Қарғалыға ескерткіш орнатылды
Екпін ауылының тумалары елді мекеннің желке тұсына ескерткіш орнатты. Ауыл деп ауыз толтырып айтқанымызбен, дәл қазір мұнда ешкім тұрмайды. Тек үйлердің төмпешік орындары қалған. Десе де, осы жерде кіндік қаны тамып, өсіп-өнген екпіндіктер ұмыт бола бастаған соғыс жылдарындағы қайғылы бір оқиғаның құрбандарын еске алды, деп хабаралайды Altainews.kz тілшісі.
Бұрын-соңды Екпінге табаны тимеген адамға бұл жерде кезінде 60 шақты түтін болған десе нанбас еді. Бірен-сараң төмпешік болмаса, әлдеқашан жазыққа айналып кеткен.
Бізді осы аумаққа бастап әкелген Қасым ата (Қасым Токов) мен Айдархан аға (Айдархан Фазылғаламұлы) балалық шақтары өткен осынау жазыққа қарап терең күрсінді. Қасым атамыз ескі жұрттың орнын көрсетіп тұрып:
«Таныс қыр, таныс шоқы, дала шалғын,
Дариға-ай, көкірекке жара салдың.
Үй тігіп отыратын ақ бастауда,
Қонысы қайда кеткен қара шалдың? – деген өлең шумақтарын айта жөнелді.
Жә, ескі жұртты кезген балалық пен сағынышты доғара тұрып, әуелгі жұмысымызға көшейік. Ел ауызында Екпін аталып кеткен бұл төңіректің әуелгі атауы – Қарғалы. Мұны бірі білсе, бірі білмес. Ағаларымыздың сөзінше, түтіні түзу ұшқан, берекелі ауыл болған деседі. Соғыс жылдарында мұқым бір ауылдың ер-азаматтары майданға аттаныпты.
Атамыздың сөзінше, марқұм болғандардың саны бұдан да көп көрінеді.
Ең өкініштісі, қазір Қарғалы ауылының атын ешкім атамайды. Екпін дегеніміз – бұрынғы колхоздың атауы. Кейін ауыл да осылай аталып кеткен.
Қарғалы қазір құлазып тұр. Ел-жұрты әлдеқашан көшіп кеткен. Десе де, енді бұл жерде белгі болып ескерткіш қалды.
«Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең», деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Осылайша, қос ағамыз санамызда Қарғалы атауын қайта жаңғыртты.
Айта кетейік, ескерткіштің басындағы қара тақтада:
«Қамбаны тазартып,
Майданға дән бердік.
Көгерген масақ жеп,
Уланып жан бердік.
Соғыс жылдарында қайтыс болған Екпін ауылы тұрғындарына және соғыс ардагерлеріне ұрпақтарынан ескерткіш» делінген.
Нұржан Кенжеұлы