ШҚО-да қоғамдық көліктерге арналған электр қозғалтқыштары шығарылуы мүмкін (видео)
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев «ДИМ Строй» өндірістік кәсіпорнының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл компания бүгінде өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Оның негізгі қызмет бағыттары: әртүрлі деңгейдегі күрделі өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, автоматтандыру және электрмен жабдықтау жүйелерін енгізу және қызмет көрсету, электроқұрылғыларды жөндеу, сондай-ақ тау-кен, өнеркәсіптік және технологиялық жабдықтарды жөндеу әрі қызмет көрсету.
Аймақ басшысына компанияда құрастырылатын және орнатылатын электр қозғалтқышы бар автокөліктер көрсетілді.
Ермек Көшербаев болашақта экологиялық жағдайды жақсарту үшін облыс орталығындағы қоғамдық көлікті электр қозғалтқыштарға көшіру мүмкіндігін қарастыру қажеттігін атап өтті.
Аймақ басшысы жергілікті өндірістерді қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, «ДИМ Строй» компаниясының аймақта жаңа жұмыс орындарын ашуда, өнеркәсіп әлеуетін нығайтуда және заманауи технологияларды енгізуде маңызды рөл атқаратынын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар компанияның көлік инфрақұрылымын құру және энергетикалық инфрақұрылымды жобалау бойынша жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Фото: Махаббат Ахметжанова