Өскеменде күрес түрлерінен облыс әкімінің жүлдесі үшін жарыс өтіп жатыр
Өскеменде Тәуелсіздік күніне орай облыс әкімінің жүлдесі үшін еркін, грек-рим және қыздар күрестерінен аймақтық жарыс басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жекпе-жек сарайында жалауын желбіреткен байрақты бәсекеге Шығыс Қазақстанның аудан-қалаларынан 2008 бен 2013 жылдар арасында туған 200-ге жуық спортшы қатысуда. Бұл жарыстың тағы бір ерекшелігі, турнир командалық форматта өтуде. Ал мұндайда бір ғана спортшының емес, тұтастай команданың дайындығы шешуші рөлге ие болады. Бұл туралы жарыстың басы-қасында жүрген облыстық еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Мұзапаров айтты.
Осы ретте, Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ермек Көшербаевтың өзі де келіп қатысты. Жарыс алдында аймақ басшысы спорт саласының ардагерлерімен кездесіп, оларды келе жатқан мейрамдармен құттықтады. Бұдан соң жарыс қатысушыларына да сәттілік пен жеңіс тіледі.
Аймақ басшысы айтқандай, бұл жарыста, шынымен де жеңілген балуан болмайды. Олай дейтініміз, Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқан доданың ұйымдастырушылары қатысушыларға тамаша бір сыйлық дайындап қойыпты. М.Мұзапаровтың сөзіне сенсек, биылғы турнирге қатысқан барлық спортшы демеушілер атынан ақшалай сыйлықтарға ие болмақ.
Нұржан Кенжеұлы