Маңайын мейірімге бөлеген меценат
Фото: gov.kz
Еңбегі арқылы елге есім-сойы танылып, аты шыққан жандар көп. Елге қадірлі есіміңді асқақтатып, абырой мен атақты арқалап жүру үшін де үлкен азаматтық керек. Сондай жандардың бірі – генерал-майор, белгілі меценат, қасиетті қағбаға кірген қажы Мұрат Телебаев ағамызбен сұхбат құрған едік.
– Бүгінгі жетістігіңіздің бастауы бала күнгі тәрбиеден деуге бола ма?
– Иә, мен бес жасымда жетім қалдым. Сондықтан да болар өмірге деген бөлек көзқараспен өстім. Өмір өзі еңбекке баулыды, алға жетеледі. Мен 1947 жылы 6 шілдеде Семей облысы Жарма ауданына қарасты Николаевка ауылында дүниеге келдім. Кейін Өскемен қаласындағы № 27 орта мектепті бітіріп, Зайсан қаласында қызмет атқардым. Жұмыс істей жүріп білім алуды жалғастырдым. Сол кезде бурмастерлер курсында оқып, осы сала бойынша еңбек еттім. Жалпы үнемі ізденіс үстінде жүретін адаммын.
– Әскери қызметке қалай бет бұрдыңыз?
– Мен әскери борышымды 1966-1969 жылдар аралығында Волгоградта өтедім. Волгоград полктік мектебінің курсанты бола жүріп, Германияда және Чехословакияда болған жарияланбаған соғыстарға қатыстым. Демобилизациядан кейін «Динамо» спорт қоғамында қоян-қолтық ұрыс бойынша нұсқаушы болып жұмыс істедім. Ал 1969 жылы ІІМ органдарына қызметке орналастым. КСРО ІІМ мектебіне оқуға түсіп, кейін КСРО ІІМ Академиясын бітірдім. ІІМ органдарында подполковник атағына дейін қызмет атқарып, отставкаға шыққаннан кейін облыстық тұтынушылар одағы заң бөлімінің басшысы, білім беру жүйесінде әскери даярлық басшысы болып жұмыс істедім. Осылай әскери қызметте біраз жыл еңбек еттім.
– Әскери қызмет барысында есіңізде естелік болып қалған қандай жағдайды айтар едіңіз?
– 1978 жылы жазда Өскемен қаласындағы ОВ 156/3 күшейтілген режимдегі колониясынан аса ауыр қылмысы үшін 14 жылға сотталған адамның қашып кеткені хабарланды. Ол колония қызметкерлерінің сеніміне жақсы электрик ретінде кіріп алған екен. Алдын ала құрылғы жасап, жоғары вольтты электр желісі арқылы қашып шыққан. Қылмыскердің Қытайға қашпақшы болғаны белгілі болды. Сол 1978 жылы КСРО мен ҚХР арасында жағдай шиеленісіп тұрған. Егер қылмыскер ҚХР-ға қашып кетсе, онда халықаралық жанжал болар еді. Осы қылмыскерді ұстап, еңбегімнің жоғары бағаланғаны есімде қалыпты.
– Бұл саладағы еңбегіңіз бағаланды ма?
– Иә, бағамды алып, бағым жанған адаммын. Киокушинкай каратэ бойынша қоңыр белбеу иегерімін. Армиялық қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо және гір спорты бойынша спорт шеберіне үміткер болдым. Ал 2014 жылы БҰҰ-ның Шығыс Қазақстан аймағы бойынша бақылаушысы ретінде генерал-майор шенін алдым. Бұдан бөлек мерекелік медальдар мен марапаттар баршылық, оның барлығын санап отырудың қажеті шамалы. Айтпақшы, өткен жылы әкімдікке бір жиынға барғанымда кеудемдегі Бауыржан Момышұлы атындағы «Отан қорғаушы» медалін «Қызыл жұлдыз» орденімен шатастырып көрген біреулер бірталай сөз қылыпты. Бұл «Қызыл жұлдыз» орденін қалай алды деген ғой. Өз басым атақты сұрап алған адам емеспін. Жалпы айтқанда марапаттан кенде емеспін.
– Кәсіпкерлік салада да біраз жетістікке жетіпсіз?
– Иә, сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырауында Өскемен қаласында жұмыссыз қазақтар көп еді. Сол кезде азық-түлік сататын толайым сауда базарын аштық. Қазір мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Содан бері қарай қарттар үйлері мен балалар үйлеріне, ерекше қажеттіліктегі адамдарға, тұрмысы төмен отбасыларға, спортшылар мен спорттағы дарынды балаларға тұрақты түрде қайырымдылық жасап, көмектесіп келеміз. Кәсіпкерлік қызметпен бірге аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласамын. Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңестің төрағасы, ШҚО жергілікті жарияланбаған соғыстар ардагерлері кеңесінің құрметті мүшесі, ШҚО дін істері жөніндегі кеңесінің мүшесі, ШҚО ақсақалдар кеңесінің мүшесімін.
– Дін жолында да көп қызмет етіпсіз.
– Иә, дінге ғана емес, жалпы ұлтқа, ел мен жерге қызмет етуді мақсат еткен адаммын. Облыстық мешіттің құрылысына және ескі қалалық мешіттің жөнделуіне көмек көрсеттік. Сондай-ақ 2015 жылы Асубұлақ кентінде мешіт салып, ҰОС қатысушыларына ескерткіш орнатуға демеушілік жасадық. Асубұлақ кентіндегі спорт кешенін ұстауға, мектепке, тыл еңбеккерлеріне және халықтың тұрмысы төмен топтарына көмек көрсетіп келеміз. Бірнеше рет қажылыққа барып, қағбаға кірген санаулы қазақтың бірімін. Елім еңбегімді бағалап 2011 жылы «Облыс кәсіпкерлері арасындағы үздік меценат» деп таныды. Ал 2017 жылы «Ұлан ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бүгінгі таңда осы абырой биігінен түспесем деген мақсатта елге қызмет етіп келемін.
– Ісіңіз ілгері, абыройыңыз асқақ болсын!