Медициналық сақтандыру қорын жоғары аудиторлық палата тексерді
фото: zh-shugylasy.kz
Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бес филиалының, олардың ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар, 2022-2023 жылдардағы қызметін тексерді. Тексеру барысында 3,8 трлн теңгенің жұмсалуы мен 770 млн астам медициналық қызметтің көрсетілу сапасы қамтылды. Қор өкілдері Жоғары аудиторлық палатаның тексеру қорытындыларымен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоғары аудиторлық палата тексеру барысында 2022 жылы Ұлттық қор қаражатының 12,7 млрд теңгесі, 2023 жылы 0,5 млрд теңге игерілмегенін анықтады. 2022 жылы қаржы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі бойынша бұйрықтың кеш қабылдануына байланысты игерілмесе, 2023 жылы 12 ауданаралық аурухана бойынша төлем әдістемесінің өзгеруіне және оны ақпараттық жүйелерде кеш орнатуға байланысты орындалмаған. Бұл қаражат бюджетке толық көлемде қайтарылды.
Сонымен қатар екі жеткізушінің жеке қызмет түрлеріне лицензиясының жоқтығы белгілі болды. Алайда Қор өкілдерінің айтуынша, коммерциялық емес ұйым ретінде олар лицензияның бар-жоғын тексере алмайды, бұл басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне кіреді.
Стоматологияларға анестезия үшін тарифтен тыс қаражат төленген. Бұл жағдай ақпараттық жүйелердегі форматты-логикалық бақылаудың бұзылуына байланысты орын алған. Қор 80-нен астам форматты-логикалық бақылауды дайындады, олар адами факторды төмендету арқылы қызметтер мониторингінің тиімділігін арттыру үшін қазір кезең-кезеңімен енгізілуде.
Анықталған бұзушылықтардың тағы бірі - шетелге тұрақты тұруға кеткен адамдарды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бұл мәселе ақпараттық жүйелерді интеграциялау және тұрақты тұруға кеткен және жеке басын куәландыратын құжаттарды тапсырмаған адамдарға қатысты көші-қон тәртібін реттеу бөлігінде мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын талап етеді.
Қордың басымдықтары – ашықтық, есептілік және корпоративтік тәуекелдерді енгізу. Мұндай саясат қаржылық бұзушылықтар санын азайтуға ықпал етері сөзсіз. Оның дәлелі - Жоғары аудиторлық палатаның ағымдағы тексеру нәтижелері бұзушылықтар алдыңғымен салыстырғанда аз екенін көрсеткен.
Қор өкілдері жоғары аудиторлық палата ұсынған ұсыныстарды орындайтындарын айтты.