KZ
Өскемен
-4°
небольшая облачность жел 4 м/с, Ю
522.91 548.85 5.05

ШҚО-да «Жайлы мектеп» жобасы 3000 оқушыны жаңа білім ордасымен қамтамасыз етеді

10.12.2024, 10:15 63 Гульжан Мусина

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы белсенді іске асырылуда. Оның мақсаты – бүкіл еліміз бойынша заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді білім беру мекемелерін ашу. Жоба мектеп оқушыларын оқыту үшін жағдайды жақсартуға, сондай-ақ мектептерді заманауи технологиялармен жабдықтауға және уақыт талаптарына жауап беретін инфрақұрылым дайындап, білім беру сапасын арттыруға бағытталған.

Жобаны іске асыру шеңберінде жаңа мектептердің 40%-дан астамы ауылдық жерлерде салынды. Онда оқу кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография және спорт залдары, демалыс аймағы мен нетворкинг бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдайлар қарастырылған. Сыныптарда интерактивті тақталар мен компьютерлер орнатылған. Барлығы 36 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді, оның 15-і ауылдық елді мекендерде салынды. 31 желтоқсанға дейін 76 нысан есігін айқара ашады.

Білім беру саласында 2024 жылы балалардың мектепке дейінгі білімге қол жеткізуін жақсарту бойынша жұмыстар да жалғасын тапты. Бүгінгі таңда Қазақстанда 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 988 мыңнан аса бала тәрбиеленуде, мектептерде мектепалды даярлықпен 160 мың бала қамтылды. Балаларды қамту 92,5%-ға жетті, 62,3 мың орындық 547 жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда 4,2 мыңнан астам консультация пункті жұмыс істейді.

Білім беруді цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді, мысалы, ата-аналарға бала күтімі бойынша консультациялық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы іске қосылды. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудың жеке картасы цифрлық форматқа аударылды. Ол Ұлттық білім беру дерекқорымен біріктірілген, бұл ақпаратты мектептерге жіберуге мүмкіндік береді әрі мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы үздіксіз ауысуды қамтамасыз етеді. Бұл жаңалық бастауыш сынып мұғалімдері үшін балалардың мектеп бағдарламасын одан әрі дамытудың маңызды құралына айналды.

«Қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидатын іске асыру мақсатында білім беру қызметтерін алушылар бойынша дербестендірілген білім беру қызметін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) орналастырудың жаңа тетігі әзірленді, ол осы жылдың қыркүйек айынан бастап Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларында сынақтан өткізілді.

Пилоттық жобаның мақсаты мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру процесіне мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету болып саналады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 2023 жылы басталғаны белгілі. Шығыста мектептердің нысаналы құрылысына тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, ал жергілікті атқарушы орган мектептерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда ШҚО бойынша Ұлттық жоба аясында салынып жатқан 3 мың орындық 7 мектептің Шемонаиха қаласындағы Железнодорожный көшесінде орналасқан 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды, ал 2,7 мың орындық 6 мектеп салынуда.

Ағымдағы жылдың желтоқсан айында салынып жатқан 6 мектептің 1500 орындық 3 мектебін аяқтау жоспарланып отыр. Олар Өскемен қаласындағы Уәлиев және Тимофеев көшесінде,  Риддер қаласындағы Киров көшесінде бой көтерді.

Қалған 1200 орындық 3 мектеп, яғни Өскемен қаласындағы Есенберлин даңғылы, Глубокое ауданындағы Белоусовка және Опытное поле ауылдарындағы мектептер алдағы 2025 жылы пайдалуға берілмек.

Айта кету керек, Шемонаиха қаласындағы жаңа мектеп 1936 жылы салынған Шәкәрім атындағы №4 орта мектебі үшін  салынғандығын атап өткен жөн. Ал Риддер қаласындағы жаңа мектеп 90 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан № 9 және №12 орта мектептер үшін салынып жатыр.

Сонымен қатар, Өскемен қаласының 23-ші шағын ауданы мен «Спорт» шағын ауданында және Глубокое ауданының Прапорщиков ауылында бой көтеретін 1200 орындық 3 білім ордасының құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр.

Жайлы мектептердің ерекшелігі – бастауыш және жоғары сынып оқушыларын бөлек блоктарда оқытуға негізделген. Бұл әдіс қауіпсіздік шараларын күшейтіп, оқушылардың оқу барысын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.

Олардың әрқайсысында психолог, логопед, робототехника және биотехнология кабинеттері, STEM зертханалары, хореография залы және коворкинг орталығы, 600 орындық мектептерде бастауыш және орта буын оқушыларына арналған жеке спорт залдары болады.

Білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын жүзеге асыру 3000 оқушыны жаңа мектептермен қамтамасыз етуге, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға, сондай-ақ білім берудің жаңа стандарттарын енгізуге тамаша мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу