KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

«Ауыл аманаты» бағдарламасы: ШҚО-дағы ауыл шаруашылығына қолдау

Фото: pexels.com

10.12.2024, 15:30 72 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында жүргізіліп жатқан өзгерістер ауыл шаруашылығының дамуына серпін беруде. Аудандағы Ақжар ауылының қайтадан аудан орталығы статусын алуы өңірдің экономикалық белсенділігін арттырды. Бұл ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлері мен шаруашылықтарына зор қолдау көрсетуде.

Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауылындағы «Ақдидар» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі осы бағдарламаның арқасында ұсақ мал өсіру саласында жетістікке жетті. Кооператив төрайымы Индира Калитова мал шаруашылығының ауылдық жерлердегі негізгі тірек екенін атап өтті.

«Ата-бабаларымыз мал шаруашылығын негізгі кәсіп ретінде дамытып, оның маңызын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Бүгінгі күні біз осы дәстүрді жалғастырып, ауыл шаруашылығын жандандырудамыз. Бұл қиын жұмыс болғанымен, оның нәтижесі зор», – дейді Индира.

Ауыл шаруашылығы – ата кәсіптің негізі

Қазақстанда ауыл шаруашылығы ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Тарбағатай ауданының тұрғындары ата-бабаларынан қалған кәсіпті дамытуға бар күшін салып отыр. Шығыс өңірінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде субсидиялау бағдарламалары және жеңілдетілген кредит беру бағдарламалары іске қосылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы малшыларға жеңілдетілген несие беру арқылы олардың жұмысына үлкен қолдау көрсетеді. Мысалы, «Ақдидар» кооперативі осы бағдарлама бойынша 27,6 миллион теңге көлемінде 2,5% мөлшерлемемен 5 жылға несие алып, 600 бас қой сатып алған.

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлерде кооперативтер құруға және оларды дамытуға бағытталған. Кооперативтер ауыл тұрғындарын біріктіріп, ортақ мүдде аясында тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Индира Калитова кооперативті басқаруда тәжірибесі мен білімін пайдалана отырып, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс орындарын ұсынады.

- Біз өз ауылдарымыздың құлдырап кетпеуін қалаймыз. Шекаралық аудандардағы ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысып, ауылды дамытып, өздерінің тұрмыс жағдайларын жақсартуға тиіс. Бұл – ел экономикасына да, ауыл тұрғындарының болашағына да тиімді шешім. Біріншіден, сауда саласында өз күшімізді сынап көрдік, қалада тұрып. Кейін ойландық: неге басқа адамдардың тауарының саудасымен айналысқанша, өзіміздің тауарымызды өндірмеске? Әсіресе ауыл балалары еңбекке өте бейім болып өседі, ата-аналарына көмек көрсетеді. Ең жақсы нәтиже сол жұмыспен айналысатын адамнан шығады, өйткені ол өзі білетін, көрген, істеген іске қайта оралады, – дейді Индира Калитова.

Жергілікті тауар өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларын қуана-қуана пайдаланады. Мысалы, ЖК Манасова «Ауыл аманаты» жобасына суық және ыстық ысталған балықты өндіру және өңдеу цехын ашу жөнінде өтінім берген.

Тағы бір оң мысал – Серебрянка қаласының тұрғыны Айжан Қасенова кір сабын өндірісін жолға қойды. Өз ісін дамытуға ол 400 АЕК көлемінде грант алды.

- Мұның бәрі сабын жасаудан басталды. Кейінірек сабын өндірісімен шұғылдану идеясы келді. Біздің өңірде бұл бағытта бәсекелестік жоқ, - деп бөлісті ол.

Жаңа өндіріс нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындарды, атап айтқанда ауылдық жерлерде жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Серебрянск қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айжан Қайсенова мемлекеттің қолдауының арқксында қайтарымсыз гранттың иесі атанып, сабын шығаруды қолға алған болатын. Кәсібінің жемісін көріп отырған көп балалы ана, бүгінгі көрме-жәрмеңкеге өз өнімін алып келді.

- Мен көп балалы ана ретінде, қайтарымсыз гранттың иесі атанып, өз кәсібімді ашуға мүмкіндік алдым. Қазіргі таңда шаруашылық сабынын жасап шығарамыз. Сапасы өте жоғары. Әзірге цехта екі адам жұмыс істейміз. Осы орайда кір сабынның күнделікті  тұрмыста ең қажетті зат екенін ескерсек, оған деген сұраныстың артары сөзсіз. Алдағы уақытта өнімнің көлемін арттыру жоспарда бар,- деді жеке кәсіпкер Айжан Қайсенова.

Серебрянск қаласында «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесіне арнайы барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, аудан кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес иелеріне мейлінше қолдау көрсетіп, кәсібін дамытуға қолайлы жағдай жасап жатқанын және жеңілдетілген несие алу үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалалар арқылы несие алуға бағыт-бағдар берді. Әрқашанда жергілікті өндірушілерге қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Тұрғындар несиелік қаражаттарын тамақ өндірісіне салып жатыр

Ұлан ауданында ауыл шаруашылығы өнеркәсібі өркендеп келеді. Қазіргі күні ауданда осы салада 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аудандағы «AGRO Vostok LTD» ЖШС  ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу  фермасының құрылысын жүргізіп жатыр. Құны 1,1 млрд. теңге болатын жаңа өндіріс нысаны  2025 жылы іске қосылмақ.  «Украинка»  шаруа қожалығында роботталған ферма салынуда.  Салынып жатқан инвестициялық қаржы көлемі -1,6 млрд. теңге. «Агрокешен Донское» ЖШС Донское ауылында   1,5 га егіс алаңы бар жылыжай кешенін салып жатыр. Жоба құны 500,0 млн. теңге. Құрылысы 2019 жылы басталған жылыжай кешенін жыл соңына дейін салып бітіру жоспарланып отыр.

Ұлан ауданында  «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша несие алып жатқан ауыл тұрғындарының да көпшілігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін өндірістер ашуға ниеттеніп отыр. 2024 жылға аудан бойынша несие алуға жалпы сомасы 1,3 млрд.теңгенің 135 өтінімі дайындалған. Тұрғындар несие қаражатын сүт өнімдерін өңдеуге, макарон цехын ашуға, тұшпара цехын кеңейтуге, көкөністер өңдеуге, туризмді дамытуға және ауыл шаруашылығы жануарларын, техникаларын сатып алуға жұмсамақ.

Ауданда 2023 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 20 адам  153,0 млн.теңгенің  несиесін  алған.

Ара шаруашылығын қолдауға 714 млн теңге бөлінді

Былтыр еліміздегі бал экспорты 4 есеге жуық өсті. 2022 жылы қазақстандық омарташылар 58 тонна бал экспорттаса, 2023 жылы 220 тоннадан астам балды шетелге жөнелтті. Қазақстан балын Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Қытай, Қырғызстан мен Ресей сатып алды.

Бал өндірісінде де өсім бар. 2022 жылы омарташылар шамамен 4 мың тонна бал алды. Ал одан бір жыл бұрын 300 келіге аз өндірілген. Бал өндірісінің негізгі үлесі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай, Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына тиесілі.

Былтырдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша омарта шаруашылығын дамытуға жеңілдетілген несие беріледі. Несиенің ең жоғары сомасы – 29,5 млн теңге. Өткен жылы Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 12 омарта шаруашылығы 80 млн теңгеге жуық несие алды.

Сондай-ақ отандық омарташылар жүргізетін селекциялық және асылдандыру жұмыстарын субсидиялау көзделген. Бұл жерде әр ара ұясына 5 мың теңгеден төленеді. Былтыр осы мақсатта 509 млн теңге, ал биыл 714 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Ауыл шаруашылығының маңыздылығы Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы бағытта маңызды қадам болып табылады. Ауылдағы әрбір кәсіпкер мен шаруаның табысты жұмыс істеуі ауылдық жерлердің көркеюі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді.

Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған мал шаруашылығы – ауыл өмірінің негізі. Оны дамытып, заман талабына сай жаңғырту әрбір азаматтың міндеті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы сияқты бастамалар ауыл тұрғындарына мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруде. Бұл бағдарлама тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, елдің рухани және мәдени байлығын сақтауға да үлкен үлес қосады.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу