Өскеменде «Ұрпақтар шайқасы» атты хоккей матчы өтеді
13 желтоқсанда Өскеменде «Ұрпақтар шайқасы» атты жаңажылдық хоккей матчы өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ерекше форматтағы хоккей тойы жергілікті Түнгі хоккей лигасының және «Торпедо» хоккей клубының мұрындық болуымен ұйымдастырылады.
Бұл күні Борис Александров атындағы Спорт сарайына жиналған жұрт мұз айдынға шыққан Талғат Жайлауов, Вадим Краснослободцев, Максим Худяков, Николай Заржицкий, Виталий Колесник, Вадим Рифель сияқты белгілі қазақстандық хоккейшілердің өнерін тамашалай алады. Бұл туралы іс-шараның басы-қасында жүрген Түнгі хоккей лигасының басшысы Ерлан Можанов мәлім етті.
Мерекелік іс-шара алдында, дәлірек айтсақ сағат 16:30 бен 18:20 аралығында Спорт сарайының Шығыс фойесінде жанкүйерлерге арналған фотосессия ұйымдастырылады. Бұдан соң кезек матчтың өзіне де келіп жетеді. Кездесу кезеңдері арасында ұтыс ойындары, мәнерлеп сырғанаушылардың қойылымдары, мұздағы хоккей фристайлы сияқты қызықты іс-шаралар өтеді.
Ал матч аяқталғаннан кейін барлық жанкүйер мұз айдынына шығып, матч қатысушыларымен суретке түсе алады. Осы ретте ойынға кіру ақылы болатынын айтқан жөн. Ұйымдастырушылар хабарлағандай, билет құны ересектер үшін де, балалар үшін де 500 теңге болады.
Нұржан Кенжеұлы