800 мектеп кітапханасы модернизациядан өтіп, кітап қоры жаңартылды

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Елімізде 800 мектеп кітапханасының модернизациясы аяқталып, 280 мыңнан астам бала жаңартылған ресурстарға қол жеткізді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту 1000 ауыл мектебін модернизациялау бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.
Бұдан бөлек, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханаларын дамыту және оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда мектеп кітапханаларының қорына 1,6 миллион дана көркем әдебиет қосылып, жалпы кітап қоры 141 миллионнан асты.
Сондай-ақ мектеп кітапханашыларының біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы 1 775 маман арнайы курстан өтті, оның ішінде 1 239-ы мектеп кітапханашысы, 536-сы колледж кітапханашысы. Бұл шара кітапхана қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеріп, олардың жұмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.