Феклистовкада 4G интернет қосылды (видео)
Шығыс Қазақстан облысында ауылдар мен шағын қалаларды интернетпен қамту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінде өңірдегі 357 елді мекеннің 218-і интернетке қосылған, ал қалған 139 ауылға кезең-кезеңімен желі тартылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жақында бұл мүмкіндік Алтай ауданына қарасты Феклистовка ауылына да жетті. Ауыл тұрғындары үшін 3G/4G желісін қамтитын жаңа базалық станция орнатылып, интернет жылдамдығы 86,9 Мбит/с-қа дейін жететін болды. Бұл жұмысты «Кар-Тел» ЖШС (Beeline бренді) өз қаражаты есебінен жүзеге асырды. Жоба аясында арнайы антенна-мачталық құрылым орнатылып, электр желісі тартылды. Сондай-ақ Tele2 және Kcell/Activ операторларының байланысын ортақ пайдалану (шеринг) мүмкіндігі қарастырылуда.
Бұдан бөлек, интернет сапасын жақсарту жұмыстары Серебрянск қаласында да атқарылды. Мұнда биыл 14 наурызда биіктігі 17,5 метр болатын 3G/4G стандартына сай антенна-мачталық құрылым техникалық тұрғыдан іске қосылды. Ол Некрасов көшесінің жоғарғы бөлігінде орнатылып, қала аумағында байланыс сапасын арттыруға және «ақ дақтарды» жоюға мүмкіндік берді.
Жаңа интернет желісінің қосылуы ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы білім, медицина, онлайн қызметтер мен бизнес жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтпек. Өңірде интернет сапасын жақсарту жұмыстары әлі де жалғасады.