Шығыс Қазақстанда обырды ерте анықтау үшін эндоскопиялық сараптама орталығы ашылды (видео)
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында халықаралық стандарттар бойынша жарақтандырылған эндоскопиялық сараптама орталығы жұмысын бастады. Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Ермек Көшербаев пен еліміздің бас онкологы, «ҚазҒЗИ онкология және радиология» АҚ Басқарма төрағасы Диляра Қайдарова қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа орталықта жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен эндоскопиялық тексерулер мен шағын инвазивті операциялар жүргізіледі. Бұл тәсіл қатерлі ісікті ерте кезеңінде анықтап, оның әрі қарай дамуына жол бермей, пациенттерге седация жағдайында қауіпсіз әрі ыңғайлы процедураларды ұсынады.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев жаңа орталықтың маңыздылығын атап өтіп, өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған шаралар жалғасатынын айтты.
Әкім тарапынан облыстың шалғай аудандарының тұрғындарын скринингтік тексерумен қамту маңызды екені де айтылды. Биыл Катонқарағай ауданында, Маралдыда әйел адамдарды скринингтен өткізу басталған. Аймақ басшысы ауылдықтарды осындай бағдарламалармен таныстыру, олардың назарын өз денсаулықтарына қарауға аудару аса маңызды екенін алға тартты.
Өз кезегінде еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова Қазақстанда колоректальды обырды ерте анықтауға ерекше назар аударылып, осы бағытта маңызды қадамдар жасалып жатқанын айтты.
Бұдан былай пациенттер тіркелген жері бойынша емханада скринингтің бірінші кезеңінен – гемокульт-тесттен өтеді, ал оң нәтиже болған жағдайда скринингтік колоноскопия жүргізу үшін эндоскопиялық сараптама орталығына жіберіледі. Бұл ішектің қатерлі ісіктерін ерте диагностикалауға мүмкіндік береді.
Колоректальды обыр – Шығыс Қазақстанда және бүкіл елде жетекші онкопатологиялардың бірі. 2024 жылдың 11 айында ШҚО-да КРО 252 жаңа жағдайы анықталды. 52 мыңнан астам адам королектальды обырды ерте анықтауға скринингтен өтті, олардың 176-сында әртүрлі қатерлі ісік аурулары анықталды, 23 пациентте дәрігерлер қатерлі ісіктерді анықтады.
Онкологиялық клиникадағы эндоскопиялық сараптама орталығы эндоскопиялық тексеруді қажет ететін асқазан-ішек жолдарының және басқа органдардың ауруларын дәл диагностикалауға және скринингтен өткізуге мүмкіндік беретін озық жабдықтармен жабдықталған. Орталық мамандары шағын эндоскопиялық операцияларды, соның ішінде полиптер мен аденомалар сияқты ісікке дейінгі өсінділерді тікелей процедура барысында алып тастайды. Бұл тәсіл онкологиялық ауруларды ерте анықтап қана қоймай, олардың дамуына жол бермейді, нәтижесінде пациенттердің өмір сүру ұзақтығы мен сапасы едәуір арттырады. Биыл онкологиялық орталықтың эндоскопист-дәрігерлері 3300-ден астам емдеу-диагностикалық зерттеулер мен 200 операция жүргізді, оның ішінде полипэктомия, өңешті бугирлеу және стенттеу сияқты оталар бар.
Эндоскопиялық сараптама орталығы жақын арада пациенттерді қабылдауды бастайды, бұл жоғары сапалы диагностика мен заманауи емдеу әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бүкіл ел бойынша осындай орталықтардың ашылуы денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді.
Айна Ескенқызы
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Даниил Суворов