KZ
Өскемен
+1°
туман жел 3 м/с, Ю
494.87 520.65 4.91

ШҚО-да жыл басынан бері 700- ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелді

4.12.2023, 09:32 1 202 Ләззат Қанатқызы

Қазақстанда қазір интернет алаяқтығына тыйым болмай тұр. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың он айында 13746 интернет-алаяқтық тіркеліп, 13 мыңнан астам адам зардап шеккен. Технология дамыған сайын, оның тілін мықты меңгерген әккілердің құрығы ұзарып барады. Алдап-арбау әдіс-тәсілдері де күн санап мың құбылуда. Сол үшін де интернет-алаяқтық – ең көп тараған қылмыстардың бірі болып табылады. Киберқылмыскерлердің құрбаны болғандар қатарында шығысқазақстандықтар да жоқ емес. Алаяқтардың көп тараған арбау әдістері қандай? Олардан қалай сақтануға болады? Алдын-алу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін ШҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының   аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Қанат Ахметсафинмен сұхбаттасқан болатынбыз.

 1. Интернеттің дамыған заманында кибершабуылдар да көбейіп келді. Олардан қалай қорғану керек? .

Тұрғындар алаяқтардың жымысқы әрекетіне тап болмас үшін бірнеше қарапайым ережелерді сақтау қажет. Біз халықты құлақтандыру үшін бұл ережелерді үнемі еске салып отырамыз. Атап айтсақ:

- Ең алдымен кез келген смартфонға антивирус орнатылуы  қажет. Ол сіздің телефоныңызды тексерілмеген сайттардағы зиянды ақпараттардан қорғайды;

- Қандай қосымша болмасын тек ресми көздерден (Play Market, Uppstor) орнатыңыз.

- Ешкімге және ешбір жағдайда өзінің жеке деректерін хабарлауға және беруге болмайды – ЖСН, карточка нөмірлерін, Пин-кодтар мен СМС-тер және де карта ішкі жағындағы 3 таңбалы нөмірді.

- 2 аптада бір рет онлайн-банкингтердегі құпия сөздерді өзгертіп отыру керек.

- Телефонға келген СМС-кодтарды міндетті түрде өшіріп отырыңыз және бөгде біреуге айтпаңыз.

 

2. Біздің облыста жыл басынан бері қанша дерек тіркелген, нақты статистика келтіре аласыз ба?

Ағымдағы  жылдың басынан бері облыс аумағында интернет желісін пайдалану арқылы жасалған қылмыстардың 700-ден астам фактісі тіркелді. Алайда, өткен жылмен салыстырғанда алдын алу шараларының арқасында зардап шегушілер қатары азайғанын байқаймыз. Интернет алаяқтықтың басқа қылмыстардан ерекшелігі – территориялық шектеу жоқ. Оның қашан ашылатындығы, қылмыстың қай жерде болғанын анықтау ұзақ мерзімге созылады. Себебі өзге мемлекетте отырып та өз жымысқы ойын іске асырғысы келетіндер бар. Оны іздеу ұзаққа созылады.

3. Осы кибершабуылдың алдын алуға үшін қандай шаралар қолға алынған? 

Қазіргі уақытта қылмыстың осы түрлерімен күресудің ең тиімді жолы – профилактикалық іс-шаралар болып табылады.

Полиция департаменті атқарушы қызметтермен бірлесе отырып, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және алдын алу мақсатында облыс тұрғындары арасында кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Халық өмірінің барлық салаларымен өзара іс-қимыл жолға қойылып, бір мезгілде ШҚО ПД базасында осы қылмыс түрлерін ашуға және тергеуге бағытталған "Киберпол" соққы нысаналы тобы құрылды. Сондай-ақ, "Киберпол" базасында бірлескен ауқымды қызмет үшін кибер-волонтерлар жинауда.

4. Адамдар онлайн алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда ең алдымен қайда шағымдануы керек?

Адам алаяқтың құрбанына айналып, қаржысынан айырылып қалған болса бірінші кезекте «102» арнасына дереу хабарласып, шағымдануы керек.  Содан кейін банктің сенім телефонына қоңырау шалу қажет. Ал егер ақша әлі де шотта сақталған болса, оны бұғаттап, телефонды авиарежимге қойып, полиция қызметкерлеріне хабар беру керек.

5. Құқық қорғау органдары тарапынан жұмыс жасалып жатсада, алаяқтардың арбауына түсетінлер азаймай тұр. Бұған не себеп?

Иә, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығына қарамастан, зардап шеккендер санының әлі де болса салмағы бар. Кей азаматтар мүлде хабардар болмауы мүмкін, ал кейбірі интернеттегі алаяқтық әдістерін біле тұра алданып қалады. Кибершабуылға тап болғандардың көбі олардың телефонмен тым сенімді сөйлесетінін және өздерінің қобалжып қалғанын айтады.

 

6. Алаяқтықтың кең тараған түрлері мен арбау әдістері қандай?

 «Банк қызметкерлері» атынан қоңырау шалып, жәбірленушінің атына немесе шоттарына күмәнді операциялар жүргізіліп жатқандығы туралы сендіреді. Қысым жасап, асықтырып, тез шешім қабылдау керектігін айтады. Абыржыған адам өз жеке деректерін бірден айтып беруі мүмкін. Кейде ЭниДеск, ТимВивер, ХопТуДеск, Кенгуру сияқты түсініксіз қосымшалар орнаьуды өтінеді. Осылайша олардың аттарына несие рәсімдейді.

Екінші әдіс - алаяқ өзін құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырады. Сіздің жақын туысқаныңыз апатқа ұшырағанын айтып, мәселені шешу үшін белгілі бір қаражат керек екенін айтады. Ондай сәтте жәбірленуші алаяқтың айтқан сомасын лезде салып жібереді.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін, ешкімге және ешбір жағдайда өзінің жеке деректерін беруге болмайтынын тағы бір еске саламыз. Егер өзін құқық қорғау органдарының қызметкері қоңырау шалса олар сізде іс материалымен танысу үшін полиция бөліміне шақыруы керек. Сондықтан мән-жайды білмей жатып аударым жасаудан аулақ болған жөн.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу