KZ
Өскемен
-23°
плотный туман Штиль
499.76 521.7 5.63

Самар ауданында марал шаруашылығын ашу көзделіп отыр

19.02.2025, 12:10 302 Төлеуғазы Жансая

Самар ауданында туризмді дамыту аясында марал шаруашылығын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ пантоемдеу қызметі бар пансионат жұмысын бастайды. Бұл туралы ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Әбілғазыұлы айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі

Оның айтуынша, бұл шаруашылық тек марал өсірумен ғана емес, жалпы мал шаруашылығымен де айналысады. 

– "Almas UK" ЖШС Самар ауданында ірі қара мал, ұсақ мал және марал өсірумен айналысуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар сүт және ет өнімдерін өндіру жолға қойылады. Қазіргі уақытта қажетті құжаттарды рәсімделуде. Жоспар бойынша 200 бас марал, 300 бас ірі қара және 300 бас ұсақ мал сатып алу көзделген. Сондай-ақ 30-дан астам тұрақты және 50 уақытша жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның ерекшелігі – туризмді дамыту мақсатында пантоемдеу қызметі бар пансионат ашылып, жыл бойы жұмыс істейтін болады. Бұл біздің ауданға туристер ағынын арттырып, өңір экономикасына пайда әкеледі. Жалпы, бұл жоба біз үшін өте маңызды, – дейді Бауыржан Әбілғазыұлы. 

Шаруашылықтың іске қосылуы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға жақсы мүмкіндік беріп, аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосады. 

Марал өсіру Самар ауданы үшін таңсық емес. Бұрын бұл жерде осындай шаруашылық болған. Алайда белгілі бір себептермен алдыңғы иесі оны жабуға мәжбүр болды, нәтижесінде инфрақұрылым құлдырап, қоршау материалдары талан-таражға түсті. Бір кездері бұл шаруашылық кеңінен танымал болған еді, ал жергілікті тұрғындар оның жабылғанын өкінішпен еске алады. 

– Шынында да, өз уақытында бұл марал шаруашылығы жақсы дамыған еді. Мен ол жерде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Біз 30-ға жуық адам болдық. Шаруашылықта 6 қоршаулы парк болған, қазір соның екеуі ғана сақталған. Мұнда күніне 60 адам қабылдайтын санаторий де жұмыс істеді. Марал саны 1200-ден асатын, ал Самар ауданы олардың саны бойынша Шығыс Қазақстан облысында көшбасшы болатын. Қазір бұл қаңырап қалған шаруашылыққа қараудың өзі ауыр. Менің ойымша, жұмысты биыл-ақ бастауға болады – екі парк сақталды, бұл бастапқы кезең үшін жеткілікті. Оның үстіне, ауылымызда жұмыссыз жастар көп, бұл олар үшін тамаша мүмкіндік болар еді, – дейді Шұбарқайын ауылының тұрғыны Ержан Байзақов. 

Айта кетейік, жақында аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтарының иелері бос жатқан жайылымдарды шөп шабуға пайдалану туралы ұсыныс жасаған. Алайда аудандық жер қатынастары бөлімі бұл әрекеттің заңсыз екенін мәлімдеді. 

– Шығыс Қазақстан облыстық сотының Самар ауданының арнайы жер қорына жер телімін қайтару туралы шешіміне сәйкес, бұрын "Мараленок" ЖШС-не тиесілі болған жалпы аумағы 5232,0 гектар жер аудан иелігіне қайтарылды. ҚР Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, тиісті құжаттарсыз және белгіленген шекараларсыз жер учаскесін пайдалануға тыйым салынады, — делінген жер қатынастары бөлімінің ресми жауабында. 

Қорытындылай келе, жаңа шаруашылықтың іске қосылуы өңір үшін маңызды оқиға болатынын атап өткен жөн: жаңа жұмыс орындары ашылады, туристер саны артады, ал аудан бюджетіне қосымша кіріс түседі. Бұл үшін инвесторлардың қолдауы мен жаңа өндірістерді құру аса маңызды.

Ержан Әбіш

Фото: редакция мұрағатынан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу