне келуіме бірден бір себепкер болған тұлға осы Роза Мінайдарқызы еді. «Абай және Пушкин сабақтастығы» тақырыбы бойынша жобалық жұмысқа қатыстырып, бағыт-бағдар беріп, ақын, хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми, тарихи мәні терең тағылыммен сусындатып, хакімге, оның шығармашылығына деген махаббатымызды оятып, жүрегімізге «от жақты». Мектеп қабырғасында жүргенде жүректе жанған от ары қарай жалынға айналды. Ол шоқтың, оттың маздап жануына себепкер болған тағы бір тұлға, ардақты жан мақала кейіпкері Серікқазы ағамызбен аттас, Серағамыздың досы, көп жылдар бойы ұлттық әдебиеттану ғылымының қарашаңырағы саналатын, Республикамыздағы жетекші ғылыми мекеме М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында директордың орынбасары, ғалым хатшы, бөлім («Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті» бөлімі) меңгеруші сияқты лауазымды қызметтер атқарған көрнекті әдебиеттанушы ғалым, профессор Серікқазы Сыбанбайұлы Қорабай ағамыз еді. Бұл ғалым ұстазымыздың да шапағат, мейірімін көріп, ақ батасын алғанымызды қуанышпен, ыстық ықыласпен есімізге алып отырамыз. Көрнекті ақын, ғалым Шөмішбай Сариев ағамызбен осы ғылыми мекемеде, бір бөлімде қызмет еткенімді мақтаныш сезіммен айтып жүреміз. «Ақ қанат арман» (2015 ж.) деген тұңғыш жыр жинағымыз Шөмішбай ағамыздың сәт-сапары, алғы сөзімен жарияланып еді. Мен үшін бұл тарихи сәт болып жадымда жатталып, санамда сақталатын айрықша оқиға болып қала береді. Мақала кейіпкері Серікқазы Тыныбаев ағамызбен тағдырымыз тоғыспағанда, батасын, шәкірті болып тағылым алмағанда, бұл жыр жинақ бәлкім шықпас та еді?! Бүгінгі таңда қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы саналатын – Абай атындағы ҚазҰПУ-да ұстаздық, ғалымдық, әдістемелік бағытта қызмет етіп жүрген жайымыз бар. Бұл оқу орнында да сабақ үдерісінен бөлек шығармашылық үйірме де жұмыс істейді. Жазуға қабілеті бар білім алушыларды тартып, шамамыз келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Мұны тізбектеп айтып жатқан себебім, кезінде жүрегімізге, болмысымызға шығармашылықтың дәнін егіп, күтіп-баптап, батасын берген ұстазымыз Серікқазы Тыныбаевтың еңбегінің еш кетпегені, ұстаздан алған, көрген тағылымның жалғасын тауып келе жатқанын баяндау ғана. Серікқазы ағамыздың сол кездегі шәкірттерінің жалғасы саналатын «немере шәкірттерінің» бар екенін мәлімдеу.

Дана халқымыз «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деп даналық дариясынан нәрленіп, тереңнен философиялық ой түйген. Бұл тәмсіл бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері Серікқазы Тыныбаевқа арналғандай десек артық емес. Өресі биік, ардақты ұстазыма шәкірттің өлшемі тұрғысынан ой білдіріп, өткен тарихтың қайталанбас кезеңдерін, аппақ парақтарын ақтардым. Тарбағатай өңірінен шыққан тұлға ағамыз, бүгінде ұлт руханиятының еселенуіне үлесін қосып келе жатқан азамат аға туралы лебіз-лепес еді. Кезінде еккен дәндеріңіз көктеп, жеміс берген мәуелі бәйтерекке айналғанын айтып жеткізу – бүгінгі шәкірттерінің парызы.

Іскер басшы, ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер, көп жылдар бойы БАҚ саласында еңбек еткен құрметті журналист, кәсіби редактор, қазақ журналистикасы аға буынының өкілі, журналистердің талай буынын тәрбиелеп, қазақ баспасөзін қалыптастыру мен дамытуға табанды үлес қосты. Серікқазы ағамыз зайыбы Гүлнар жеңгемізбен бірге еліміздің білім, әдістеме, ғылым, өнер саласына айшықты үлестерін қосып келе жатқан ұлағатты ұстаздардың жанұясы. Ұрпақтарын ізгілік жолына тәрбиелеп отырған тағылымгер тұлғалар, ардагер ұстаздар. Серікқазы Сейтқазыұлы бүгінгі таңда зейнеткер, стратегиялық аймақ саналатын, өскелең қала – Өскеменде тұрады. Құрметті демалысқа шықса да, ұлтына қызмет ету, қазіргі қоғамдық процеске араласып, жас ұрпаққа тағылым беруден жалықпаған азамат. Шығыс Қазақстан облыстық «Ардагерлер кеңесінің» президиум мүшесі. Облыстық деңгейдегі өтетін іс-шаралардың белсенді ұйымдастырушысы әрі қатысушысы.

Мақаламызды ұлт руханияты, қоғамдық процесс, білім, ғылым, тәрбие салаларына, еліміздің стратегиялық мәні бар аймағы саналатын ШҚО, Тарбағатай ауданы сияқты өңірдің рухани, мәдени, саяси, әлеуметтік, инфроқұрылымдық және тағы басқа бағыттарының дамуына айрықша еңбек сіңіріп, ұлт игілігі үшін әлі де қызмет етіп келе жатқан қазақтың тау тұлғалы азаматы Серікқазы Сейтқазыұлы Тыныбаевтың тағылымды еңбек жолы қоғамға үлгі, өмір жолы жас ұрпаққа өшпес өнеге болатын құндылық деп түйіндейміз.

 

Дәурен Бақдәулетұлы,

Ақын, әдебиет зерттеуші,

Қазақстан Жазушылар одағының,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Алматы қаласы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу